Жамбыл жаңалықтары

Көктемгі дала жұмыстарына әзірлік көңіл көншітпейді

Облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің төрағалық етуімен өткен аппараттық жиында бірқатар мәселелер талқыланып, жауаптыларға жұмысты жүйелеуге қатысты нақты тапсырмалар берілді.
Әуелі облыс әкімдігінің ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ерлан Құлкеев сөз алып, өңірдегі көктемгі дала жұмыстарына дайындық барысы туралы мәлімет берді. Ағымдағы жылы облыста ауыл шаруашылығы дақылдарын 602,7 мың гектар алқапқа орналастыру межеленіп отыр. Қолда бар мәліметке сүйенсек, жоспардағы көрсеткіш 45 мың гектарға артық орындалмақ.

Стратегиялық дақыл саналатын қызылша алқабын өткен жылмен салыстырғанда 14 пайызға арттыру да жоспарда бар. Егістік алқаптарын минералды тыңайтқыштармен қамтамасыз ету бағдарламасына жергілікті бюджеттен 800 миллион теңге қарастырылып, оны 116 мың гектар жерге енгізу көзделген. Агроқұрылымдарды тұқыммен және техникамен қамтамасыз етуде де мәселе болмайды. Алайда, бұның барлығы дерлік қағаз жүзінде. Басқарма жұмысы жаңадан бекітілген индикаторларға сай жүргізілмейді. Жауапты мекеме аудандардың көктемгі дала жұмыстарына дайындығын назардан шет қалдырған. Тұқымның сапасы мен оның өнімділігін зерделеу ісі де өз деңгейінде емес. Аталмыш кемшіліктерді жіпке тізген Асқар Исабекұлы басқарма басшысын жауапты кезеңге дайындық жұмыстарына салғырт қарамауға шақырды.

Мұнан соң, облыс аумағындағы көктемгі су тасқыны мен селге қарсы шаралар жайы сөз болды. Басқосудың күн тәртібіндегі мәселеге қатысты сөз алған облыс әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков су тасқынының алғашқы легінің өткендігін атап өтті. Дегенмен, Қордай, Меркі, Байзақ, Жамбыл, Т.Рысқұлов аудандарының әкімдері қар суынан келген қауіптің алдын алуда төтенше жағдайлар департаментімен бірлескен жұмысқа көңіл бөлгені жөн. Бұл орайда, күштік құрылымның 268 адам мен 47 техникадан тұратын 200-ге жуық жедел құтқару бөлімшесі сақадай-сай. Өңірдегі 117 су қоймасы мен бөгетіндегі жағдай да тұрақты бақылауға алынған.

Басқосудың күн тәртібіндегі кезекті мәселе бойынша облыс әкімдігінің экономика және бюджетті жоспарлау басқармасының басшысы Гүлдана Жауынбекова баяндама жасады. Өз баяндамасында басқарма басшысы өңірдің ағымдағы жылдың қаңтар-ақпан айларындағы әлеуметтік-экономикалық дамуы барысын сөз етті. Жиын барысында сондай-ақ облыс әкімінің хаттамаларының орындалу жайы талқыланды. Аудан әкімдері мен салалық басқарма басшылары ендігі кезекте цифрландыру ісінің кенже қалмауы, пайдаланылмай тұрған ғимараттарды қайта кәдеге жарату, бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін арттыру істеріне басымдық беретін болады. Мұнан өзге, электр энергиясы мен көмір бағасын арзандатуда арнайы талдау жүргізіледі. Облыс орталығының өзіндік келбетін қалыптастыру мәселесі де өңір басшысының жіті назарында болады.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

ПІКІР