Көгілдір отын шапағаты Қордайда

0 2

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қордай ауданы тұрғындарының тұрмыстық жағдайын жақсарту бойынша тапсырмасы бүгінде сәтті іске асуда деуге толық негіз бар. Қарасу, Өтеген, Масанчи, Қаракемер, Сортөбе, Бұлар батыр, Ауқатты, Қызылсай, Күнбатыс-1, Күнбатыс-2 ауылдарына жалпы сметалық құны 5,6 млрд. теңгені құрайтын 73,2 шақырым газ құбырын келтіретін құрылыс-монтаждау жұмыстары бүгінде аяқталуға таяу болса, 15 қазан күні құрамына Өтеген ауылы кіретін Қарасу ауылдық округіне газ кіргізілді.
Салтанатты шарада аудан әкімі Рүстем Дәулет қос ауыл тұрғындарын осы тамаша сәтпен құттықтап, мемлекет тарапынан жасалып отырған қамқорлықтың бұл тек бір парасы ғана екенін айтып, алдағы жылдары аталмыш округтерде үлкен жобалар қолға алынғалы отырғанын айтты. Ал, Қарасу ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы Владимир Лопатьев, Өтеген ауылы тұрғыны, Қордай ауданының Құрметті азаматы Тұрған Жасыбаев ақсақалдар ауыл азаматтары атынан Мемлекет басшысына, аталмыш жұмыстардың іске асуына мұрындық болған облыс басшылығына алғыстарын айтып, баталарын берді. Осыдан кейін аудан әкімі Рүстем Дәулет мердігер компания өкілдерімен бірлесе газдың алауын жағып, салтанатты түрде іске қосты.
Көгілдір отын келіп көңілі жай тапқан ауылға жиналған қауым Қарасудағы Рашид Ханбезовтың, Өтеген ауылы тұрғыны Қуаныш Иманбаевтың отбасында болды. Ұзақ жылдар күткен газ үйіне келіп, қуаныштарында шек жоқ отбасы мүшелерінің алғыстан басқа айтары жоқ.
Жалпы қос ауыл бойынша 1251 тұрғын үй жыл соңына дейін көгілдір отынға қосылатын болады. Құрылыс жұмыстарымен айналысып жатқан «Фирма СКМ Строй» ЖШС ауылішілік желілерді тартуды аяқтаған. Тұрғындармен келісім шарт жасалып, көгілдір отынды үйге кіргізу ретімен жоспарға сай жалғасатын болады. Газ қосу бойынша төленетін ақының да тиімді жолдары қарастырылған. Алдағы уақытта жергілікті кәсіркерлердің демеушілігімен көпбалалы аналар мен аз қамтылған отбасыларға газ құбырын тартуға көмек көрсетілетін болады. Осының барлығы ауыл тұрғындарына жасалып отырған қамқорлық деп түсінген абзал.

Leave A Reply

Your email address will not be published.