Қоғам

Қол бұлғап шақырады түнгі клуб, жастар жүр маңайында мың құбылып…

«Сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та, бар қалан» дейді халқымыздың ұлы ақыны, ойшылы Абай Құнанбаев. Алайда, бүгінде дүниенің кетігін кафе мен клубтан іздеп жүрген жастар да жетерлік. Оның үстіне көне шаһарда көңіл көтеруге арналған орындар санының жыл өткен сайын арта түсуі де алаңдатпай қоймайды. Мысалы, өңірде кешқұрым көпшілік көп шоғырланатын 500-ден астам кафе болса, облыс орталығында 150-ге жуық әр түрлі ойын-сауық орындары бар. Оған түн жарымынан таңға дейін у-шуы басылмайтын клубтарды қосыңыз. Бұл жерлер бүгінде жастар арасындағы құқықбұзушылықтың алаңына айналып отырғаны да жасырын емес.

Баланың көңілі далада

«Ананың көңілі балада, баланың көңілі далада» дейді халық. Даладағы баланың аңсары қазір ойын-сауық орындарына ауып тұр. Бір сәттік һәм бір күндік көңіл көтеру үшін алтын уақытын да, ата-анасы маңдай терімен тапқан қаражатты да тәрк етуге даяр. Сол бір күндік шалқыған шаттықтың аяғы «Түлен егер түртпесе, түнде қоян жорта ма»-ның кебін киіп, аяғы орны толмас өкінішке айналарын бірі білмесе, енді бірі білуге бас қатырғысы келмейді. Қазір күндізгі уақытта оқу орындарынан табылмайтын жастардың барлығын түнгі клубтар мен барлардан кезіктіру қалыпты жағдайға айналғандай.

Соңғы жылдары елімізде ақпарат құралдарынан түнгі клубта қайғылы қазаға ұшыраған немесе көңіл көтеру орнынан шығып із-түзсіз кеткен 19-29 жас аралығындағы азаматтар жайлы жиі айтылатын болды. Қайсыбірін айтып тізбектесек те, қоғамды алаңдатып отырған мұндай оқиғалар легі толастар емес. Тіпті, соңғы он жылдың ішінде әлемнің түкпір-түкпіріндегі қайғылы оқиғалардың басым көпшілігі түнгі ойын-сауық орындарында болған. Мұндай көңіл қынжылтып, жүрек ауыртатын мәліметтерді саралай отырып, түнгі клубтар мен кафелердің жер-жерлердегі қауіптің қоламтасы екеніне еріксіз көз жеткізесің…

Қызым – үйде, қылығы – түзде

Жалын атқан жастарды жетегіне еріксіз көндіріп, жіпсіз байлап тастаған осындай орындардағы тартылыс заңының құпиясын зерделеп, ондағы келушілердің ойын біліп, әрекетін көзбен көру мақсатында қою қараңғыда Тараз қаласының Пушкин көшесінде орналасқан «Hide out» түнгі клубына ат басын бұрдық. Қызықтан құралақан қалып қоярдай жанталасып ішке ентелеген замандастармен бірге көпшіліктің арасына сіңіп кеттік. Бұл ойын-сауық орны кешкі 17:00-ден таңғы 5.00-ге дейін ашық. Алайда, түнгі бардың қызығы сағат 00:00-ден кейін басталады екен. Адамның көптігі соншама, даяшылардың шаруасы шаш етектен. Тіпті шөлмек тасып, нәпақа тауып жүрген олардың арасында да уыздай уылжыған жастарды кезіктіру қиын емес. Әйтеуір, арадай құжынағандардың арасынан жарты сағат жағалап жүріп бір орын таптық. Байқасақ, желіккендер үшін қайнаған өмір осында. Бір сағатқа дейінгі аралықта ойналатын «Микс» деп аталатын даңғаза әуендер топтамасынан миың мезі болып, тіпті өз ойыңды өзің ести алмай дал боласың. Ашық-шашық киінгені былай тұрсын, түтінге тұншығып, ащы суға сылқия тойған арулардың дені қазақтың қаракөздері. Кештің қызығы қызған уақытта ұлдан ұят, қыздан ес кетті. Құдды бір Шыңғыс Айтматовтың «Құз басындағы аңшының зары» кітабындағы ақылынан алжасқан мәңгүрт пен қазіргі шетелдік фильмсымақтардағы «зомбилер» секілді. Сөзін адам түсінбейтін клуб диджейі біреулерді туған күнімен құттықтап, отқа май құйғандай у-шуды ушықтырып жатыр. Би алаңында жын қаққандай жартылай жалаңаш тәндерін мәнсіз музыкамен мың бұралтып, құлақ тұндыра шыңғырып жатқан қыздардың мұндай өнеріне мас болған жігіттердің де ысқырығы жер жарады. Екі қолымен шашын, мойнын сипалап, сылаңдап жарыса билеген қыздардың арасында әсіре мастықпен жыртыққа жамау болуға жарамайтын киімдерін шешіп тастап, дастархан басында оларға мөлие қарап отырған жігіттерге лақтырып жатқандары тым ерсі көрінеді. Арақ-шарап пен шылымның саудасы сағат сайын қызуда. Ешқайсысының бұл жерге тамақтану үшін келмегені бірден аңғарылады. Бізбен қатар кіріп, мәдениетті түрде ішімдікке тойған төрт қыз түнгі сағат екілер шамасында би алаңында танысқан бейтаныс жігіттермен қолтықтасып, сыртқа беттеп бара жатты. Елі мен Отанына қорған болсын деп туғанда анасы қалжа жеген қазақтың жігіттеріне де керегі осы секілді. Олардың арасында болмашы бірдеңелерге бола бір-бірінің жағасына жармасып жүргендері де бар. Дәл сондай мастықтың, көңіл көтерудің дәрежесіне жету үшін аталған жерде кемінде 15 мың теңгедей жұмсалады. Ал, клубта тегін жүрген ешкім жоқ. Ата-анасының тірнектеп жинаған ақшасын осылай далаға шашып жүрген жастарға қарап, қынжылудан басқа амалымыз қалмады. Жұмыс жасап, өздерінің адал еңбегімен ақша таппақ түгілі, оқуын әлі аяқтай алмай жүргендері түрлерінде жазылып тұр. «Қызым үйде – қылығы түзде» дегеніміз осы ма, сонда? Бұдан кейін жастар арасындағы маскүнемдік пен нашақорлық, адам шошырлық құқықбұзушылықтар қайдан шығады деуге аузың да бармайды екен.

Сауықшылдар не
дейді?

Ауыр ойдың жетегінде отырып, біз, түнкезбе жастардың кейбірімен тілдесіп те үлгердік.
– Менің жасым жиырмада. Түнгі ойын-сауық орындарына жиі келемін. Көбіне құрбыларыммен жүремін. Бұған дейін «Шолпан», «Navigator», «Шанс», «Рай» клубтарына жиі баратынбыз. Қазір ол жерлер уақытша жұмыс істеп тұрған жоқ. Сондықтан, жаңадан ашылған «Hide out», «M-Club Fashion», «Фабрика» атты көңіл көтеру орындарының тұрақты «тұрғындарының» біріміз. Бұл жерлердегі дизайн, жаңа хит әуендер, еуропалық үлгідегі ас мәзірі маған қатты ұнайды. Есесіне басқа кафелерге сандалмайсың. Құрбыларыммен ортадан ақша шығарып, әр аптаның соңында өзіміздің сүйікті орнымызды жағалаймыз. Бас-басымызға шаққанда 6 мың теңгеден артық жұмсалады. Маған осындай көңіл көтеру орындарының атмосферасы ұнайды. Әрине, ішімдік ішпей отыруға да болады. Жастар көбіне мұндай жерлерге билеуге, кальян шегуге, бір-бірімен танысуға келеді, – деді өзін Нұрбибі Алдиярова деп таныстырған бойжеткен.

Әрине, заман ағымының өз дегенін жасап жатқаны жастардың ашық айтылған ойынан оңай байқалады. Ал, 25 жастағы Зарина Жарқынбекова жеті түнде мұндай жерлерге диджейлердің өнерін тамашалау үшін келеді екен.

– Мен көбіне қаладағы «Barbaris», «Фабрика», «Esperanza» , «Emotion Lounge Bar» мен «Чечил пабқа» барып тұрамын. Мені жанды дауыста орындалатын әндер, басқа қаладан немесе өзге елдерден келетін шетелдік диджейлердің өнері қатты қызықтырады. Бірақ, аталған орындарда, шындығын айтқанда, виски, мартини, коньяк пен алкогольді коктейлдерге, яғни ішімдікке басымдық көп беріледі. Арнайы жеңілдіктер мен акциялар ұйымдастырылып тұрады. Кейбір күндері өздерінің дайындаған бағдарламалары бойынша ойындар ойнатылады. Бірақ, ойындардан аулақтау жүремін. Себебі, ол үшін ішімдік ішу, шешіну немесе бейтаныс бір жігітпен сүйісу секілді талаптарды орындауың керек. Бірақ, қатып қалған қағида жоқ. Бағдарламалар өзгеріп тұрады. Маған ол жерлер сонысымен де қызық, сонысымен де креативті, – дейді Зарина.

Біз қаладағы «Чечил пабқа» да бардық. Орыс тілінде «Барлық жол Чечил пабқа жетелейді» деген жарнамалық жазуының өзі секем туғызады. Сонымен қатар, Заринаның айтқанындай, бұл жерде «Винный четверг», «Крепкий понедельник» деп, аптаның әр күнін алкогольмен байланыстырып қойған акциялар ұйымдастырылады екен. Тіпті, неміс философы Фридрих Ницшенің «Біз бисіз өткізген әрбір күнімізді қайта саралауымыз керек» деген сөзін ұрандай көреді. Әлеуметтік желілердегі жарнамалық парақшаларында да осы сөзді алға тартатын бұл орында демалу үшін қалтаңда кем дегенде жеті, сегіз мың теңгең болу керек.

Жолай жастардың жиі жиналатын «Mansard Bar» ойын-сауық орнына да бас сұқтық.
– Маған тыныш, баяу музыкалардан гөрі өзіммен қатар жастар көп жиналған жерлер мен биге арналған қатты әуендер ұнайды. Кей жерлерде мейрам күндері қыздардың гоу-гоу билері ұйымдастырылады. Ондай кештерде бәрі қызық, қалай таңның атып кеткенін байқамай да қаласың. Мұнда жаңа достар табуға, олармен би билеп, бірге көңіл көтеруге, караокемен ән айтуға болады. Мен өзім түнгі ойын-сауық орындарына қатты құмартпаймын. Бірақ, достарымның туған күндерін көбіне осындай жерлерде атап өтеміз. Аптасына бір рет осындай жерлерге бас сұқпаса көңілі көншімейтін, би десе арқасы қозып тұратын достарым да бар. Әрине, мүмкіндік болса күнде баруға болады. Ол үшін қалтаң қалың болуы керек,– дейді он сегіз жасар Асылхан Сәдуақасов.

1960 жылы Мадонна бастаған Америка әйелдерінің үстел үстіне шығып, жалаңаш билейтін ерсі әрекеті қазір жастардың тілінде осылай «гоу-гоу» деп аталады. Өзгергені – бүгінде қыздар оны топ болып билейді. Еуропаны еліткен бұл би тоқсаныншы жылдары Ресейді, 2000 жылдары жапондық жастарды жауласа, қазір біздің төбемізден төніп тұрған қатердей.
Қалтасында қаржысы аз болса да, «VIP» орындарда жайғасқан жастарды «Park Palace» ойын-сауық орнынан да кезіктірдік.

– Өзіміз қатарлы жастар күн сайын келеді. Туған күндері мен қуаныштарын атап өтетін жастар бір отырыста 80-90 мың теңге қаржы жұмсайды. Бұрындары «Mansard» нысанында жұмыс жасағанмын. Қай жерде де кальян мен алкогольге, музыка мен биге сұраныс жоғары. Жастар жағы бізге көбіне қайсыбір жерлерден ішімдікке тойып немесе тойдан шығып келеді. Одан кейін тыныш жүрсе жақсы ғой. Жоқ, ерегіседі, төбелеседі. Сосын, тек жігіттер ғана мұндай әрекетке бара береді деп айта алмаймын. Алкогольді асыра сілтеген қыздар қауымы да бұл тұрғыда осал емес. Арасында тіпті даяшылардың жұмысына килігіп, орынсыз шу шығаратын қыздар да баршылық. Байқағаным, қазір жастардың барлығы өзіне тым сенімді, өздерінің тілімен айтқанда, шеттерінен «блатной». Кейбір өрескел қылықтарымен басқалардан өзін ерекше көрсеткісі келеді. Бірақ, біз үшін, әрине, қонақтардың қауіпсіздігі басты назарда. Жауапты міндетімізді өз деңгейінде атқаруға тырысамыз, – дейді «Park Palace» көңіл көтеру кешенінің күзетшісі Нұрғиса Тұрғынбек.

Бұл тұста да Абайдың «Тегінде адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озады. Одан басқа нәрсемен оздым ғой демектің бәрі ақымақшылық» деген ақиқаты еріксіз ойға оралады. Жалпы, бүгінде кейбір жастардың бір сәттік рахатқа бөлейтін дүниелерге қызығатынын анық аңғардық.

Қорқор шегіп, қор болма

Шылым мен шарап секілді денсаулыққа зиян келтіретін дүниелер қатарына қазір кальян дейтін ешкімнің қарсылығын тудырмайтын мәдениетті зат келді. Бірақ, анығында солай ма? Тіпті, Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігі 2013 жылы кальянды қоғамдық орындарда шегуге тыйым салатын қаулы да қабылдады. Қаулыда кальянның адам денсаулығына келтірер зияндылығын бірнешесін соқырға таяқ ұстатқандай тізіп көрсетті. Соған қарамастан, кальян жастар арасында үлкен сұранысқа ие. Оны кез келген жерде, кез келген уақытта және кез келген себепке байланысты қолданатын болды. Аталған министрлік кальянға қарсы шектеу қойғанымен, бүгінде бұл мәселеге алаңдап, бас ауыртып жатқан ешкім жоқ. Тіпті, кейбір мейрамханалар мен дәмханаларда темекі тартуға тыйым салынғанымен, кальянға еш қарсылық жоқ. Жастар арасында сәнге айналған кальян құрамындағы түрлі хош иісті микстер қазір Қазақстанға Қытайдан жеткізілетін көрінеді. Арнайы сараптамалар нәтижесінде микстердің қоспаларында JWH-018, JWH-027, JWH-073, JWH-200 деген каннабиноидты синтетикалық заттар анықталған. Яғни, оны тұрақты тұтынудың арты гепатит, герпес, туберкулез, қатерлі ісік ауруларына, жүйке жүйесінің бұзылуына шалдықтырады екен. Әйтеуір, не жануардың, не құстың қатарына жатпайтын, жанары қараңғыға байланып, ебедейсіз теңселіп жүретін жарқанаттардай түнде түз кезген жастар осындай дүниелерге әуес-ақ.

Бұл тұрғыда ізгілік жолындағы асыл дініміз не дейді? Оны да айта кетейік. Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) бір хадисінде: «Балаларыңды ақшам намазы кезінде үйге кіргізіңіздер, олар жындармен соқтығысып қалмасын» дейді. Ақшам намазы – жындардың ауысып жататын уақыты екен. Ал, бізде қалай? Кешкісін «Әкеңе білдірме, ертерек кел, ұрысып жүрмесін» деп өзі шығарып салатын аналар ақыр соңында ұл-қызының қайда жүргенінен де бейхабар болады.

Қазір «түнгі қала тентектеріне» қарап, олар үшін өткеннің өнегесі мен жарқын болашақтан гөрі бір түннің бүлігі артық па деп қайран қаласың. Ата-ана демекші, жылдың басталғаны кеше ғана, бірақ өңірде 16 ата-ана өздерінің ата-аналық құқығынан айырылып үлгерген. Оның себеп-салдары – ұл-қыздарының түнгі уақытта бейберекет көше мен кафе кезіп, заңбұзушылыққа баруы.

– Бұрнағы жылмен салыстырғанда былтыр кәмелетке толмаған жасөспірімдердің түнгі мезгілде көңіл көтеру орындарында болған оқиғалары 80-нен 82 дерекке өскен. Оларға алкогольді өнімдерді сатқан орындар 62-ден 82-ге артып отыр. Жасөспірімдерге ішімдік пен темекі өнімдерін сатқан көңіл көтеру орындарының көш басында «Мажор», «Барбарис», «Доктор Ватсон», «Граф», «Заравшан», «Антикинотеатр», ал аудандар бойынша Қордайдағы «Жасмин», «Гурин кафе» дүкені және Жамбыл ауданындағы «Ақниет» сауда орны тұр. Біз осындай 15 нысанның иелеріне тиісті шара қолдандық. 2016 жылы түнгі уақытта 3890 кәмелетке толмаған жас есепке алынса, 2017 жылы олардың саны 4179-ға көбейді. Сондай-ақ, өткен жылы соттың шешімімен 63 ата-ана өз құқығынан айырылса, ағымдағы жылы 16 ата-ананың құқығына заңмен шектеу қойылды. Біз арнайы рейд жұмыстары барысында кәмелет жасына жетпеген жастардың алдымен ата-анасына ескерту жасаймыз. Екінші ретте ата-анасына 7 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл саламыз. Үшіншісінде ата-анасының ісін комиссия қарайды.

Жыл басынан бері түнгі ойын-сауық орындарында жүрген 373 кәмелетке толмаған жасөспірім анықталып отыр. Ішімдік ішіп, бейберекет жүретіндіктен, жастар заң бұзушылыққа да баратыны анық. Кәмелетке толмағандардың қатысуымен орын алған құқықбұзушылықтар бойынша облыс орталығынан кейінгі орында Т.Рысқұлов ауданы мен Талас ауданының жастары тұр. Бұл ретте ата-аналар ұл-қыздарын қатаң қадағалауы қажет-ақ. Ұялы телефондарын, араласатын ортасын, сағаттап отыратын сайттарын тұрақты түрде тексеріп тұруы тиіс. Сонда ғана өкінішті оқиғаның, қылмыстың, қатердің алдын алуға болады, – дейді облыстық ІІД Жергілікті полиция қызметінің ювеналдық полиция бөлімшесінің бастығы, полиция полковнигі Қуанышбек Қалжанов біз көтерген мәселеге орай өзінің берген жауабында.

Абылай хан түсінің ақиқаты

Жамбыл даңғылында орналасқан «Reina» клуб-кафесіндегі жастардың да әрекеті адам шошырлық. Ол жерде «қос анарына» жұлдызша жапсырып, анадан жаңа туғандай жалаңаш күйде шығыс биін билейтін арнайы биші қыздарды айтпағанда, келушілер арасында ойналатын ойындардың өзі жаға ұстатады. Өздерінің бағдарламалық ойындарының бірінде жап-жас қыз бен жігіттерден құралған оншақты жұп ортаға шықты. Талап – қай бойжеткен әуен біткенше өзінің серілерін қызша киіндіріп, бояндырып үлгерсе – сол жеңімпаз. Өздерінің тілімен айтқанда «сол ортаның гүлі». Оған «қой» дейтін қожа, яғни жігіттер жоқ. Қайта екі езулері екі құлағында. Сонымен, әуен басталды. Әп-сәтте алкогольге арбалған арулар өздерінің тепсе темір үзетін жігіттерінің бетіне сөмкелеріндегі бар бояуларын жағып, тіпті жеңіске жету үшін өздерінің ішкі кеудешелерін де шешіп, жігіттерінің жалаңаш тәнін безендірумен әлек. Сондағы ең үлкен жүлде – бір бөтелке шарап. Арасында қыздардың қылығына салып, бұраңдап билейтін жігітсымақтар да табылды. Еліміздің намысын әлемнің алдында асқақтатып жүрген өнер жұлдыздарына мұндай құрмет, қошемет көрсетілмеген шығар-ау. Ішімдікке тойып, тағы да шарап үшін жанталасып жатқан жастардың бұл қылығы, шаштары бұйраланып, кіндігін жалтыратқан жігіттердің ер болмысына жараспайтын етектері еңсемізді езгендей болды. Мұндағы «Smoking Time», қазақшасы «шылым шегу уақыты» деп аталатын акцияға қатысуға анталап, көк түтінге көміліп жүрген жастардың әрекеті оның қасында «ойнамай» қалды. Міне, аталған көріністер топырағы текті, тарихы терең Тараз шаһарындағы ойын-сауық орындарында құдайдың құтты күні болып жатыр. Әсіресе жұма, сенбі, жексенбі күндері кәдімгідей кезек күтіп, би алаңынан да, VIP кабинкаларынан да орын таппайсыз.

Санаға салмақ салған бұл көріністерден Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» трилогиясындағы «Қаһар» романы еріксіз еске түсті. Онда Кенесары хан өзінің бабасы Абылай ханның көрген түсі жайлы айтып береді ғой. Шығармада «Атамыз Абылайды үш жүздің игі жақсылары боз биенің сүтіне шомылдырып, ақ киізге орап, хан қып көтерген күнінің түнінде ол бір ғажайып түс көріп шығыпты. Бұқар жыраудан жоруын сұрапты… «Астымда Жалынқұйрық жүйрігім бар. Сарыарқада серуендеп келе жатыр едім, алдымнан бір арыстан тұра қашты, қуып жетіп, алдаспаныммен ішін жарып жіберіп едім, арыстанның ішінен бір жолбарыс шықты да тұра жөнелді. Жолбарысты да қуып жетіп аш бауырынан орып жіберіп едім, ішінен бір көкжал қасқыр шыға келді де тұра қашты. Көкжал қасқырды да қуып жетіп, ішін тіліп жібергенімде, одан бір қызыл түлкі ата жөнелді. Қызыл түлкіні де қуып жетіп қарнын осып қалғанымда ішінен құрт-құмырсқа, бақа-шаян, жылан-кесіртке ақтарыла түсті… Бірақ, бұлар менен қашпады, бәрі быжынай келіп, атымның сауырына, жалына жабыса бастады. Шошынғанымнан айқайлап жіберіп, оянып кеттім. Жоруын айтшы осы түсімнің, жырауым», – депті Абылай хан. Сонда Бұқар жырау: «Жалынқұйрыққа мінгенің – хан тағына мінгенің. Ал, алдыңнан арыстан қашса, сенен арыстандай айбарлы ұл туады екен. Одан туған бала да жолбарыстай қайратты, жүректі болады екен. Жолбарыстан туған шөберең де көкжал қасқырдай жүректі жаратылады екен. Ал, көкжал қасқырдың баласы, төртінші ұрпағың, қызыл түлкідей заманына қарай қу, тәсілқой келеді екен. Ал, қызыл түлкіден әрі қарай тараған тұқымың бақа-шаян, құрт-құмырсқа, жылан-кесіртке секілденіп уақтанып кетеді екен» деген дерек айтылады. Расында да, бұл түс бүгінде айна-қатесіз аянға, өз қанындағы құнды қасиеттерді өзекке тепкен жастардың өміріндегі өңге айналғандай.

Түйін

Әрине, жастарымыздың ұлттық болмысымызға сай бой жазып, көңіл көтеруіне ешкім де қарсы емес. Десе де, бізді жас буынның тәні мен жанын улайтын жат қылықтар мен әдептен жұрдай әсіреқызыл ойын-сауықтың халықтық қалпымызға сұқ көзін қадап, қадап қана қоймай, басып-жаншып төрімізге шығып, төбемізде тайраңдай бастағаны еріксіз ойландырады.
Мұқағали ақынның:
Сүрініп кетпе!
Сүрініп кетсең болғаны,
Дей бергін, досым, басыңа қырсық орнады.
Адам дегеннің аяқ астынан сорлауы.
Аңдамай басып,
Сүрініп кетсе болғаны, – деп жырлағанындай, өмірде сүрініп кетудің әп-сәтте екенін жастарымыз үнемі қаперінде ұстағаны, түнгі клубтардың «тірліктері» құқық қорғау органдарының, басқа да мүдделі мекемелердің басты назарында болғаны жөн дейміз және аталған мәселеге байланысты оқырмандар қауымы өз ой-пікірлерімен бөліседі деген ойдамыз.

Нұржан Қадірәлі

ПІКІР