Көктемгі бет күтімі көркіңді сақтайды

0 11

Талай жылдан бері тері күтімімен айналысып жүрген косметолог Жадыра Әйгеннің айтуынша, барлық адам терісінде 20 жасқа жақындағанда қартаю процесі басталады екен.
– 20 жастан кейінгі өзгеріс бет түсінің көмескілене бастауынан анықталады. Әрине, ол жаста әжім түсу байқалмайды. Дегенмен 30 жастан кейін серпінділік төмендеп, шымырлық жоғалады. Тері болбырап, қабақ терісі салбырап, ұсақ әжімдер түсе бастайды. 30 бен 40 жас аралығында терінің жиі жарылып, қатқылданып, терең әжім түсуі сезіледі. Ал 40 жастан кейін бет терісі иілгіштігін жоғалтады, яғни әжімдер тереңдей бастайды деген сөз. Міне, сондықтан да теріге үнемі күтім жасап тұрған дұрыс. Әрине, табиғаттың заңдылығынан, қарттықтан ешкім де қашып құтыла алмайды. Әйткенмен тұрақты түрде теріңізге қажетінше күтім жасап, құрғап кетуінің, ылғалынан айырылуының алдын алсақ, табиғи сұлулығымызды біраз жасқа дейін сақтауға мүмкіндігіміз болады, – дейді Жадыра Хамитқызы.
Көктемде денсаулығымыз үшін дәрумен бізге қаншалықты қажет болса, бет терісі де соншалықты керек етеді. Үй жағдайында бетті қалай күтуге болады? Қандай маскаларды қолданған пайдалы? Бұл сұрақтардың жауабын маманның өзінен сұрадық.
– Құрғақ тері көктемде одан сайын ылғалынан айырылады. Сондықтан таңертең міндетті түрде бетке ылғалдандырғыш иісмай (крем), ал кешкісін қоректендіретін иісмай жаққан жөн. Үй жағдайында құрғақ бетке мынадай маска жасауды ұсынар едім:
1 ас қасық аскөк, 1 ас қасық зәйтүн майы, 1 ас қасық геркулесті араластырып, бетке жағып, 15 минуттан кейін жусаңыз болады. Ал майлы бет үшін мұқият тазартатын құралдарды қолданған дұрыс. Бұндай бетті құрғақ сумен ғана жуу пайдасыз. Сондықтан қайнаған суға түймедақ салып, сонымен де жуып тұрыңыздар. Бетті тазартатын масканың пайдасы зор. Майлы бетке үй жағдайында алма мен жұмыртқадан жасалған маска жасауға болады. 2 ас қасық үккіштен өткен алманы, 1 ас қасық крахмалды, шикі жұмыртқаның ағын араластырып, 10 минутқа бетке жағыңыз. Сосын жылы сумен жуып, соңынан суық сумен шайсаңыздар, оң әсерін көресіз. Сонымен қатар брендтік компаниялардың тиімді косметикалық құралдарын пайдаланып жүрсеңіз де бетіңіздің жастығын едәуір уақыт сақтауға мүмкіндік туады, – дейді Жадыра Әйген.
Қазіргі уақытта дамыған техниканың көмегімен бет әжімін тартып, теріге серпінділік беретін құрылғылар, аппараттар да бар. Ал ондай мүмкіндіктер қолжетімсіз болған жағдайда, теріңіздің құрғақ немесе майлылығына қарай мамандар айтқан маскаларды жасап жүрсеңіз де көркіңізді жоғалтпайсыз.

Қ.РАХМЕТУЛЛИНА

Leave A Reply

Your email address will not be published.