Қоғам

Көктен биік көңіл

Written by Aray2005

Күн еңкейіп, Алатау мен Қаратаудың қолтықтасар қойнауына барып қалған кезі еді. Жуалының шеткі үйлерінен бері қарай қыбырлап жылжыған автокөліктер қарасы алыстан көріне бастады.
– Е, міне байырғы Мыңбұлақ жайлауы, тарихи кең алқапқа да жеттік, – деп жолаушының білетін бір жайын айтып қалғанымыз сол-ақ болатын. Су жаңа «Maxima» автокөлігінің артқы жағында үнсіз, ойға шомып отырған Серік Үмбетов:
– Бұл Шерағаның ауылы ғой. Баукеңдей ұлы адамдардың шыққан жері. Сәл тоқтай тұрыңдаршы, күн көзі ашықта сұлу табиғатын тамашалап, саф ауасымен тыныстап алайық, – деді өзіне тән мейірімді де жұмсақ мінезімен.
Табиғаттың да, заманның да қабағы ашық болуды ұлылардың атамекеніне қарап терең түсінуге болады, – деген ойын күн көзінің ыстығынан көлегейлей тұрып, бұрынғы әулиелер «адам болып оңай туғанмен, адам болып қалу көп қиын» деп бекер айтқан жоқ шығар…
Сол уақытта әлі де болса көпшілікке кеңінен таныла қоймаса да Алматы облысы әкімі қызметіне енді-енді тағайындалуымен елді елең еткізген Серік Үмбетов қазақи жолмен киелі де қасиетті орындарға арнайы барып, мұсылман баласына тән Құран оқытып, дұға-тілектер бағыштап, Арыстан баб, Отырар, Түркістаннан Алматыға қайта оралып келе жатқан болатын.
Ол кісінің жолсеріктестері Керімжан Бижанов екеуіміз бұл сапарымыздың мән-мағынасын Прудки (Аққайнар) ауылында тұратын әкесі Әбікен ақсақалдың ақ батасын алып, жолға шыққан сәттен түсінгенбіз. Әке аманаты бойынша ел қамын ойлаған азамат әруақтарды сыйлап, жан-дүние тазалығын сақтауды әсте естен шығаруға болмайды деген-ді. Бұған қоса жыр алыбы Жамбылдың 150 жылдық тойының қарсаңында ел азаматтары үшін ұлттық рухты қастерлеуден артық не бар?
Күйік асуынан Тараз қаласына қарай жол қысқара түскен. Әлгінде ғана әке аманатын орындауға деген перзентік пейілін елдік биікке көтерген Секең:
– Мынадай қасиетті елде туып, өсіп, қызмет ету қандай бақыт. Неге екенін қайдам мен де Жамбыл жерін жақсы көремін. Бұл жақта жақсы адамдар тұрады, – деген сөзін бұл жазбамызда келтірудің алғаш реті келіп қалды.
Шынымды айтсам, Құдай аузына салды ма, көп уақыт ұзаған жоқ, Секең Жамбыл облысына әкім болып барғанда, Алматыда «Egemen Qazaqstan» газеті редакциясында отырғанымызда Шерағаңа өзімше сыр қылып айтқанмын.
– Жамбылдың бағына барған шығар, бәлкім! – Әр сөзінен шашау шығармай, шарболаттай шарт түйетін Шерағаның көңілі көтеріліп «Әп, бәрекелді, Құдай ниетіне берген екен» деген-ді.
Адамның бір аты – пенде. Қай өңірге жаңа басшы келгенде олардың үрім-бұтағына дейін әп-сәтте біліп алатын (әрине, кей тұста ақиқаттан алыс долбар жасай алатын әдетіміз де кездесіпті) мықтылығымыз да бар.
«Жамбыл – менің қос қанатым!» деп Тұманбай Молдағалиев жырлағандай, Алатау мен Қаратау аясында Әулиеата өңірі Жетісу жұртымен етене аралас-құралас жатқан ел, тіптен, ресми болмаса, ата-баба жолымен қарасақ еншісі де бөлінбеген байырғы жұрт емес пе?!
Сол 1996 жылы Жамбыл бабамыздың тойы көлемі жағынан да, халықты қамту тұрғысында да елдік төрге озған жиын болды.
Қарапайым ауыл баласы, еңбекпен есейіп, шаруашылық одан әрі аудан басқарып, облыс әкімінің орынбасары болған, енді әкімі, майдангердің он баласының үлкені Серік Әбікенұлы осы жауапкершілігі зор той қарсаңында қазақтың атақты ақын-жазушыларын Талғардың көгілдір тау бөктерінде бас қостырып, алқалы ағайынға «Ал, ағалар! Той тағылымы жас ұрпаққа өнеге болып қалуы үшін қандай ақыл кеңес бересіздер!» деген ақылдасу сұрақтарын ортаға тастаған кездесуге де куәміз. Паһ шіркін, аяқтыға жол бермеген, ауыздыға сөз бермеген Хамит Ерғалиев, Зейнолла Қабдолов, Қалтай Мұхамеджанов, Қадыр Мырза-Әлі тәрізді ақын-жазушылар мен әдебиетшілер Жамбыл ақынның құдіреті мен елдік мұраттың баянды болуы тұрғысында келтірген небір терең ойлары кең жайлауда иық тірестіріп отырған 150-200 қаламгердің жүрек түкпірінен орын алды.
Қай кезде де бақыт ылғи кешігіп жүреді деген қисыны бар ой бұл жолы қиыса алмай, халық өкілдерімен шынайы пікірлесіп, сөйлесу пайдалы болды. Дайын асқа тік қасық болу, кей жақынның кебісіңнің бір елі биіктігін де қимайды дейтін өмірде кездесетін пендешіліктерді кейін ысырып, көпшілік болғанда да, елдің бетке ұстар азаматтарымен бас қосып, ортақ әлеуметтік жауапкершілікті орнықтыра білу басшының болмысы мен ұйытқы бола алатын ұтымды қыр-сырын аңғартқан еді.
Алақандай Күрті ауданынан түлеп ұшқан бұл азаматтың артықшылығы – жастайынан сықиған шенеунік болу сипаты емес, ауыл тіршілігінен қайнап, шыңдалған еңбеккер басшыға тән тындырымды және бейнетті жұмыстың жөні мен ретін тиянақты атқаратын қарым – қабілетінің көзге ертерек ілінгені.
Қазіргі кезде Серік Әбікенұлы Парламент Мәжілісінің депутаты, ал оның билікке, саясат сахнасына алғашқы қадамы сонау 1988 жылдары Жоғарғы Кеңеске депутат болып сайлануға үміткер болып тіркелуінен басталғанын, тіптен өзі шаруашылық директоры қызметінде жүріп көрші аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы лауазымындағы адаммен (сол уақытта екі аудан бір сайлау округіне топтасқан) ақтық сында баламалы бәсекеге түскені де арманшыл жастың өмірінде өз ізін қалдырды. Бір қызығы, сол партиялық жолмен сайлауда бірер дауыс артық алған деген аупарткомның бірінші хатшысы кейінірек Секеңнің қарамағында қызмет атқарды.
Уақыт – көшкен керуен, жылдар өтер.
Жас жігіт ер жетер.
Атақ-даңқы алысқа кетер.
Қордай ауданындағы Красногор совхоз-техникумының үздік студенті оқу орнының ұстаздары мен курстастарының есінде қалар. Араға жылдар салып, сол қара бала кеңшар директоры, аудандық агроөнеркәсіп төрағасы, аудан әкімі болады деген сенім болса, тай кезінен танитын осы кісілердің ойлауы өмір заңы еді.
Өзін-өзі тапқан адам – бақытты адам, өзін-өзі ешуақытта жоғалтпаған адам – тіптен бақыттырақ адам дейді.
Тағдырдың тоғыстыруы жақсы адамдар өмірінде мүлдем кездейсоқтықтан болуы да мүмкін. Мына бір әңгіменің желісі тіптен ерекше ме?..
Алматы обкомының бірінші хатшысы атақты Асанбай Асқаров құмды дала, суы мен нуы аздау Күрті ауданына бара қалсыншы. Малшылар тұрмысымен танысып, шаруашылық жағдайын қарайды. Әңгімелеседі. Мәселені шешеді.
Дастарқаннан дәм татады. Астаналық облыстың басшысы елдің келешегінен ойлы сөздер айтып, ақ батасын береді.
Қазақ ырымшыл халық. Сыйлы қонақ аттанып кеткеннен кейін дастарқан басына жергілікті азаматтар қайта оралатын дәстүр бар. Сол бір әдемі әсерлі шақта «Асекеңнің орнына отырып, ырым жасайықшы!» деген ыстық ықыласты сөз естілгенде кілең директорлар самсап тұрғанына қарамастан, ұмытпасам, «Айдарлы» кеңшарының директоры: «Жігіттер, Асекең отырған орынға біздің болашағымыз Серік Үмбетов деген азаматты отырғызып алайық!» деп ұсыныс жасайды. Бұл сөзді қостағандар көп, сонымен бірге селк ете қалғандар да болады. Секең өзін ыңғайсыз сезінгенімен, іштей толқып, қуанады.
Былайғы жұрт ол кісіні салт-дәстүрге берік, ырымшыл басшы деуінде осындай аз ғана сыр бар.
Асанбай ағасына ұқсап Алматы мен Жамбыл облысын басқарды.
Өмір жолы өрнекті болды. Алматы облысынан Жамбылға барды. Жамбылдан Нұр-Сұлтанға ауысып, Ауыл шаруашылығы министрі қызметін атқарды. Одан әрі Алматы облысына қайта оралды. Құдай адамның ниетіне береді. Секең әкім әріптестеріне арасында әруақтар рухына әрдайым тағзым етіп, әмбие-әулиелер басына барып, Құран бағыштауды адамгершілік сенім биігі мен тәуба шүкіршілікті халқы үшін жасайтын тәрбие жолы деп айтқанымыз жөн болар.
Адал да абыройлы әкімнің адамгершілік қадір-қасиетінен бір нәрсені бөле жара айтуға тура келеді.
Қазақ елінде қалам ұстаған қаламгерлер мен журналистер назарында тұрып, өздерін іздеп, сұрап жүретін бір әкім басшы болса, «ол біздің Серік бауырымыз не ағамыз!» деп көп үнді хормен де айта алады. Бұлай риза болуы адамды алаламай, құрметпен күтіп алуы бір басқа, ең бастысы, ұлттық рухтың бабы мен бағын келтіру жолында бірлесе қызмет етуінде. «Өзің қандай болсаң, өмір сондай» деген қанатты сөзден бастау алатын ақыл-ой әңгімесі ұзақ уақыт есте жүреді.
Турасын айтсақ, Үмбетов рухани тәрбиенің насихаттаушысы ғана емес, нағыз көркі. Бұл арада ол кісі Жамбылға келген жылдары әлеуметтік-экономикалық жағдайдың әбден төмендеп, адамдардың табыс табуы қиындықтарға соқтырғаны, жалақы жоқ, жарық жоқ, газ-отыны жоқ… деп санамалап айтатын кезеңді бастан өткеріп, ел есін жинауда бірлесе, оның өзінде де түсіндіру мен сенімге ие болу қарекеттерін жергілікті халық біледі әрі құрметтейді деп ойлаймыз.
Қоғам қайраткері әртүрлі ұрпақтар өкілдерінің мүдде жақындығын ең берік дәнекер деп саяси ұстаным жасауы өзіндік үлгі. Сабақтастық жалғастырар идеялық бағыт та дұрыс болып шықты. Мемлекетшілдік қасиеттер мен ұлттық сананы үйлестіре білудің өзіндік өрнегін де ұсына алды.
Солардың бірі – жамбылдық қариялардың қазына-байлыққа баланған дәстүрі негізінде тәлім-тәрбие жолы қалыптасты.
Секең өзінің оқшау ойлар кітабында «Мен Әулиеатаның халқына ризамын. Қариялары тұнып тұрған қазына. Асыл аналарымыздың ақ тілеуіне қарап, елін таныдым» деп ағынан жарылуы бекер ме? Жайшылықта ол кісінің «Жамбылдың ақсақалдары – өте мықты» деп айтуы бағасын білгені. Шын мәнінде сол кезеңде жамбылдық ардагерлер қоғам мен ұлттың ар-ұяты десе, дегендей-ақ еді. Бойында қуат, ойында нәр бар. Тарихи шежіреде Төлеубек Жамбылов, Уатай Әлімходжаев, Сейілхан Аққозиев, Әнуарбек Сандыбаев, Өтеулі Досыбиев, Рахманберді Келесов, Әкім Садықбеков, Тілеуқабыл Төребеков, Баттал Жаңабаев тәрізді ардақты ағалардың есімдері өшпестей жазылары анық. Секеңнің елордадан арнайы келіп Төребеков пен Жаңабаев ағаларымызды 90 жылдық мерекесімен құттықтауы, о дүниелік кісілердің үйіне барып, көңіл білдіруі, бәрі-бәрі екінің бірінің ойына келсе, жолы түсе бермейтін, есінен шығып кетпесе де сәтін келтіре алмайтын ізгілікті қасиеттер. Ұят мерейін үстем еткен мұндай өнегелі өмірді жас толқын жастар да, ересектері де үйренуі қажет.
Бұл адамгершілік жолы кейбірде аңызға бергісіз әңгіме арқауы болуы да негізсіз емес.
Ел ішінде, несіне жасырайық, әйтеуір шенеунік адам жайында әртүрлі сөз айтылады. Бірін мақтайды, бірін даттайды.
Серік Үмбетовтың азаматтық абыройы мен халыққа жасаған жақсылықтары әрдайым үлкен-кішінің арасында сый-құрметпен аталады. Мейлінше мейірімді, бірақ іс басында қатал, әлсізге қамқор, мықтыға тілеулес, ұлттық мінезге бай, ұлылық пен қасиетке ұластырған ұстаз-аға кейпінде. Имандылық пен қанағатшыл адамдардың мәдени ортасын қалыптастырды.
Заманымыздың заңғар жазушысы Шыңғыс Айтматовтың қырғыз жерінде «Манас» жырының 1000 жылдық мерекесіне жайылған дастарқан төрінде «Серік бауырым, мен осы Тараз қаласына барсам, ерекше тынығып, демаламын!» деп Секеңе қаратып айтуын қазақ дастарқанына арақ-шарап қойғызбайтын, сары қымыз бен шұбатты шипалы сусын ретінде ұсынатын таза дәстүрді сақтап келе жатқанын меңзепті дескен жұрт.
Бұл дәстүр жайында кезінде халық жазушысы Шерхан Мұртаза ағамыз да жазып, қуаттаған сәті ойымызда. Әсілі, Секең ардақты жазушы ағамыз Шерағаны жанындай жақын көрді. Пір тұтты! Әбіш Кекілбаевтай данагөй көкесін үлгі қылды. Әбағаңның баға жетпес құнды дүниесі «Талайғы Тараз» осы тұста жазылды. Жалпы, Секең барша қалам иелерімен, өнер дүлдүлдерін төбесіне көтерді. Не істесе де көп айқаймен емес, аса бір сүйкімді сөзімен сүйемелеп, жүрегін ашты.
Тараз – Әулиеата тарихында ізі қалып, қолтаңбасы бедерленген басшы азаматтар көп болған.
Көне шаһардың 2000 жылдық мерекесі арқылы тарихи қаланың еңсесін түзеп, келбет-ажарын заманында айшықтаған Серік Үмбетов сирек саңлақтың серкесі. Бұл – қалың бұқара мен қоғамдық пікірдің өзегі болып қалуы да азаматқа қол жеткізе бермес абырой. Мұны ол кісінің өзі де сезеді. Отбасы, бала-шағасы да сезеді. Дос-жолдастары да мақтан етеді. Тәуелсіз Қазақстанның көрнекті тұлғалары қатарында Ел ағасы жасында дуалы ауыз айтсын. «Ел серігі» деген кітапты одан да бұрын жарық көрген деректі туындыны ашып қараңыз, Шерхан Мұртаза, Серік Қирабаев, Тұрсынбек Кәкішев, Нұрлан Оразалин, Күләш Ахметова, Смағұл Елубаев, Жүрсін Ерман және талай-талай айтулы қаламгер-әдебиетші әріптестерінің алғыс жаудырған, риза көңілдеріне куә боласыз. Араларында ағалар да бар, әпкелер де бар, ізбасарлар да бар. Қазақ елінің төрт қиырынан үн қатады. Біледі, білген соң айтады…
Жамбылдық журналистер ол кісіні неге жақсы көреді? Тағы да айтайық. Бүгіндері оқырмандар ықыласы ауған «ARAI» деген өңірлік жастар басылымы осыдан 15 жыл бұрын Секеңнің табандылық танытып, қолдауымен ашылған. Газеттің алғашқы нөмірінде қол қойған мақаласы тұр. Белгілі жазушы Несіпбек Дәутайұлының армандап жүрген «Жамбыл» әдеби журналы да сол жылдары жарыққа шықты. Бірі республикамыздың өңірлерінде ашылған алғашқы жастар газеті, екіншісі өнірлік тұңғыш журнал.
Бұл да адам өмірі, қоғам тарихы. Ілгеріде көреген кісілер ел бастайтын жігіттің үш белгісі болады, олар-тыңдай білу, сынай білу және сыйлай білу, деп айтып кеткен екен. Біз бұл ақылды сөзді Секеңнің күнделік жазбасынан көріп, жазып алғанбыз.
Үлгілі үш таған үш белгінің бағын ашып, бойға сіңіру үміт пен сенімді ақтау жолы болар. Ғұламалар ғибратынан ұққанымыз мемлекеттік басқару қызметінде де, қарапайым өмірде де жақсылықтар мен ізгіліктерді жасап, халқына пайдасы тиетін қат-қабат тірлікте еңбегі зор адамның көңілі көктен биік болады.
Бұл өмірлік қағиданың дұрыстығын Серік Үмбетовтың қадірлі еңбек жолы мен атқарып келе жатқан мемлекеттік-қоғамдық құнды қызметтеріне қарап айтып отырмыз.

Мейрамбек Төлепберген,
журналист-публицист, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері

ПІКІР