Sport Сұхбат

«Көкпаршыларға арналған стадион қажет»

Кейінгі жылдары облыста көкпар спортына айрықша көңіл бөліне бастағаны жасырын емес. Нәтижелі жұмыстың арқасында өңірден тақымы тастай, серкені ұршықша иіретін шабандоздарымыз көптеп шығуда. Міне, сондай ат құлағында ойнаған көкпаршының бірі – Құлажан Тоғайбаев.
«Әулие-Ата» көкпар клубының ойыншысы кезінде «Лазер» атты сәйгүлігімен Азия біріншіліктерінде атой салса, «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесі аясында өткен Әлем чемпионатында «Үздік шабандоз» атанды. Міне, осы жампозымызбен жақында сұхбаттасудың сәті түскен еді.

– Құлажан Ерғалиұлы, әңгімеміздің әлқиссасын көкпарға қалай кел­ге­ні­ңіз­ден бастасақ…
– Көкпар спортына бет бұруыма Дүйсенғали есімді ағам себеп болды. Ол өзі Жуалы ауданына танымал шабандоз. Сол ағам бала кезімде көкпарға деген қызығушылығымды байқап, осы спорт түріне баулыды. Түп нағашыларым елімізге танымал, ат жалында өскен Момыновтар әулеті. Өз наға­шым Нұрғали Рысқұлов та атқұмар азамат. Сондықтан, менің де көкпаршы болуым заңдылық деп білемін.
Жалпы, Жуалы өңірі батыр Бауыржан Момышұлы, қазаққа белгілі жазушы-журналист Шерхан Мұртаза, генерал Бақытжан Ертаев сынды дара тұлғаларды тудырған киелі мекен. Сол себепті, біздің нағыз ер-азаматтың спорты саналатын көкпар тартуымыз заңды құбылыс. Негізінен, көкпар алаңына атойлап кіру үшін Құдай берген болмыс пен батылдық керек. Жуалылық жігіттерге осы қасиет дарыған деп ойлаймын.
– Осы орайда, еліміздің бірнеше дүркін чемпионы «Әулие-Ата» көкпар клубының құрылу тарихына тоқталып өтсеңіз?
– Жамбыл өңірі қай кезде де шабан­доз­дарымен дараланған. «Әулие-ата» коман­дасының құрылуына осы үлкен буын ағаларымыз өз үлестерін қосты. Атап өтсем, Нұрдәулет Момынов, Жұлдызхан Тайырбеков, Ғалымжан Ақылов, Ермен Жұмасаев сынды азаматтардың бұл бағытта сіңірген еңбектері ерен. Бұдан өзге де ағаларымыз керек кезде клубтың қасынан табылды. Сондай жанның бірі Нұрланбек Тлебарыс клубтың алғаш кірпіші қаланып жатқан тұста материалдық жағынан көп демеу жасады. Осы таңға дейін ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығының президенті Бекболат Тілеухан клуб жұмысына, өңір шабандоздарына жоғары бағасын берумен келеді. Біз де сенім үдесінен шығу үшін әрдайым өзімізді ширатып, облыс намысын қолдан бермеуге тырысудамыз.
– «Қазақ-қырғыз бір туған» деп жата­мыз. Десе де, көкпар спортына келгенде екі елдің шабандоздары әркез бәсекелестікке түсіп жатады. Оны біз «ЭКСПО-2017» көрмесі аясында өткен Әлем чемпионатында да байқадық. Айтыңызшы, қай елдің көкпаршылары мықты?
– Рас, айырқалпақты ағайындарымыз көкпар десе ішкен асын жерге қояды. Кей кездері Қырғызстанға барып, оңбай ұтылып қайтамыз. Десе де, егер қырғыздардай мықты бәсекелесіміз болмаса, біз өз-өзімізді қамшыламайтын едік. Бәсекелестік бар жерде, даму да болады. Осы қырынан келгенде қырғыз көкпаршыларының бізге тигізіп жатқан пайдасы өте зор.
Ал, қай елдің шабандоздары мықты дегенге келсек, көкпардан әлемде бір ғана чемпион бар. Ол – қазақтар. Біз осы биігімізден түспеуіміз керек.
– Жалпы, «қазақ – жылқы мінезді» деп жатамыз ғой. Көкпаршының болмысы қандай болуы керек?
– Өзім өмірде сабырлы, салмақты адаммын. «Намыс жоқ жерде, табыс жоқ» деген өмірлік ұстанымым бар. Негізі көкпаршылар намысшыл келеді. Бір салым сала алмай қалса немесе бір командадан жеңіліп жатса, шабандоздар жылқы секілді тебініп тұрады. Сол себепті де, кей-кезде қызбалыққа салынып, көкпаршылардың бір-бірімен айқасып қалатыны бар. Десе де, бұл спорт екенін бәрі іштей түсінеді. Менің жеке ойым, көкпаршы керек кезде, өз-өзін сабырға шақыра білуі керек. Сонда ғана, одан мықты шабандоз шығады.
– Көкпар спортына қатысты сізді қандай ой мазалайды?
– Осы уақытқа дейін Нұрдәулет Момынов ағамыз көкпарды орталық стадионның алаңында өткізу туралы жақсы мәселе көтеріп келеді. Көршілес Қырғызстанда көкпаршылар орталық үлкен стадионда шауып, оны тамашалаушылардың қарасы қалың болады. Бізге әзірге ондай мүмкіндік жасалмай отыр. Егер облыс әкімдігі тарапынан көкпаршыларға арнап бір стадион салынса, біздің одан асқан арманымыз болмас еді.
– Әңгімеңізге рақмет.

Сұхбаттасқан Мақсат Бегілдаев

ПІКІР