Жамбыл жаңалықтары

Көкейдегі сауалдарын жолдап, жауаптарын алды

Written by Aray2005

Облыс әкімінің жеке және заңды тұлғаларды жеке қабылдау кестесіне сәйкес аймақ басшысы Асқар Мырзахметов азаматтарды қабылдады. Онда Тараз қаласы мен бірқатар аудандардың тұрғындары аймақ басшысына көкейдегі сауалдарын жолдап, жауаптар ала білді.
Айталық, тараздық Ж. есімді азамат өзінің мүмкіндігі шектеулі екендігіне қарамастан шағын жеке кәсіппен айналысып отырғандығын айтып, бизнесін кеңейту үшін қолдау керектігін сұрады. Ол бұған дейін «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасы бойынша грант алып, өзінің үйінің маңындағы шағын ғимаратта жұмысын бастаған. Бүгінде мүгедектерге ортопедиялық аяқ киім тігумен айналысып отырған азаматтың өніміне деген сұраныстың күн санап арта түскен. Осы орайда ол үлкендеу цех ашу үшін жер телімі керектігін алға тартып, қолдау қажеттігін жеткізді.
Асқар Исабекұлы өз ісін дамытуға ынталы азаматты барынша қолдауға дайын екендігін жеткізіп, ол бойынша тиісті тұлғаларға нақты тапсырмалар жүктеді.
Ал, Шу ауданы Төле би ауылының тұрғыны Ө. Есімді азаматша көшесіне газ тарту және шайынды су құбырының жайына назар аудартты. Оған жауап берген облыс әкімдігінің энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Нұрлан Алдамжаров аталған мәселе алдағы жылы өз шешімін табатынын, бұл бағытта тиісті шаралар атқарылып жатқандығын тілге тиек етті.
Қабылдауға жазылған өзге де азаматтар әлеуметтік және тұрмыстық мәселелерді көтеріп, заң аясында нақты жауаптар ала алды. Бірқатар мәселер бойынша жауапты басшыларға тапсырмалар жүктеліп, хаттама толтырылды.

ПІКІР