Қоғамдық көлік қызметі көңіл көншітпейді

0 0

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен аппараттық кеңесте Тараз қаласының тұрғындары тарапынан көтерілген өзекті мәселелер талқыланды. Ондағы өтініштердің дені қоғамдық көліктердің қызмет сапасына қатысты екендігін айтып өткен жөн.

– Қала әкіміне қоғамдық көліктің жұмысын жақсарту бойынша шаралар қабылдау тапсырылды. Әзірге бұл тапсырма орындалмай отыр. Тұрғындар жүргізушілердің көлік тізгіндеп келе жатып темекі шегетінін, автобустардың тазалығына, жүру кестесінің сақталмайтынына, көліктердің қозғалысына қатысты шағымдануда. Қоғамдық көліктер сағат 22.00-ге дейін жұмыс істейді деп жарияладық. Бірақ іс жүзінде бәрі басқаша. 19.00-ден кейін кейбір автобустар ғана қатынайды. Тасымалдаушылардың міндеттемелері бар, олар соны орындауы тиіс. Әрине барлық мәселелерді бірден шешу мүмкін емес. Бірақ, тараздықтар біздің жұмысымыздың нәтижесін қазірден сезінуі керек деп атап өтті Б.Сапарбаев.
Сондай-ақ тұрғындардың орталық және қала шетіндегі автожолдардың жағдайына наразы екендігі назарға алынды.
– Қала маңындағы аудандар­дағы жолдар көктем-күз мезгілдерінің өтпелі кезеңдерінде балшыққа айналады. Адамдар жаңа жолдардың сапасыздығына, бір жылдан кейін-ақ бұзылып жатқандығына шағымдануда. Осы орайда жол құрылысының сапасына ерекше көңіл бөліп, оған қажетті мамандарды, шетелдік компаниялар мен зертханаларды тарту қажет. Сонымен қатар бір ай бұрын салынған асфальтты коммуналдық қызмет саласының мамандары қайта қазып жатады. Бұл тұрғыда қала әкімдігі жүйелі жұмыс жүргізіп, ұтымды ұйымдастыра біліп, бюджет қаражатының желге ұшпауына жол бермеуі керек, – деп атап өтті аймақ басшысы.
Жиында көшелерді жарықтандыру, арықтарды тазалау, ашық жатқан кәріз шұңқырларын анықтау және оларды жабу, тұрғын үй құрылысының сапасы мен нормаларын сақтауға ерекше көңіл бөлу керектігі баса айтылды.
– Тұрғындар соңғы жылдары жасыл желектердің саны күрт азайғанын айтуда. Бұл орайда жауаптылар мұқият бақылап, ағаштарды заңсыз кесуге жол бермеу керек. Жасыл желектің өсімталдығын арттыру мақсатында талдарды бұтау кезінде жұртшылыққа түсіндіру жұмыстарын дұрыс жүргізу керек, – деп облыс әкімі тиісті тұлғаларға нақты тапсырмалар жүктеді.
Сондай-ақ өңір басшысы облыс орталығы мен аудандардағы сенбіліктердің сапасыз ұйымдастырылғанын атап өтті.
– Сенбілікті өткізу туралы бастама орынды. Бірақ, көзге көрінетін нәтиже жоқ. Тараз қаласы, Байзақ, Жамбыл, Жуалы және басқа да аудандарда сенбілік ойдағыдай өтпеген. Көптеген арықтар, қоқыс орындары, өзен арналары тазартылмаған. Бұл бағыттағы жұмыстар нашар жүргізілуде, жергілікті орындардан бақылау жоқ. Сенбіліктерге бей — жай қарамай, нағыз жанашыр, белсенді азаматтарды тарту керек, – деді Б.Сапарбаев.
Жиынды қорытындылаған өңір басшысы азаматтардың шағымдары мен өтініштеріне жедел ден қоюдың маңыздылығын атап өтті.
– Мемлекет басшысы азамат­тардың барлық сындарлы сауал­дарына тиімді жауап беретін «Халық үніне құлақ түретін мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру бойынша міндет қойды. Біздің күш-жігеріміз билік пен қоғамның сындарлы диалогын құруға бағытталатын болады. Қаланың қарапайым тұрғындарының мүддесін қамтитын қоғамдық маңызды шешімдер қабылдау қажет, – деп түйіндеді обьлыс әкімі өз сөзін.

Leave A Reply

Your email address will not be published.