"Заң және біз"

«Көлеңкелі экономикамен» күрес күшейе түседі

Written by Aray2005

Экономиканың ілгерілеуі ел дамуына негіз болатындығы жасырын емес. Алайда ел экономикасынан бұрын құлқынның қамын күйттейтіндердің ісі саланың дамуына тежеу болатыны тағы бар. Сол себептен де Елбасы бастамасымен тәуелсіздіктің алғашқы жылдарынан-ақ «көлеңкелі экономикамен» күреске айрықша көңіл бөлінді. Өз қызметін осыдан 4 жыл бұрын бастаған Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетінің экономикалық тергеу қызметі де аса жауапты тапсырмаларды мүлтіксіз орындап жүрген құрылым саналады.

«Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты биылғы Жолдауында Елбасы бұл құрылымды қайта құрып, жұмысын нәтижелі ету жайына баса назар аударды. Салық, кеден, қаржы секторларындағы түрлі қитұрқылықтардың алдын алу, жолын кесуді мақсат еткен қызметтің тиімділігін сала маман­дары тарапынан облыс аумағында жасалған жұмыстардан-ақ аңғаруға болады.
Стратегиялық құжатқа сай, алдағы үш жыл ішінде эконо­ми­кадағы көлеңкелі айна­лымды кем дегенде
40 пайызға қысқарту тапсырмасын алған құрылым жалған ақша жасаушылық, алкоголь өнім­дерін заңсыз тарату, авторлық және сабақтас құқықты бұзу, мұнай және мұнай өнімдерінің заңсыз айналымы секілді қылмыстық әрекеттердің жолын тыюмен айналысады. Сондай-ақ жалған кәсіпкерлік, заңсыз ойын бизнесі, салық төлеуден жалтару, мемлекеттік сатып алу, даму институттары және агроөнеркәсіп, қаржылық ұйымдардағы бармақ басты, көз қысты әрекеттермен күреседі.
– Ағымдағы жылдың 10 айында облыс бойынша экономикалық тергеу қызметінің өндірісінде 188 қылмыстық іс болды. Оның 136-сы өндіріспен аяқталды. 55 қылмыстық іс сотқа жіберілді. Өндіріспен аяқталған қылмыстық істер бойынша келтірілген залалдың сомасы 2 миллиард 133 миллион теңгені құрап, оның
1 миллиард 632 миллион теңгесі өтелді.
Экономикалық қылмыстарға жол бермеуге бағытталған тиімді шараларды қолға алудың нәтижесінде 180 миллион теңгеден аса жалған қаржы, құжаттарды жасаған топ анықталып, Қырғызстанға 80 тоннадан аса субсидиялық тыңайтқышты шекарадан өткеруге әрекеттенгендердің жолына тосқауыл қойылды. Аталған фактілер бойынша қозғалған қылмыстық істер сот қарауына жіберілді, – дейді облыстық мемлекеттік кірістер департаменті профилактикалық жұмыс және бақылау басқармасының бастығы Ержан Құрманбекұлы.
Жалпы, Елбасы Жолдауындағы тапсырма негізінде келер жылдан қызметін Қаржы мониторингі комитетінде жалғастыратын құрылым 4 жыл ішінде «көлеңкелі экономикамен» күрес бағытында жемісті жұмыс атқарып, өз тиімділігін әлдеқашан дәлелдеп үлгерді. Мәселен, тек өткен жылдың өзінде сала мамандары республика аумағында «көлеңкелі экономикадан» келген жалпы сомасы 106 миллиард теңгені құрайтын залалды анықтаған. Бұдан басқа құны 27,7 миллиард теңгені құрайтын мүлікке тыйым салыныпты. Сондай-ақ мемлекет қаржысын талан-таражға салуды көздеген ұйымдасқан қылмыстық топтарға қатысты 58 қылмыстық іс тергелген. Мұнан бөлек салық төлеуден жалтару фактілерін анықтау, мемлекеттік сатып алу саласындағы заңсыз әрекеттердің жолын кесу бағытында нәтижелі жұмыстар жүргізіліп келеді. Сөзімізге дәлел, республика аумағында 2017 жылы ақша жасаушылық фактілері бойынша 214 қылмыс тіркеліп, жалпы сомасы 7,4 миллион теңге болатын 2 511 жалған ұлттық валюта, сондай-ақ сомасы 26 миллион теңгеден астам жалпы саны 497 дана шетел валютасы алынған. Сонымен бірге жалған ақша белгісін әзірлейтін 4 жасырын цехтың жолы кесілді. Ал заңсыз алкоголь өнімдерінің айналымы бойынша осындай іспен айналысқан 47 жасырын цехтың жұмысы тоқтатылды. Нәтижесінде жасырын цехта әзірленген 8 миллион 700 мың шөлмек есепке алынбаған алкогольдік өнімдермен бірге 346 мың литр спирт тәркіленген.

Расында, қазына қаржысына қол сұғушылардың әрекетімен күрес және алдын-алу шараларын ұйымдастыруда экономикалық тергеу қызметі сынды органның қажеттілігі ешқандай талас тудырмайды. Өз кезегінде, құрамы кәсіби біліктілігі жоғары мамандардан тұратын құрылымның Елбасы тапсырмасын орындауда тиянақтылық таныта беретіндігіне күмән жоқ.

Шынболат КҮЗЕКБАЕВ

ПІКІР