Қоғамдық кеңестер сайлауалды бағдарламаның жүзеге асырылуына қоғамдық бақылау жүргізеді

0 19

Жамбыл облысындағы «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасын жүзеге асырудың Жол картасының орындалуын партия облыстық филиалы жанынан жаңадан құрылған 10 қоғамдық кеңес бақылайтын болады. Бұл туралы облыс әкімі, «Nur Otan»  партиясы облыстық филиалының төрағасы Бердібек Сапарбаевтың қатысумен өткен Саяси кеңесі Бюросының отырысында белгілі болды. Жиында барлық қоғамдық кеңестің құрамы, төрағалары  және ережелері бекітілді.

Саяси кеңесі Бюросын алғы сөзімен ашқан облыс әкімі Бердібек Сапарбаев өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуындағы партияның сайлауалды бағдарламасының маңыздылығына тоқталды.

– 7 негізгі басымдықтан тұратын өңірлік сайлауалды бағдарламаларды іске асырудың Жол картасын орындау әрқашан облыс әкімдігінің басты назарында. Бағдарлама жүктеген маңызды міндеттерді жүзеге асыруға менің орынбасарым Талғат Мамаев жетекшілік ететін жұмысшы топ жауапты. Бұл топқа жергілікті атқарушы органдардың басшылары, аудан және Тараз қаласының әкімдері мүшелікке өткен. Партияның сайлауалды бағдарламасын іске асыру барысы апта сайын арнайы кеңесте қаралып, ондағы өзекті мәселелерге назар аударылады. Ендігі кезекте осы жұмыстарға қоғамдық бақылау жүргізу үшін партия облыстық филиалы жанынан қоғамдық кеңестер өз жұмысын бастағалы тұр, – деді Бердібек Машбекұлы.

Бюро мүшелеріне жаңадан құрылған қоғамдық кеңестердің төрағаларын, сапалық-сандық құрамын «Nur Otan»  партиясы облыстық филиалының төрағасының бірінші орынбасары Дауыл Бейсенқұлов таныстырды.

– Бұл қоғамдық кеңестер өңірдегі партияның «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» деп аталатын сайлауалды бағдарламасының басымдықтарының өз деңгейінде жүзеге асырылуына қоғамдық бақылау жүргізеді. Жекелеген салалар бойынша қолданыстағы заңнамаларды жетілдіру, оларға өзгерістер енгізу бойынша ұсыныстар береді.

Аталған кеңестердің 127   мүшесі бар. Кеңес мүшелерінің сандық-сапалық құрамына тоқталатын болсақ, олардың 39 пайызы әйелдер болса, 21 пайызы 35 жасқа дейінгі жастардан тұрады.

Кеңестерді жасақтауда олардың мүшелігіне үкіметтік емес ұйымдардың жетекшілерін және азаматтық қоғам өкілдерін көптеп тартуға мән берілді. Бұл санаттағы тұлғалардың үлесі 26 пайызға тең. Қоғамдық кеңестердің мүшелігіне азаматтық қоғам өкілдерін көптеп тарту принципін қоғамдық кеңестердің, партияның жұмысындағы жариялылықты қамтамасыз етудің алғышарты деп тануымыз қажет. Мұнан бөлек кеңестердің құрамында ауыл шаруашылығы, кәсіпкерлік, өндіріс саласы өкілдерінің де үлесі басым.

Сонымен қатар кеңеске партияішілік праймериздің 19 қатысушысы және партия резерінен 11 адам мүшелікке өтті. Кеңес құрамдарын партияның облыстық мәслихаттағы депуттық фракция мүшелері  де толықтырды, – деді партия облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Д. Бейсенқұлов.  Өз кезегінде Бюро мүшелері кеңес төрағалары, олардың құрамы мен ережесін бекітуге бірауыздан дауыс берді.

Саяси кеңесі Бюросының отырысында партия облыстық филиалының XXVIII есеп беру-сайлау конференциясын шақыру мәселесі де қойылды. Бюро мүшелерінің ортақ шешімімен саяси маңызы зор шара  5 мамырда өтетін болып бекітілді.

Жиынды қорытындылаған облыс әкімі, «Nur Otan»  партиясы облыстық филиалының төрағасы Бердібек Сапарбаев жаңадан құрылған кеңестер зор жауапкершілік артылғанын тілге тиек етіп, олардың жұмысынан жоғары сапа мен оң нәтиже күтілетінін жеткізді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.