"Кәсіпкерлік"

«Қолғанат» коллекциясы – мүмкіндігі шектеулі жандарға зор мүмкіндік

Written by Aray2005

Мемлекеттің тұрақты дамуының негізі – бәсекеге қабілетті жастар буыны. Бұл тікелей жас қазақстандықтардың білім сапасына, олардың ұмтылысы мен ынтасына байланысты. Сондықтан қоғамның қозғаушы күші саналатын олар бәсекеге қабілеттілігін арттырып, қай салада болмасын озық идеяларын іс жүзіне асыра алуы қажет.

Мәселен, Меркі ауданының жас өнертапқышы Медет Әлімжанов қарапайым велосипедтерден «Қолғанат» коллекциясын құрастырып, мүмкіндігі шектеулі жандардың қоғамдық орындарда емін-еркін жүру мүмкіндігін сыйлап отыр.
– Аудан орталығында әрдайым мүгедектер арбасындағы апаны бір атаның жаяу алып жүретінін көретінмін. Жаңбырлы күндердің бірінде сол кісілерді жол бойынан кезіктіріп, бірден тоқтап, межелі жеріне алып баруға ниет таныттым. Дегенмен апа көлікке мінуден бас тартты. Атадан сұрағанымда олар орталықтан 4-5 шақырымдай қашықтау жерде тұрады екен. Барлық әлеуметтік мекемелер орталықта болғандықтан ол кісі арбаға таңылған жарын ылғи ауа райының тосын мінезіне қарамастан өзі ғана таситынын білдім. Осы жағдайдан кейін мен мүгедектер арбасын алып жүруге ыңғайлы велосипед түрін жасауды ойластыра бастадым. Сөйтіп, баламды балабақшаға алып баруға арнайы құрастырған үш доңғалақты велосипедімді мүгедектер арбасына ыңғайластыру жолдарына кірістім, – дейді М.Әлімжанов.
Осылайша ол үш доңғалақты велосипедінің рөлін алып тастап, арбаның артқы жақтауына оңай ілінетіндей етіп қайта құрастырып шыққан. Айта кетерлігі, оның туындысы кез келген арбаға емін-еркін орнатыла береді. Жалпы, кәдуілгі велосипедтің доңғалағы, педалі мен айналмалы шынжыры ғана қалыпты. Қалған бөліктерінің барлығын Медет арбаны тізгіндеуші адамға ыңғайлы етіп құрастыра білген. Тағы бір ерекшелігі, межелеген жерге жеткен соң велосипед арбадан оңай ажыратылып, алып жүруге ыңғайлы.
– Мұны жасаудағы мақсатым – мүгедектерге арналған арбаны алып жүретін қамқоршылардың жұмысын жеңілдету. Себебі көп жерде инво-таксилер жүре бермейді. Сондықтан елді мекендер арасында мұнымен жүру өте ыңғайлы әрі тебу жеңіл. Негізінен, оны жасап шығуыма 4-5 күн уақытым кетті. Ал шығыным 40 мың теңгені құрады. Бұл қаржыға қажетті темір-терсектер сатып алдым. Толықтай құрастырып шыққан соң аудандағы мүмкіндігі шектеулі балалар үйіне барып сынақтан өткізіп көрдім. Барлығының көңілінен толықтай шықты. Алдағы уақытта осындай велосипедтің бірнешеуін құрастыруды жоспарлап отырмын, – дейді Медет Манатұлы.
Сонымен қатар Медет бұдан өзге арнайы тапсырыс бойынша сал ауруына шалдыққан азаматтарға да арнап үш доңғалақты велосипед құрастырып үлгеріпті. Оның бұл құрылғысы велосипед қызметін ғана емес, жаттықтырушы рөлін де атқарады екен. Оған бұл тапсырысты Серіккүл Нұрланқұлова беріпті. Бүгінде денесінің бір жағы толықтай істен шыққан зейнет жасындағы Серіккүл әже осыған ұқсас құрылғыны Қытайдан тауыпты. Бірақ оның құны тым қымбатқа түскен. Дегенмен әжейдің балалары сондай құрылғының электрленген түрін алып бергілері келгенімен ол қарсы шығыпты. Себебі дертке шалдыққан әжеге үнемі жаттығу жасау керек екен.
– 2009 жылы басыма қатерлі ісік шығып, ота жасалды. Дегенмен ол ота сәтсіз өтіп, екінші рет қайта жасатуға тура келді. Осыдан кейін талма ауруы жабысты. Алғашқы отада өзім жүріп-тұрғаныммен соңғысынан кейін бір қол, бір аяғым сал болып қалды. Содан бері 9 жыл өтті. Осы уақыт аралығында қолынан іс келетін біраз дәнекерлеушілерге үш доңғалақты велосипед жасап берулерін өтіндім. Бірақ олардың ешқайсысының қолынан келмеді. Дегенмен Медеттің жасағаны көңілімнен шықты. Оған алғысым шексіз, – дейді Серіккүл әже.
Негізінен, Медеттің велосипеді аяққа жаттығу жасауға бағытталған. Сондай-ақ егер велосипед тебуші шаршап, арқасынан адам итеріп жүрген жағдайда да мүмкіндігі шектеулі жанның аяғы педальден ажырамайды. Сол арқылы оның денесі әрдайым қозғалыста болады екен. Ендігі жерде Серіккүл әже осы құрылғының арқасында аудан орталығындағы саябақта күнде 2-3 сағат серуендейтін халге жеткен. Соның нәтижесінде мүмкіндігі шектеулі жанның өмірге деген құштарлығы артып, өзін-өзі жаттықтыра бастапты.
Елден табыс табуды емес, алғыс алуды мақсат тұтқан М.Әлімжановтың осындай құрылғыларына сұраныс түсе бастапты. Бүгінгі күннің өзінде 5 адам өтініш білдіріп, қарапайым велосипедтің осынау түріне қызығушылық танытып отыр екен. Өз кезегінде темірден түйін түйе білетін азамат салмағы ауыр мүмкіндігі шектеулі азаматтарды арбадан түсіріп, мінгізетін арнайы құрылғы жасауды қолға алып отыр. Айта кетерлігі, бұл құрылғы гидравликалық негізде жасалынбақ. Сондықтан Медет қазір ізденіс үстінде. Сонымен қатар алдағы уақытта идеясын патенттеп, қажетті құрылғысын алып, цех ашуды да жоспарлап қойыпты.

Ш.БИДІЛДАҰЛЫ,
Меркі ауданы

ПІКІР