"Нұр Отан"

Қоғамдық штаб құрылды

Written by Aray2005

«Nur Otan» партиясының кезектен тыс ХІХ съезінде партия Төрағасы, Елбасы Н.Ә.Назарбаев Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидат ретінде Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевты ұсынған болатын. Осыған байланысты елдегі жетекші партияның облыстық филиалының мәжіліс залында съезд шешімімен ҚР Президенттігіне ұсынылған кандидатты қолдау бойынша облыстық қоғамдық штабтың құрылғаны жөнінде брифинг өтті.

Жиында аталған штабтың төрағасы Шәбден Тілеумұрат бекітілген құрам мен алдағы жұмыс жоспарымен таныстырды.
– Баршаңызға белгілі, қазіргі күндері біз үлкен тарихи оқиғаның қарсаңында тұрмыз. Еліміздегі ең жоғарғы биліктің ауысу үдерісі қолға алынып, президенттік сайлау өтетіні хабарланды. Осыған байланысты алдағы 9 маусымда біздің қоғам еліміздің жаңа Президентін сайлайтын болады. Өз үміткерімізге қолдау көрсетуді жүзеге асыру мақсатында республикалық қоғамдық штаб құрылды. Қоғамдық штаб құрамына облыстан М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің ректоры Махметғали Сарыбеков және партияның Саяси кеңесінің мүшесі Зульфия Габидулина еніп отыр.
Штабтың негізгі міндеті – президенттікке кандидат Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа қолдау көрсету, оның сайлауалды тұғырнамасын түсіндіру бойынша жан-жақты насихат жұмыстарын жүргізу. Облыстық қоғамдық штаб құрамында облыстық мәслихаттың депутаттары, қоғам қайраткерлері, партия облыстық филиалы Саяси кеңесінің мүшелері бар. Сайлау науқанына жан-жақты әзірлік жасау, үміткердің сайлауалды тұғырнамасын түсіндіру жөніндегі үгіт шараларын жүргізу, сенімді өкілдер мен белсенділердің жұмысын үйлестіру –
штабтың негізгі міндеті, – деді штаб төрағасы Шәбден Тоқтасынұлы.
ҚР Президенттігіне үміткер Қ.Тоқаевты қолдауға арналған штабтар Тараз қаласында және облыстың барлық аудандарында құрылыпты. Сайлау туралы ҚР Конституциялық заңының талабына сәйкес облыс бойынша 968 сенім білдірілген өкіл бекітілген. Барлық сенімді өкілдер бүгінде тіркеуден өтіп, куәліктерін алған. Штаб мүшелері мен сенім білдірген өкілдер партия ұсынған кандидат Қасым-Жомарт Тоқаевты қолдаушылардан қол жинауда жоғары белсенділік танытқан. Нәтижесінде 18 мың 893 дауыс алынып, сайлау комиссиясына тапсырылған. Арнайы парақшадағы барлық қол заң талабына сай деп танылған. Айта кетсек, қол жинауда облыс бойынша 205 елді мекен қамтылыпты. Бұл облыстағы ауылдардың 55 пайызын құрайды. Негізінен, заң талаптарына сәйкес үгіт-насихат жұмыстары 11 мамыр күні кешкі сағат 18.01-де басталады.

Н.Болатұлы

ПІКІР