"Топжарған"

КӨКПАР ДЕСЕ, ҚАНЫ ҚЫЗҒАН ҚАЗАҚПЫЗ…

Әр халықтың тектілігі мен танымы, қарым-қабілеті ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан ұлттық ойындарынан көрініс табады. Ал, ұлттық спорт түрлеріне деген қызығушылық киелі Әулиеата өңірінде әу бастан жоғары. Әсіресе, өңірімізде ат спорты ерекше серпін алған. Осы ретте ең алдымен тас тақым, құрыш білекті шабандоздары мен бабы келіскен арғымақтары талай додаларда топ жарып, көкпардан Қазақстан Республикасының тоғыз дүркін чемпионы атанған «Әулиеата» көкпар құрамасы ойға оралады.

Тарихқа шегініс жасар болсақ, елімізде алғаш көкпар командасын құрған өңірлердің бірі Жамбыл облысы. 1992-1993 жылдары елімізде тұңғыш рет республикалық «Тайбурыл-Тотализатор» атты дүбірлі дода өткізілгенде жамбылдық көкпаршылар «Әулиеата» командасы болып өнер көрсетіпті. Бұл белгілі қаламгер Шерхан Мұртазаның республикалық телерадио кешенін басқарып тұрған кезі. Сол кісінің қолдауымен жарыс «Қазақстан» ұлттық арнасының тікелей эфирі арқылы көрермендер назарына ұсынылады. Төрт өңірдің сайыпқыран көкпаршылары бәсекеге түсетін жарысқа баратындарды іріктеп, команда жасақтау барысында облыстың аузы уәлі азаматтары бірауыздан команданы «Әулиеата» деп атауды ұйғарыпты. Содан бері команданың атауы әлі өзгерген жоқ. Тұңғыш рет жоғары деңгейде ұйымдастырылған алғашқы көкпар аламанында «Сырдария», «Тайлақ», «Тайбурыл» командаларына жол берген «Әулиеата» төртінші орынды қанағат тұтады. Сонда көкпар аяқталған соң сол кездегі «Әулиеата» командасының жаттықтырушысы Нәби Момынов ұйымдастырушыларға алғысын айта отырып: «Біз жақта серкенің артқы екі сирағын қосақтап байлап тартады. Мұндай көкпар біз үшін таңсық. Амандық болса, алдағы уақыттарда «Әулиеата» командасын ұтудың өзі арман болады» деп сөзін түйіндеген екен. Шынымен-ақ, қазақ-қырғызға танымал атақты көкпаршы, «Әулиеата» көкпар командасының негізін қалаушы, ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы, ҚР Құрметті спорт қайраткері Нәби Рүстемұлының айтқаны айдай келді. Бүгінде команда шабандоздарының да, аттарының да атақтары алысқа кетті.

Осы орайда, әке жолын жалғап, қазіргі таңда «Әулиеата» көкпар құрамасын басқарып келе жатқан Нұрдәулет Момыновтың еңбегін айрықша атап өткен абзал. Ал, Нұрдәулет Нәбиұлының өзі команданың қандай да бір жоғары жетістікке жетуіне ең бастысы кезінде әкеден алған тәлім-тәрбиенің септігі тиетінін мақтанышпен айтады.

– Әкеміз Нәби жердің түбі болса да ат сабылтып барып, доданың дуын қыздырып, көк серкені бір тақымға іліндірсе, тірі пендеге алдырмайды екен. Бірде «Көршілес қырғыздарда керемет көкпар ұйымдастырылады» дегенді естіген әкеміз жолдың шалғайлығына қарамастан үш-төрт үзеңгілесін ертіп, қырғыз жеріне аттанып кетеді. Содан не керек, белгіленген уақытта көк серке ортаға тасталады. Үркердей топтанған қазақ жігіттерінің қолына көкпар тигізбеуді ойлаған қырғыздың намысқой азаматтары барын салып-ақ бақса керек. Сонда серіктерінің сылбыр қимылына күйіп кеткен әкеміз атына дырау қамшыны көміп-көміп алып, қалың доданы жарып кірген дейді. Әлден уақытта қою шаңның жел жағынан серкені салақтата тартып, екі көзі оттай жанып суырылып шыға келеді. Соңындағы тәмам қырғыз кезек-кезек жармасып, сілкілейді. Жабыла қолдасып та тартқан көрінеді. Әкеміздің жалғыз қолымен ғана тақымға басқан көкпарын бесін ауғаннан ымырт үйірілгенше қырғыз көкпаршыларының ешбірі жұлып ала алмай пұшайман болып, ақырында әкей сол қалпы атбасын Жамбылға бұрып, тартып кеткен екен.

Ертеректе әкеміздің «Апыр-ай, дәл өзімдей көкпар тартар бір ұл бұл елден қашан шығар екен?» деген сөзін жерлестері жиі естіпті. Құдайға шүкір, әкеміздің жолын абыроймен жалғап келе жатырмыз деп ойлаймын, – деп естеліктерімен бөлісті Н. Момынов.

Нұрдәулет Нәбиұлының айтуынша, елімізде көкпардан ел чемпионаты алғаш рет 2001 жылы Шығыс Қазақстан облысында өтіп, «Әулиеата» командасы тарихи жеңіске қол жеткізеді. Команданың осы жарқын жеңісінен кейін облысымызда ұлттық ойынымызды дамыту мақсатында ауыз толтырып айтарлықтай жұмыстар атқарылады. Сөйтіп, 2004 жылы «Әулиеата» көкпар клубы құрылады. Содан бері он бес жылдан астам уақыт өтті. Командада бірнеше буын алмасты. Бүгінгі таңда клубта 12 шабандоз бар. Барлығы тұрақты жалақы алады. Клуб директоры көкпарды әлемдік деңгейге шығару үшін қазіргі таңда жемісті жұмыстар атқарылып жатқанын, алдағы жоспарлар да аз еместігін жеткізді.

– Әкем партия қатарында болған ғой. Мақұлбек Байгелдиев пен Алтынбек Керімқұлов партия қызметкерлері. Демалыс күндері үшеуі атқа мініп, Қырғызстан мен Қазақстанның шекарасында бір сайға көкпар тартуға барады екен. «Колбиннің кезінде көкпар тартуға тыйым салынған. Сондықтан, сырт көзге көрінбейтін жерде тығылып шабамыз көкпарды. Қырғыздармен алдын ала келісіп аламыз. Партия билеттерін үйге тығып кетеміз. Алда-жалда бұндағы милициялар құлағдар болса, қырғыздар жағына, ол жақтың сақшыларының көзіне іліксек, бері қарай қашамыз» деп айтып отыратын. Бұл кісілер сөйтіп жүріп көкпарды өлтірмеген. Ол кезде баламын, әкем атқа мінгестіріп, мені де тастамайды. Үйде тыныш, жылы жерде жатуды ойлап, көбінесе барғым келмейтін. Сонда да болмай біраз сүйреп алып жүрді, кейін өзім қалмайтын болдым. Тоғызыншы сыныптан бастап көкпар шаптым. Жалпы, бұл қанымызға сіңген спорт деп ойлаймын. Бұны ешуақытта тастай алмаймыз, қанша қол-аяғымызды сындырып жатсақ та, атқа мінгеннен кейін бәрін ұмытып кетеміз. Момыновтар әулетінен шыққан ұлдардың бәрі шабандоз. Әкеміздің інілерінің балаларының ішінде де атқа мінбейтіні жоқ.

Көкпардың ата-бабамыздан келе жатқан ұлттық ойынымыз екенін айтып жатудың өзі артық. Соңғы жылдары елімізде көкпардан Азия, Әлем чемпионаттары өтуде. Сондай сәттерде төбеміз көкке бір елі ғана жетпей, кеудеңді мақтаныш сезімі кернейді. Көкпарымыз дәл осындай дәрежеде дамиды деп ешкім ойламаған да болар. Бірақ, бұл тек бастамасы деп білеміз. Алдағы уақытта бұдан да жоғары деңгейге көтерілеріне сенімдіміз.

Кейде ел ішінде жүргенде көкпарға, жылқыға байланысты түрлі алыпқашпа әңгімелер айтылып қалып жатады. Мәселен, кейбір сәуегейлер «уақыт көшімен көкпар ұмытылып, жылқымызды темір тұлпарлар алмастырады» дейді. Ал, кейде ізімізді басып келе жатқан шабандоз жастардың ынтасын, ниетін көргенде ешқашан олай болмайтынына көзіміз жетеді. Салада жүрген аға буын өкілдері де тек көкпарымызды ғана емес, барлық ұлттық ойындарымызды дамытуға бар күш-жігерін жұмсауы керек, – дейді Н. Нәбиұлы.

Нұрдәулет Момыновты іздеп Айша бибі ауылына барғанымызда да бір байқағанымыз, көкпар клубының маңында көк шыбықты ат қылып мінген кішкентай балалардың үйірсектеп жүргендігі. Біреулері шабандоздардың атының шылбырын ұстаса, енді бірі атбегілерге қолғабыс етуде. Қазіргі «Әулиеата» клубының көкпаршыларының басым бөлігі Айша бибі ауылынан десек, ауылда тағы бір болашақ көкпаршылардың буыны өсіп келе жатқанын көріп сүйсіндік.

Талғат НҰРХАНОВ

ПІКІР