Қоғамдық көліктер сапалы қызмет ұсынуы тиіс

0 9

Тараз қаласында «Tulparcard» электрондық билеттендіру жүйесінің енгізілгеніне де 6-7 ай өтті. Бірақ осы жүйе жаңадан енгенде қолма-қол есеп айырысудың жойылуы есебінен қалаішілік жолаушылар тасымалының тұрғындар үшін тиімділігі артады, халыққа сапалы қызмет ұсынылады деп күтілген. Алайда автобустардың аялдамадан аялдамаға жарысуы, сарылып жолаушы тосуы, тұрғындарды тозығы жеткен қоғамдық көліктердің тасып жүруі әлі де тыйылған жоқ. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен «Е-билеттендіру» және жолаушылар тасымалдайтын қоғамдық көлік сатып алу бойынша өткен кеңесте осы мәселелер сөз болды.

– Былтыр күзден бері қала тұрғындарын сапалы көлік қызметімен қамтамасыз ету мақсатында электрондық билеттендіру жүйесі іске қосылды. Жұрт көлікте «Tulparcard»-ты пайдаланып жүргенімен, шын мәнінде, сапалы қызметке әлі қолы жеткен жоқ. Қоғамдық көліктердің кестеден кешікпей жүруін, жүргізуші мен жолақы жинаушылардың мәдениетін арттыру – ең басты мәселе. Әсіресе тұрғындар көліктің ескі әрі тар екеніне наразы, –
деген Бердібек Машбекұлы электрондық билет­тендіру жүйесі енгелі халықтың қанша пайызы «Tulparcard»-ты пайдаланып жүргеніне, бұл салада табыс қаншалықты көбейіп, шығын қанша есеге азайғанына назар аударды.
Бұл бойынша жағдайды баяндаған облыс әкімдігі жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Бақытжан Жәнібеков осы уақытқа дейін 205 000 дана «Tulparcard» шығарылғанын, оның ішінде 171 120 (143 378 бірыңғай, 27 742 оқушы картасы) карта қолданыста жүргенін, 33 880 көлік картасының қоры бар екенін, қосымша 10 000 бірыңғай картаға тапсырыс берілгенін тілге тиек етті.
Өткен жылдың қазан айында – 1 630 539
(107 714 075 теңге), қараша айында – 2 020 870
(128 397 670 теңге), желтоқсан айында – 2 262 112 (140 502 975 теңге), осы жылдың басында – 2 203 295
(135 272 680 теңге), ақпан айында – 2 636 355
(160 608 775 теңге) және наурыз айында – 2 836 930
жолаушы (173 345 495 теңге) қоғамдық көлікпен жүрген. Өсім 57 пайызды құрап отыр. Төлем түріне байланысты өзгерістерді сөз етсек, бастапқы кезеңдерге қарағанда қолма-қол жол ақысын төлеу 13,7 пайыздан 0,5 пайызға төмендеген. Оқушылар картасының пайыздық мөлшері 3,5 пайыздан 12,2 пайызға өскен. Сонымен қатар QR-код арқылы төлем 2 пайыздан 8,2 пайызға ұлғайған. Жолаушылардың жүріс-тұрысы жұмыс күндері мен демалыс күндері әртүрлі. Сонымен қоса таңғы сағат 8.00-ден 9.00-ге дейін және кешкі 17.30-дан 18.30-ға дейінгі аралық жолаушы көп болатын қарбалас уақыт. Автобустардағы жолаушылардың кептелісі (қысылып тұру) орын алатын уақытқа түскі үзіліс кезін де қосуға болады.
Жүйе енгізілгеннен кейін қоғамдық көліктерде тасымалданған жолаушылардың нақты саны, тасымалдаушы мекемелердің табыстары және тасымалдауға кететін бірқатар шығын көлемі айқындалып, тасымалдаушылардың төлейтін салық көлемі ұлғайды.
«Е-билеттендіру» жүйесі енгізілгенге дейін жолаушы тасумен айналысатын 6 мекеме 10,6 миллион теңге салық төлесе, енгізілгеннен кейін 31,9 миллион теңге салық төлеген. Бұл табыстың 3 есеге ұлғайғанын көрсетеді. Республика бойынша салыстырғанда электрондық билеттендіру жүйесінің жұмысы бойынша Тараз қаласы 6-орында тұр. Сонымен қатар жол ақысын қолма-қол ақшасыз төлеу мөлшері бойынша 3-орынға тұрақтады. Республикалық маңызы бар қалаларда электрондық билеттендіру жүйесі 5 жыл бұрын енгізілгенін ескерсек, бұл біз үшін жақсы жетістік – деді ол.
Жиын барысында қоғамдық көліктерді жаңарту мәселесі де кеңінен қозғалды. Тараз қаласындағы тасымалдаушы мекемелер жылжымалы құрам паркін ағымдағы жылы 100 дана «Yutong Golden Dragon» маркалы автобустармен жаңалау жоспарланған екен. Осы орайда «ӘулиеатаТрансПасс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Рашид Пірманов өзіне тиесілі қоғамдық көліктердің дені жаңа болғанымен ресейдің «ПАЗ» маркалы автобусы екенін, былтыр осындай автобустың 20-сын сатып алғанын, алайда тапқан табыстарының дені салық төлеу мен жұмысшылардың айлығын өтеуге жұмсалып, ұзын автобустар алмақ тұрмақ, қосалқы бөлшекке қаражат жетпей отырғанын айта келе, автобус парктерінің тасымалдауға кететін шығындарын субсидиялауды сұрады. Сонымен қатар ол 2015 жылы қабылданған заңның қолайсыздығынан жастар қала ішінде көлік жүргізу мүмкіндігінен айырылғанын, сондықтан жас мамандар жаңа талап бойынша «Д1» санаты негізінде жолаушы орны 16-дан аспайтын шағын автобусты үш жыл жүргізуі қажеттілігінен ұзақ жолға шығатын шағын автобустарды жүргізуге мәжбүр болып жатқанын мәселе етіп көтерді.
Өз кезегіне аймақ басшысы жолаушы тасымалдаушы компаниялар жекеменшік мекеме болып саналатындықтан өз шығындарын өзі жабу керектігін сөз ете отырып, тиісті қызметкерлерге автобус парктерінің тасымалдауға кететін шығындарын субсидиялаудың басқа да жолын қарастыруды тапсырды.
– Оқушылар метепке барғанда, ыстық тамақ ішерде, автобусқа мінгенде жеке-жеке карта ұстап жүрмеуі керек. Барлығы бірыңғай болуы керек. Осының барлығы да «Tulparcard»-қа енгізілуі тиіс. Ата-ана баласының қайда барғанынан, қандай автобусқа мініп-түскенінен де «Tulparcard» арқылы хабардар болуы тиіс. Қай автобустың аялдамаға қашан келетіні де «Tulparcard»-тан көрініп тұруы тиіс.
Жолаушы тасымалдайтын компаниялар арасында тендер жариялау үшін оның ережесін қайта қарап шығу керек. Қарамағында бар-жоғы 3-4 автобусы бар, әлеуеті төмен, көліктері ескі-құсқы компанияларды конкурсқа қатыстырмау керек. Кейбір компаниялардың жолаушы көп жүретін бағыттарды ұтып алып, майлы жіліктің басын ұстап отыруы да әділетсіздік болып есептеледі. Сол үшін бір компания 10 бағытты ұтып алса, оның бесеуі жолаушысы көп, қалған жартысы анда-санда жолаушы мінетін бағыт болуы тиіс. Сонда бірінің шығынын бірі жабатын болады, адам жоқ деп көліктің жүрмей қоюы тыйылады, – деді Б.Сапарбаев.
Жиын соңында облыс әкімі қоғамдық көліктерде міндетті түрде валидатордың болуы, көліктер жаңа әрі іші таза ұсталуы конкурс ережесіндегі негізгі талаптардың бірі болуы керектігін атап өтті. Таңертең және кешке қоғамдық көліктердің жүру жиілігін ұлғайту, ресейлік «ПАЗ» маркалы автобустарды сатып алуды тоқтату, халық көп жүретін көшелерге жаңа аялдамалар салып, ондағы электрондық тақтайшаларда автобустың бағыттары, жүру жиілігі мен уақыты көрініп тұруы қажеттілігі секілді басқа да бірқатар мәселе бойынша жауаптыларға нақты тапсырма жүктеді.

Нұрым СЫРҒАБАЕВ

Leave A Reply

Your email address will not be published.