Қоғамдық қабылдауда 41 азаматтың сұрағына жауап берілді

0 0

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен қолға алынған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы ауданымызда іске асуда.

Апта бойы аудан әкімі Рүстем Дәулет бастаған бірқатар мекеме және ұйым басшылары аудан бойынша қоғамдық қабылдаулар өткізуде.

Қоғамдық қабылдау Қаракемер ауылдық округте жүргізіліп, ауыл тұрғындары көтерген сұрақтарына жауап алып, проблемаларын шешу мүмкіндігіне ие болды. Осындай кездесулер Масанчи, Сортөбе, Ауқатты ауылдарында өтті. Дүйсенбі күні қоғамдық қабылдау Қарасу ауылында ауылдық әкімдік маңындағы саябақта өтті. Ауыл тұрғындары арқалап келген сұрақтар қатарында жолдарды жөндеу, көшені жарықтандыру, сумен қамту, тұрғын үй құрылысына жер бөлу, мобильды Интернет сапасын жақсарту секілді мәселелер болды. Бірқатар сұрақтарға түсіндірулер берілсе, бірқатары аудан әкімінің бақылауына алынды.

– Бүгін мен жеке сұрақпен келдім. Аудан әкімімен көзбе-көз сөйлестім, көмектесемін деп уәде берді, — дейді Қарасу ауылының тұрғыны Дәулет Абықаев. — Мемлекет басшысының бастамасын қолдаймын. Аудан басшылығы келіп, тұрғындарға көмектескені қандай жақсы. Биыл ауылымыз газдандырылмақ, ауылішілік жолдар жөнделуде. Жағдай жақсарып келеді. Мемлекет басшысына, аудан және облыс басшылықтарына рахмет.

— Бүгін Қарасу ауылында айтуыл оқиға орын алуда, — дейді Өтеген ауылының тұрғыны Айдарбай Битанов. – Ауданның жауапты азаматтарының бәрі бір жерге жиналып, туындаған мәселелерді алға тартып, оларды шешуге мүмкіндік бар. Игі бастама үшін Мемлекет басшысына алғыс айтамын.

Қоғамдық қабылдау кешке дейін жалғасты. Қауіпсіздік пен тәртіп құқық қорғау органдарының өкілдерімен қамтамасыз етілді.

Бұл күні қоғамдық қабылдауға 41 адам келіп, 38 сұрақ бойынша түсіндіру беріліп, 3 сұрақ бақылауға алынды. «Колхоз» аумағы бойынша өткізілген қоғамдық қабылдауларға жалпы 523 адам келіп, 482 сұрақ бойынша түсіндіру беріліп, 41 мәселе бақылауға алынды.

Серғазы Манасбаев

Leave A Reply

Your email address will not be published.