«Қоғамдық келісім» мекемесіне – жаңа басшы

0 27

Қазақстан Республикасы Президенті әкімшілігінің тапсырмасы негізінде облыс әкімі, облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының төрағасы Бердібек Сапарбаевтың шешімімен және облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасының бұйрығымен Парида Иманжанқызы Мамедова облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасының «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің басшысы қызметіне тағайындалды. Мекеменің жаңа басшысын Тараз қаласындағы «Достық» үйінде өткен басқосуда облыс әкімінің орынбасары Ержан Жылқыбаев таныстырды.

– Қазіргі қоғам ел бірлігін сақтау, тұрақтылықты, ұлтаралық татулықты нығайтуды, осы бағытта жаңаша, жаңа көзқараста жұмыс жүргізуді талап етіп отыр. Сондықтан да былтыр ҚР Президенті Әкімшілігінің тапсырмасымен «Қоғамдық келісім» коммуналдық мемлекеттік мекемесі облыс әкімдігі аппаратынан облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасына өткен болатын. Сол кезде аталған мекеменің құрылымы, кейбір бағыты қайта қаралып, бірқатар жұмыстар мен міндеттерді жүргізу қолға алынған еді. Нәтижесінде өткен жылы салада ауыз толтырып айтарлықтай жұмыс атқарылып, бірқатар ірі жобалар жүзеге асты. Атқарылған жұмыстардың нәтижелі болуына «Қоғамдық келісім» мекемесі ұжымының, әрбір этномәдени бірлестік мүшелерінің қосқан үлесі зор. Алдағы уақытта өңірдің әр елді мекеніндегі халықтың тыныс-тіршілігін саралау, тұрғындарды қандай мәселелер толғандыратынын зерделеу секілді атқаратын шаруалар көп. Осы уақытқа дейін сіздермен қоян-қолтық жұмыс істеген Рано Убайдуллаеваға айтар алғысымыз шексіз. Енді осы қызметке Парида Мамедова тағайындалды. Жаңа басшы сенім үдесінен шығады деген ойдамыз, – деген Ержан Жұматұлы ұлтаралық татулық пен келісімді сақтау және нығайтуға бағытталған «Бейбітшілік пен келісім» жобасын жүзеге асырудың маңыздылығын атап өтті.
Аталған жоба аясында қоғамдық-саяси ахуалды мониторингілеудің, жергілікті халықты толғандыратын өзекті мәселелерді анықтаудың және шешудің мәні зор екенін тілге тиек етіп, алда атқарылар бірқатар өзге де шаруаларға қысқаша тоқталды.
Өз кезегінде П.Мамедова да артылған жауапкершілік жүгін өз деңгейінде көтеріп, мойнындағы міндетін абыроймен атқару мақсатында ұжыммен жұмыла жұмыс істейтінін жеткізді.
П.Мамедова М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің «Философия және саясаттану» кафедрасының доценті, философия ғылымдарының кандидаты, Халықаралық ақпараттандыру академиясының академигі.
– Облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы ғылыми-сараптамалық топ төрағасының орынбасары, «Жастар зерттеу» өңір жастарының мәселелері жөніндегі ғылыми-зерттеу орталығының жетекшісі, Қазақстан саясаттанушылар конгресінің Жамбыл филиалының директоры ретінде Қазақстан халқы Ассамблеясының жұмысына уақытында белсене араластым. Бұл салада бірқатар жайттарды зерделеп, көптеген жұмыстардың атқарылуына өз үлесімді қостым. Десе де бір өзім ештеңе тындыра алмайтыным анық. Сондықтан ұжымды бірлесе еңбек етіп, жүктелген міндетті бірге еңсеру үшін күш салуға шақырамын. Маған сенім білдіріп, қолдау көрсеткендеріңіз үшін алғыс айтамын, – деді П.Мамедова.
Жиын барысында аталған мекеменің ұжымы мен этномәдени бірлестік өкілдері өз-ой пікірлерін білдіріп, кейбір мәселелерге қатысты талап-тілектерін жеткізді.

Нұрым СЫРҒАБАЕВ

Leave A Reply

Your email address will not be published.