Диагноз

Қоғамдық орындар залалсыздандырылуда

Written by Aray2005

Күллі әлемге қауіп төндірген коронавирус инфекциясы елдің еркін жүріп-тұруына бөгет болғанына да біршама уақыт болды. Десе де жұртшылықтың тіршілік қамы үшін жасайтын жүріс-тұрысы саябыр таппайтыны белгілі. Мәселен біреу жұмысына бет алса, тағы бірі басқа да шаруамен көшеге шығады. Тұрғындардың кейбірі бір мезгіл саябақтарда бой жазып, көңіл сергіткенді қалайтыны да жасырын емес.

Мұндайда қауіпсіздік шарасы басты назарда болуы тиіс. Сондықтан да Тараз қаласы әкімдігі тарапынан сәуір айынан бері қаладағы қоғамдық орындарға, мекемелерге, тұрғын үй аулаларына, қоғамдық көліктерге залалсыздандыру жұмыстары жүргізіліп келеді. Мұндағы басты мақсат – шаһарда жұқпалы індеттің одан әрі өршуіне жол бермеу. Осы жолы Тараз қаласындағы Б.Момышұлы атындағы «Жеңіс» саябағына, Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті саябағына, Қайрат Рысқұлбеков саябағында, және «Көне Тараз» тарихи-этномəдени кешеніне дезинфекция жұмыстары жүргізілді.
– Біздің тарапымыздан бұған дейін де шаһар көшелері мен аялдамалар, саябақтар, мекеме және басқа да қоғамдық орындар хлор қосындысы бар арнайы сұйықтықпен өңделіп келді. Қаладағы кейбір көпқабатты тұрғын үйлердің де іші-сыртына залалсыздандыру жұмыстары жүргізілген болатын. Бұл жұмыстар үшін біз «Жасыл Ел- Тараз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен арнайы келісімшарт жасасқанбыз. Осы жолы саябақтарды дезинфекциялауға 20 қызметкер, 4 техника жұмылдырылды, – дейді облыс бойынша Ұлттық сараптама орталығының директоры Байділда Шыналиев.
Соңғы уақытта Таразда дезинфекциялық шараларды жүргізу жұмысы күшейтілгені байқалады. Мәселен осы аптаның басына дейін облыс орталығындағы бірқатар қоғамдық орындарға қатарынан 2-3 күн дезинфекциялау жұмыстары жүргізілді. Оған басты себеп – ел арасына етене еніп, кеңінен тарала бастаған індетке ауыздық салу. Осы ретте біз облыс тұрғындарына барынша сақтық шараларын ұстанып, әркімнің өз денсаулығына үлкен жауапкершілікпен қарауын, қандай жағдай болмасын дәрігерлердің кеңесіне құлақ асу қажеттігін еске саламыз.

Нұрым Сырғабаев

ПІКІР