"Нұр Отан"

Қоғамдық көліктерге пандус қажет

Written by Aray2005

Тағдыр теперішіне ұшыраған мүмкіндігі шектеулі жандардың өмір сүру сапасын жақсарту қоғам назарында. Соның арқасында олардың заңды құқығы мен мүддесі қорғалып, еңбек етуі мен білім алуына, кәсіпкерлікпен айналысып, кез келген мекеме ғимаратына ешкімнің көмегіне сүйенбей емін-еркін кіріп шығуына, көрсетілетін қызметтің қолжетімді болуына біртіндеп болса да қол жеткізіліп келеді. Бірақ облыста мүмкіндігі шектеулі жандардың қоғамдық көлікте жүріп-тұруына қолайлы жағдай жасалмауы басы ашық мәселе күйінде қалып отыр.

Облыс орталығының өзінде арбаға таңылған азаматтардың жолаушылар көлігіне мініп-түсуіне ыңғайлы бірде-бір автобус жоқ. Көзі нашар көретіндер үшін де жолаушылар көлігіне арнайы белгі орнатылмаған. Аялдамалардағы пандустар да еш талапқа сай келмейді. Бұған біз «Nur Otan» партиясының «Кедергісіз келешек» партиялық жобасы аясында ұйымдастырылған рейд барысында көз жеткіздік.
Рейдте аталған партияның облыстық филиалының партиялық бақылау комиссиясы мүшелері Тараз қаласындағы «СапарТранс — 2012», «ӘулиеатаТрансПасс», «Автобекет-Тараз», «Дмитрий и Компаний» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктеріне арнайы барып, жағдайды зерделеді. Шаһардағы аялдамалардың да жай-күйіне назар аударды.
Жалпы қалада қоғамдық көліктер 41 бағыт бойынша жүреді. Жолаушыларды тасу қызметімен айналысатын 10 автопарктің иелігінде 450-ге жуық автобус бар. Бірақ олардың барлығы да мүмкіндігі шектеулі азаматтардың мініп-түсуіне бейімделмеген. Ал қаладағы автопарк директорлары пандус орнатылған автобус тұрмақ, төмен еденді жолаушылар көлігін сатып алудың өзі мұң болып тұрғанын, мәселе қаржыға келіп тірелетінін, қысқасы қоғамдық көлік методикасы шешілмей, іс өнбейтінін айтады.
– Негізінен тариф нарық талабы бойынша басқаша. Мәселен жолаушыларды тасу құны 130 теңге болуы керек. Бірақ біз елге жарты бағасына қызмет көрсетіп келеміз. Қазір нанның да, судың да, жылу мен жанармайдың да, қосалқы бөлшектердің де бағасы өсті. Жолақыға қатысты республика бойынша ең төменгі тариф біздің облыста ғана.
Пандус орнатылған автобустың бағасы тым қымбат. Төмен еденді көліктің құнының өзі 35 миллион теңге тұрады. Сондықтан бағасы 13 миллион теңгені құрайтын, ұзындығы 7-8 метрлік қытайлық автобус сатып алуға мәжбүрміз. Тариф көтерілмей немесе мемлекет субсидия бермей, бұл мақсатқа қол жеткізе алмайтынымыз анық, – дейді «СапарТранс 2012» ЖШС директоры Бауыржан Адилов.
Облыс аудандары мен өзге өңірлер бойынша 22 бағытта жолаушы тасу қызметін ұсынатын «Автобекет-Тараз» ЖШС-ның иелігінде қоғамдық көлік жоқ екен. Олар автопарк иелеріне талап қоя алмайтын көрінеді. Тек жолаушы тауып беріп, табыстың 10 пайызын алумен ғана шектеледі. «Дмитрий и Компаний» ЖШС автобустары ұзын әрі жаңа болғанымен, мүмкіндігі шектеулілерге жайлы жағдай жасауда жаңашылдыққа әлі бет бұра қоймапты. Серіктестік өкілдерінің айтуынша да пандусы бар автобус сатып алу қыруар қаржыны қажет етеді.
Тараз қаласындағы аялдамаларды араламас бұрын шаһардағы 25 аялдамаға осыдан 4-5 жыл бұрын пандус орнатылғанын естідік. Бірақ, ол аялдамаларды көруге барғанда көңіліміз су сепкендей басылды. Бетоннан құйылған әлгі пандустар еш талапқа сай болмай шықты. Оған арбадағы адам өзгенің көмегінсіз шыға алмайды.
Тараз қаласы әкімдігінің тұрғын-жай коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Зият Тұрсынұлы шаһарда барлығы 624 аялдама бар екенін, соның 25-іне өзі осы бөлімге басшы болып келмей тұрғанда пандус орнатылғанын, десе де осы жылы қазына қаржысынан осы тектес тағы да 25 аялдамаға пандус орнатуға 50 миллион теңге қаржы бөлінгенін, сол кезде барлық талап ескерілетінін айтты.
Қазір мемлекет кәсіпкерлерге барлық жағдай жасап отырғаны белгілі. Осы ретте мемлекет тарапынан Автопарктерге кәсіпкер ретінде субсидия беру мәселесі шешілер-шешілмес, бірақ бір мәселені айта кеткен жөн. Негізінен 3 жылда бір қоғамдық көлік бағыттарына қатысты автопарктер үшін мемлекеттік сатып алу конкурсы жарияланатыны белгілі. Сол кезде мүдделі тарап нақ осы мәселеде тендердің техникалық талаптарын күшейтіп, кемі әр бағытқа бір-екі пандус орнатылған атобустар енгізуді міндеттеуі қажет секілді. Өйткені кәсіпкер табыс табумен қатар, халыққа лайықты қызмет ұсынуды ойлауы қажет.

Нұрым Сырғабаев

ПІКІР