Қоғам

Қоғамдық көліктер – қаламыздың айнасы

Бірақ, тасымалдаушы компаниялардың жұмысы көпшілік көңілінен неге шықпайды?

Бүгінде тарихи Тараз шаһарына туристерді тарту мақсатында толайым тірліктер атқарылуда. Жауһар жәдігерлеріміз жаңғырып, жаһан жұртшылығының қызығушылығын арттырып жатқаны жасырын емес. Оның үстіне инфрақұрылым тартылып, сервистік әлеуетіміз серпілген сайын келушілер қатары арта түсуде. Әрине, Таразға табан тіреген туристердің барлығы такси қызметін тұтынбайтындығы белгілі. Осы орайда қалаішілік бағыттарда қоғамдық көліктер мәселесінің қожырап тұрғаны жасырын емес. Расында да, жолаушылар тасымалы жаңа заман талабына сай неге жолға қойылмай келеді? Жүргізушілер мен кондукторлардың қызмет көрсету мәдениеті қашан жоғарылайды? Есті шығарған ескі автобустардан құтылатын күн бар ма? Міне, осы тақілеттес мәселелерді зерделеп көрген едік.

Табысты жасыру кімге қажет?

Қоғамға аса қажетті қызмет болғандықтан да, маңызы артқан мәселе күні кеше облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің төрағалығымен өткен жиында да қаралды. Онда облыс әкімдігі жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Бақытжан Жәнібеков өңірімізде бүгінгі күні халыққа қызмет көрсетіп жүрген қоғамдық көліктердің жай-күйін баяндады. Басқарма басшысының айтуынша, Тараз қаласында 43 бағыт бойынша 10 тасымалдаушы мекеме қызмет етуде. Сол мекемелерде жалпы 670 автобус бар. Оның 11,5 пайызы бензин, 63,7 пайызы дизель, 24,8 пайызы газ отынымен жүреді екен. Ал, тасымалдаушы мекемелердің табысы туралы да нақты мәлімет жоқ. Себебі, тараптардың берген деректері әртүрлі. Табысты нақтылау үшін талдау-сараптау жұмыстарының қажеттігі айтылды. Жиынға қатысқан «Әулиеата Транс-Пасс» ЖШС-ның директоры Рашид Пірманов, «СапарТранс 2012» ЖШС-ның директоры Бауыржан Әділов және сала ардагері Асқар Жанұзақов ескірген көліктерді жаңартуға тасымалдаушы мекемелердің қалтасы көтермейтінін, ол үшін тарифті 90 теңгеге өсіру керектігін жеткізді. Алайда, облыс әкімі Асқар Исабекұлы мәселелерді бір жақты қарауға болмайтынын, әкімдіктің басты міндеті – халықтың жағдайын ескеру екендігін баса айтты. Тариф мәселесінде облыстағы жан басына шаққандағы табысты, инфляция деңгейін ескеру керектігіне назар аудартты. Бағаны көтеру үшін тасымалдаушы мекемелердің табысын анықтап алу қажеттігін ескертті. Тасымалданған жолаушылар санын анықтап, халықтың өтінішіне орай кей орындарға жолаушылардың мініп-түсуі үшін жол белгілерін орнатуды тапсырды.

Бұқараның базынасы

Күрмеуі қиын мәселе бойынша көпшіліктің пікірін білмек болып, әлеуметтік желі арқылы зерттеу жүргізіп көрдік. «Тараз қаласындағы қоғамдық көліктің қызметіне қатысты ойыңыз қандай?» деген сауалымызға жауап бергендер көңілдері толмайтынын ашық айтыпты. Көпшілігі автобустардың аялдамаларға уақытымен келмейтінін, жолаушылар көп мінетін қоғамдық көліктердің тар екенін және бірқатары жолақысын аз төлейтіндіктен, оқушыларды алмай кететінін жазыпты. Біраз автобустардың ескі әрі лас екенін, жүргізушілердің бір-бірімен жарысып жүретіндігінен жолаушылардың жандарын шүберекке түйіп отыратындарын жеткізгендер де бар. Әсіресе, 19 жасар жас қыздың қыжылы еріксіз назар аудартты. Қала орталығынан «Бәйтерек» ықшамауданындағы үйіне баруға мінген оны автобус жүргізушісі қас қарайғанда жарты жолда түсіріп кеткен.
– Қала орталығындағы Ы.Сүлейменов көшесінің бойында орналасқан мекемеден іс-тәжірибеден өтіп жүрмін. Қазір білесіздер, күн қысқарды, сағат тілі 18:00-ге таяғаннан-ақ қараңғы түсе бастайды. Ал, жұмыс уақыты сағат 19:00-де аяқталады. Ол жерден үйіме дейін тек №23-бағыттағы автобус жүреді. Оны ұзақ күтуге тура келеді. Көбіне қараңғыда жалғыз қалмау үшін орталық алаңның аялдамасына дейін жаяу барып, сол жерден басқа автобустарға мінуге тырысамын. Тым болмаса «Жансая» аялдамасына дейін жетіп алуды ойлаймын. Осындай оймен бір күні №27-автобусқа отырдым. Үйге дейін баратын автобус кезіккеніне қуанып, анама қоңырау шалып, уайымын да сейілттім. Бірақ, қуанышым ұзаққа бармады. «Жансаяға» жеткенде кондуктор апай лық толы автобустың осы жерден тоқтайтынын, ары қарай «Бәйтерек», «Амангелді» аялдамаларына бармайтынын айтты. Себебін сұрап едім, «Болды, осы жерге дейін» деді апай тым қысқа қайырып. Ақыры бізді kz492КСА08 нөмірлі автобус сол жерге тастап кетті. Біршама уақыттан соң тағы бір №27 автобус келіп тоқтады. Соған отырғалы қуана жүгіріп едік, оның ішіндегілердің барлығы түсіп жатыр. Сөйтсек, ол да ары қарай жүрмейді екен. Бәріміз амалсыз жиналып тұрғанда және бір №27 автобус көрінді. Жапатармағай жүгіре барсақ, ол тіпті тоқтамай кетті. Нөмірі kz488КСА08 болатын. Сөйтіп, автобуссыз түн қараңғысында көшеде қалдық. Арамыздағылардың көбі оқушылар. Жасым 19-ға келген мені ата-анам қайта-қайта хабарласып, тағатсыздана тосып отыр. Ал, кішкентай оқушылардың үйіндегілер күн батса да әлі келмеген балаларын уайымдап отырғандары анық. Айтайын дегенім, әбден ақшаға құныққан, шеттерінен дөрекі, темекіні бұрқыратып, жолаушыларға зекіп сөйлеп, автобусты шалқая жүргізетін көлік жүргізушілер кімнің ақшасына өмір сүріп, нан тауып жүргендерін ұмытпаса игі. Автобустардың түрі анау. Әбден тоз-тозы шыққан. Күндіз аузы-мұрнына шейін толтырып адам алады. Мінсең, түсе алмайсың. Ал, кешке сол адамдарды көшеде тастап кетеді. Халықтың қарғысын емес, алғысын алуға ұмтылып жүрген біреуін көрмейміз, – дейді Нұргүл Өмір-Әліқызы ашынып.
Ал, қаланың тағы бір тұрғыны Анар Аманғали:
– Қаланың «Қаратау», «Қарасу», «Самал», «Салтанат» ықшамаудандарының ортасындағы әл-Фараби көшесімен жүретін жалғыз №23 автобус бар. Анда-санда №20 автобусты көріп қалушы едік, қазір мүлдем кездестірмейтін болдық. Жақында №21-бағыттағы қоғамдық көлік жолға шығыпты. Менің жұмыс орныма баратыны №23-бағыттағысы ғана. Аялдамада ұзақ күтеміз. Жолаушылардың көп мінетіндігі соншалық, сығылысып, әзер тұрамыз. Әп-әдемі аялдамалары бар осы көше автобусқа жарымай-ақ қойды ғой, – дейді.
Автобустардың кешқұрым ерте тоқтап қалатыны жақын ауылдардан қалаға келіп жұмыс істейтіндерге де қиындық туғызып отыр. Байзақ ауданында тұрып, облыс орталығында еңбек ететін Гүлназ Әлімқұлованың да өкпесі қара қазандай.
– Бәріміз кешкі сағат 19:00-ге дейін жұмыстамыз. Ол уақытта қаланың ішіндегі ғана емес сырттағы көліктер де тоқтайды. Тараздың түбіндегі аудандардың бірі Байзақтан қатынап, жұмыс істейтіндер жетерлік. Жұмыстан кеш шығып, көлік таппай, такси тосып, ұзақ тұрамыз. Осыны білген такси жүргізушілері де күндіз 100 теңгемен апарған жеріне кешкісін 150-200 теңге сұрайды. Әйтеуір, итшілеп әзер жетесің. Автовокзалдан ары қарай ауылға дейін 700 теңге сұрайды көбі. Қоғамдық көліктердің жүру уақытын ұзартса екен, – дейді ол.

Автопарк иелерінің де айтары бар

Көне шаһардағы қоғамдық көліктің жағдайын күнделікті өзіміз де көріп жүрміз. Жүргізушілердің қабақ шыта сөйлеп, салон ішінің тарлығына қарамай, жолаушыларды нығыздап алатыны таңертеңнен кешке дейін жүрген жұмысынан мардымды жалақы ала алмайтындықтарынан шығар, бәлкім. «Әулиеата Транс-Пасс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Рашид Пірмановтың айтуынша, қоғамдық көлік қозғалысы таңертеңгі сағат 6:40-та басталып, кешкі 20:00-ге дейін жүреді екен. Ал, жүргізушілерге еңбегіне лайықты жалақы төлеуге қаржының аздығы мүмкіндік бермей отырған көрінеді.
– Шағым айтқандар бір күн автобус жүргізушісінің орнына отырып көрсе, сонда түсінер еді. Қалың халықтың ішінде алуан түрлі мінезді кісілер бар. Бәріне бірдей ұнай алмайсың. Рас, жүргізушілердің біразының қабағы қатулы жүреді. Оларды да түсіну керек, таңазанда отырған көлігінен күн батқанда түседі. Жолаушылардың неше түрлі сөзін естиді. Қала ішіндегі кептелістер де жүйкеге батады. Көлікте ұзағырақ отырған адам жол соғып шаршамай ма?
Біздің «Әулиеата Транс-Пасс» серіктестігі 1981 жылдан бері қызмет етіп келе жатқан үлкен мекеме. Көліктерді жөндейтін арнайы цехы, қысқа арналған тұрақ бокстары да бар. Мұндай жағдайларымыз қамтылғанымен, қаржы жеткізу қиын. Күніне бір көлікке 18 мың теңгеге жанар-жағар май құямыз. Автобустарымыздың ескі екені рас, жаңасын сатып алу қомақты қаржыны қажет етеді. Жанар май қымбаттағанда жолақыны 65 теңгеге көтергенімізде халық наразылық білдірді. Бірақ, біз 2 жылда бағаны 10-ақ теңгеге көтердік. Ал, жанар май сол 2 жыл ішінде 102 теңгеге қымбаттады. Темір болған соң әлдебір жері істен шығады, сынады. Оны жөндеудің өзі ақшаға келіп тіреледі. Қазіргі уақыттағы қолжетімді қосалқы бөлшектердің сапасы төмен. Шынымды айтсам, жүргізушілердің еңбегіне лайықты жалақыны тауып беру қиынға соғып отыр. Соның салдарынан жүргізуші жетіспейді.
Қазір біз облыс әкімшілігінен жолақыны 90 теңгеге көтеріп беруін сұрап отырмыз. Бұл ұсынысымызды қарашаның алғашқы күні облыс әкімшілігінде өткен жиында айттық. Біз бұған мәжбүрліктен бардық. Мақсатымыз – халықтың ақшасын қалтаға басу емес, қайтсек қызметімізді жақсартамыз деген ойдамыз. Біздің мекеме 15 бағытта жолаушы тасымалдайды. Байзақ, Көктал ауылдары мен қала арасында қатынайтын 2 бағытымыз бар. Әл-Фараби көшесінің бойымен №23-бағыттағы автобусымыз жүреді. Аралығы 15 минуттан. Ол көшемен қоғамдық көлік жүргізу қиын. Себебі, жолаушы аз, шығынды ақтамайды.
Шыны керек, біздің қалада қоғамдық көліктің бағыттары дұрыс жүйеленбеген. Автобустар бірінің үстіне бірі жүреді. Жүргізушілердің бір-бірімен жарысуы міне, осыдан туындап отыр. Бұл саланың қызметін жақсарту үшін билік тарапынан қолдау керек, – дейді «Әулиеата Транс-Пасс» ЖШС-ның директоры Рашид Пірманов.
Иә, осындай себептердің салдарынан қоғамдық көлік қозғалысында заңбұзушылықтар да орын алып жатыр. Мысалы, осыдан бірнеше жыл бұрын автобус есігінің ашық қалған сәтінде кондуктор қайтыс болып, бір жас өмір қыршынынан қиылған болатын. Облыстық полиция департаменті әкімшілік полиция бөлімінің мәліметінше, тек биылғы 1 тамыздан 25 қазанға дейінгі аралықта жолаушылар көлігі жүргізушілерінің арасында 2 451 жол қауіпсіздігі ережесін бұзу фактісі анықталыпты. Соның ішінде 74-і жолаушылар мен жүк тасымалдау тәртібін бұзғандар. Яғни, жолаушыларды көлікке шамадан тыс кіргізген. Бұл заңбұзушылықтардың бәрі де жол-көлік оқиғасына апаруы әбден мүмкін. Осыдан кейін тұрғындар қалай ғана қоғамдық көлікке мінгенде шыбын жанын шүберекке түйіп, шырылдамайды?

Батыр мен ақынды шатастыруға болмайды

Жоғарыда айтып кеткеніміздей, жалпы 670 автобустың 465-і күнделікті жолаушылар тасымалдайды. Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының мәліметінше, биыл «№1 Тараз автобус паркі» ЖШС газ отынымен жүру үшін жабдықталған орташа сыйымдылықты 20 «Паз» маркалы жаңа автобус сатып алған. Бұл автобустар №11 және 17 бағыттардағы ескірген автобустарды ауыстырыпты. Дәл осындай автобустың 10-ын «ТаразТрансМоторс» ЖШС да алған. Ал, «ӘулиеатаТранс-Пасс» ЖШС қоғамдық көліктерінің қатарын жыл басынан бері 14 дана орташа сыйымдылықты жаңа автобуспен толықтырған.
Сондай-ақ, тасымалдаушы мекемелер қаражатынан 85 автобусқа аялдамаларды автоматты түрде хабарлап, жолаушыларға қалта ұрлығына сақ болуын, билет түбіртектерін талап ету қажеттігін ескертетін «автоинформаторлар» орнатылды. Бүгінгі күнде қыркүйек айының соңына дейін тағы 50 автобусқа автоинформатор орнату бойынша тиісті жұмыстар жүргізілуде. Жалпы, жыл соңына дейін 200 дана автобусты аталған құрылғымен жабдықтау жоспарланып отырған көрінеді.
Сонымен қатар, бензин отынымен жүретін автобустарды табиғи газға ауыстыру жұмыстары да қолға алынып жатыр екен. Үстіміздегі жылдың басынан бүгінге дейін бензин отынымен жүретін 100-ге жуық автобус газ қондырғысымен жабдықталыпты.
Қалалық бағыттардағы автобустардың жұмысын, олардың жүру кестелерінің сақталуын және жылдамдық режимдерін үнемі қадағалап бақылап отыру үшін 2015-2016 жылдары навигациялық бақылау жүйесі (GPS) енгізілген. Бұл жүйенің жұмыс атқаруын online режимінде taraz-bus. kz сайтынан кез келген адамның бақылауына болады. Алайда, осы сайттағы Тараз қаласының картасында орталықтағы Ыбырайм Сүлейменов атындағы көшені Олжас Сүлейменовтің есімімен көрсетіпті. Батыр мен ақынды шатастырған кім екенін білмек ниетпен Тараз қалалық тұрғын-жай-коммуналдық шаруашылық, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөліміне хабарласқанымызда, ол картаны орталық диспетчерлік қызмет көрсету орыны жасағанын айтты. Ал, ондағы мамандар ғаламтордан дайын картаны алып, пайдаланған екен. Мейлі, дайын картаны салса да Тараз қалалық тұрғын-жай-коммуналдық шаруашылық, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөлімінде қаланың қуыс-қуысын бес саусағындай білетін мамандар отырмай ма? Ендеше тегі бірдей, бірақ есімдері бөлек ақын мен батырды үш жылдан бері ешбірінің байқамағаны қызық. Біз аталмыш мекемелерге хабарласып, көше атының қате берілгенін айтқаннан кейін әлгі сайттағы карта да өзгертілді. Қазір тек тегі ғана жазылып «ул.Сулейменова» деп көрсетіп тұр. Ақыры бұл көше Олжас пен Ыбырайымның дәл қайсысына берілгенін анықтай алмады ма екен, кім білсін?!

Қамар Қарасаева

ПІКІР