Жастар.kz Сұхбат

«Қоғамдық жұмыстарда Жаңатастық жастардың белсенділігі өте жоғары»

– Нұржан Маратұлы, Сарысу ауданы әкімдігінің баспасөз хатшысы қызметіне кіріскеніңізге жарты жылға жуықтады. Бұл салада талап та, жауапкершілік те жоғары. Осы орайда, өзіңізге жүктелген міндеттер турасында айта кетсеңіз…

– Қандай қызмет болмасын, артылар жүгі, жауапкершілігі болады. Бұған дейін төрт жылдай Тараз инновациялық-гуманитарлық университетінің баспасөз қызметіне жетекшілік еттім. Сондықтан, бұл қызмет жаныма жақын.
Әрине, әкімдіктің баспасөз қызметінде бірқатар өзгешеліктер болды. Жалпы баспасөз хатшысы – жақсы маман ретінде стратегиялық жағынан мықты саясаткер бола білуі қажет. Сонымен қатар, ресми, бейресми құжаттарды рәсімдеуді, келіссөздер жүргізуді, БАҚ-ты ақпараттандыруды, лауазымды тұлғалармен әңгімелесуді басты назарға алып, өз жұмысын тиянақты, аса жауапкершілікпен атқарғанымен ерекшеленетін тұлға.
Журналистер үшін баспасөз қызметі – сенімді дереккөз, оның жариялаған ақпараттары ресми мәлімет болып есептелетіндіктен, асқан ыждағаттылық пен мұқият мән беруді талап етеді.
Менің танымымда – баспасөз хатшысы басшылықпен қатар, жергілікті халықпен де тығыз әрі ашық қарым-қатынаста болғаны дұрыс. Ашық болғанда ғана халықтың күмән, күдігі сейіледі. Мұндайда әлеуметтік желінің маңызы орасан. Бұқарамен үнемі байланыста болып, мәселелеріне құ­лақ түріп, мән-жайды ұғынып, оның шешілу жо­лын түсіндірудің өзі ымыраға әкеледі.
Қандай ауданда болмасын, қыруар тірлік, көп шаруа атқарылып жатқаны сөзсіз. Ал оны халыққа көрсетіп, жұртқа жеткізетін маманның кәсібилігі жоғары болмаған жағдайда, тірлік көзге көрінбеуі мүмкін. Сондықтан баспасөз қызметінің мамандары барынша жан-жақты, барлық саладан хабары бар, сауатты, білімді әрі әдебі мен мәдениеті сай болуы тиіс. Және баспасөз қызметінің дұрыс жүзеге асуының бір кепілі – техникалық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілуі болып саналады. Сонда ғана жеделділікті талап ететін нарыққа сай қызмет атқарылатын болады.

– Бүгінгі қоғамда ашықтық қарапайым халық пен атқарушы билік арасындағы байланысты бекіте түсті деуге болады. Ал, сарысулық бұқарамен жергілікті биліктің байланысы қандай?
– Әрине, ашықтық принципі халық пен билік арасында міндетті түрде болуы керек деп есептеймін. Әрі елмен етене араласқанның пайдасы болмаса, ешбір зияны тимейді. Мәселен, Сарысу ауданына келіп, еңбек ете бастағаныма жарты жылға жуық мерзім болса да, аудан басшысының халықпен тікелей диалог құруға, тұрғындарды қабылдау кезінде ғана емес, күнделікті іс-шараларда да олардың үнемі талап-тілектерін тыңдауға ұмтылатынын байқадым. Бұл дегеніміз, халыққа жақын болудың бір көрінісі.
Одан бөлек, аудан әкімдігінің ресми сайты, әкімнің жеке блогы жұмыс істейді. Әлеуметтік желілерде әкімдіктің арнайы парақшалары да тәуліктің кез келген уақытында тұрғындардың мәселелерін, сұрақтарын қабылдап, жауап беруге әзір. Әрине, мемлекеттік ресми орган болғандықтан барлығы заң аясында жасалады.

– Қазір барлық аудан әкімдіктерінің сайттары жұмыс жасайды. Онда аймақтың соңғы жаңалықтарымен қатар, жергілікті тұрғындар түрлі мәселелерін әкімнің жеке блогына жазып жатады. Сарысу ауданы тұрғындарын қандай мәселелер толғандырады? Көп жағдайда қандай сұрақпен әкімге қайырылады?
– Әкімдіктің ресми сайты үнемі назарда. Үздіксіз жаңартылып отырады. Аудан жаңалықтарынан бөлек, мемлекеттік бағдарламалар туралы халыққа қажетті мәліметтерді де жариялап отырамыз.
Өзіңіз айтқандай, ресми сайттағы әкімнің жеке блогына аудан тұрғындары түрлі мәселелер бойынша талап-тілектерін, сауалдарын жолдап жатады. Қазіргі таңда, ауданда 44 мыңға жуық халық бар. Тең жартысы аудан орталығы – Жаңатас қаласында қоныстанған. Түрлі зауыттар мен өнеркәсіп ошақтары дүркіреп тұрған кезеңді өткерген қала тоқсаныншы жылдары тоқырауға түскенін көпшілік жақсы біледі. Жаңа ғасыр басталғалы аяққа қайта тұрып, еңсесін енді тіктеп келе жатқан аймақта бірқатар маңызды мәселелердің болуы заңдылық деп ойлаймын. Тоқырау заманында халықтың басым көпшілігі қонысын тастап, көшіп кеткен еді. Бүгінде халық қайта келіп, тұрғындар саны артуда. Әрине, мұндайда жұмыссыздық пен тұрғын үй мәселесі алға шығады.

– Ал, тұрғындар тарапынан көтерілген мәселелер қаншалықты шешімін тауып жатыр. Сіздердің тараптан сараптама жүргізіле ме?
– Ең біріншіден жұмыссыздық мәселесі турасында айта кетсем. Жаңатаста ірі екі бірдей – «Қазфосфат» пен «Еврохим» компаниялары жұмыс істейді. Алты мыңдай азамат сол өндіріс ошақтарында еңбек етеді. Қазір «Бизнестің жол картасы-2020», ауыл шаруашылығын дамытуға арналған және басқа да бағдарламалар шеңберінде көптеген жұмыс орындары ашылуда. Жуырда ғана ас тұзын өндіретін «Асыл тұз» ЖШС пайдалануға беріліп, 75 тұрғын жұмысқа орналасты. Ағымдағы жылдың төртінші тоқсанында жарамсыз пластмасса бұйымдарын қайта өңдейтін, тау-кен өндірісінің жарылғыш заттарын шығаратын өндіріс ошақтарын ашу жоспарланған. Сонымен қатар, кальцийлендірілген сода зауытының, жел электр станциясының құрылыс жұмыстары басталатын болады. Демек, мұның барлығында жалпы есептегенде 2 000-ға тарта тұрғын жұмыспен қамтылады деген сөз.

Ал, тұрғын үй мәселесі жыл санап шешіліп келеді. Мәселен, қазіргі таңда 1 800-ден аса азамат тұрғын үй кезегінде тұр. Бұрындары Жаңатаста 200-ден аса көпқабатты үй болған. Кейіннен 111-і жарамсыз деп танылып, толықтай сүрілді. Жарамдысы жаңартылып, қайта берілуде. Бүгінде қайта жөндеуді қажет ететін бас-аяғы 17 үй ғана қалды. Оның 10-ы мемлекет меншігінде болса, 6-уы жекешеленген. Біреуінің иесі анықталмаған. Жыл басында 120 пәтерлік бір үй пайдалануға берілсе, жыл соңына қарай 70 пәтерлі тағы бір көпқабатты үй ел игілігіне беріледі деп жоспарлануда. Одан өзге бірнеше үйдің жобалық-сметалық құжаттары әзірленіп, тиісті мекемелерге жолданды. Алдағы уақытта олар да жергілікті халыққа беріледі.
Аудан әкімінің жеке блогына жолданып жататын мәселелердің барлығының бір күнде шешілуі мүмкін емес жағдай. Дегенмен, жүйелі жұмыстың нәтижесінде кезең-кезеңімен орындалатынына сеніммен қарау қажет. Жеке блогқа келіп түсетін сауалдар қатарында басқа да мәселелер кездеседі. Оның бәрі күнделікті жұмыс барысында шешімін тауып жатады.

– Өзіңіз де жастар санатында болған­дық­тан, аймақтағы жастардың хал-ахуалы назарыңыздан тыс қалмаса керек-ті. Жалпы, сарысулық жастарға қандай жағдай жасалған? Және алдағы уақытта жастардың қажеттілігін қамтамасыз ету мақсатында нендей шаруалар қолға алынбақ?.
–Мемлекетіміздің ертеңгі өркендеуі, алпауыт елдермен иық теңестіріп, бүгінгі таңдағы абырой, беделінің биігінен аласармауы – қазіргі жастардың мойнына артылары анық. Ауданға келгеніме көп болмаса да аудан жастарымен тығыз байланыстамын. Жалпы, жастардың жағдайы жаман емес деп ойлаймын. Жастарға арналған түрлі мемлекеттік бағдарламалардың және аудан әкімі Балабек Нарбаевтың қолдауымен жастар үшін жасалынып жатқан жұмыстар жетерлік. Аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі, «Ауыл шаруашылығын қолдау қоры» арқылы аудан жастары 3 миллион, «Zhasproject» жобасы арқылы 1 миллион теңге қайтарымсыз грант алып, жеке кәсібін ашуға қадамдар жасауда. «Серпін-2050» бағдарламасы бойынша оқуға түсіп, «Дипломмен ауылға» бағдарламасы аясында ауданда еңбек етіп жатқан жастар да бар. Бір сөзбен айтқанда, түрлі қоғамдық жұмыстарда жастардың белсенділігі байқалады. Алдағы уақытта «Ақылды қала» жобасы шеңберінде «Жастар сарайын» соғу жоспарлануда. Мағжан ақын айтқандай, «Көздерінде от ойнар, сөздерінде жалын бар» жастарымызды қолдау алдағы уақытта тоқтамақ емес.

– Биыл Сарысу ауданының құрылғанына 90 жыл. Мерейтой қарсаңында ауданда бірқатар әлеуметтік нысандардың ашылып, ел игілігіне беріліп жатқанынан хабардармыз. Алдағы уақытта аудан тұрғындарын қандай жағымды жаңалықтар күтіп тұр?
– Ия, жыл басынан бері ауданның 90 жылдығына арналған арнайы іс-шара жоспары бекітіліп, атқарылып келеді. Жалпы, Сарысу ауданы 1928 жылы 3 қыркүйекте «Қазақстанда көшпелі, жартылай көшпелі және отырықшы аудандарды белгілеу туралы» қаулыға сәйкес құрылған. 1932-1933 жылдары ғасырлар бойы көшпелі тірлікпен күн кешіп, еркін шаруашылықпен, мал өсірумен айналысқан халықты күштеп ұжымдастыру салдарынан болған нәубет Сарысу халқын аяусыз қырғынға ұшыратып, қазіргі Қарағанды облысының Жаңаарқа ауданындағы Сарысу өзенінің бойынан 6 000-дай шаңырақ Қаратау бойына үдере көшеді. Сондай саясат салдарынан Сарысу ауданында сол алты мың шаңырақтан екі-ақ мыңдайы арып-ашып Қаратау алқабына тұяқ іліктірді. 90 жылдық тойдың қарсаңында аға буын, орта буын өкілдері және жастардан арнайы делегация жасақтап, бабалардың Сарысу халқын сақтап қалу үшін қандай жол жүріп жеткенін, нендей нәубетті бастан өткергенін тағы бір сана елегінен өткізу мақсатында Жаңаарқа ауданына сапар ұйымдастырылмақ.

Сондай қиын-қыстау заманнан бастап бүгінгі уақытқа дейінгі кезеңді жастар жадында жаңғырту мақсатында бірқатар жұмыстар жасалуда. Мәселен, Тоғыз түрлі – «Тарих толқынында», «Зобалаң жылдар», «Өрлеу жылдары», «Гүлдену кезеңі», «Тәуелсіздік ақ таңы», «Сарысу саялы мекенім» сынды тақырыптар бойынша ауданның барлық ауылдық округтерінде іс-шаралар ұйымдастырылуда.

Жазушылар одағының мүшесі, ауданның Құрметті азаматы Пернебай Дүйсенбиннің Сарысу тарихына арнап жазылған кітабының аудио нұсқасы жасалды. Жуырда Жайылма ауылында жергілікті тұрғындардың игілігі үшін цифрландырылған ақпараттық орталық ашылды. Әлі бірқатар әлеуметтік нысандар – балабақшалар мен медициналық пункттер пайдалануға берілмек. Ал, 90 жылдыққа арналған негізгі үлкен іс-шара қыркүйек айында сән-салтанатымен аталып өтетін болады.
–Әңгімеңізге рақмет.

Сұхбаттасқан Талғат НҰРХАНОВ

ПІКІР