Колледждер де табыс таба бастады

0 58

Кейінгі жылдары өңірдегі арнаулы орта оқу орындарының материалдық-техникалық базасы нығайтылып, студенттердің кәсіби білім алуына барынша жағдай жасала бастады. Осыны ескерген облыс әкімі Бердібек Сапарбаев өткен жылы колледждердің өз-өздерін қаржыландыруы тиіс екенін айтып, нақты тапсырмалар берген болатын.

Жастар жылы аясында елімізде «Жас маман» жобасының қолға алынғаны белгілі. «Жастар – ел тірегі» ұлттық жобасының құрамына кіретін аталмыш жобаның негізгі мақсаты – сұранысқа ие өнеркәсіптік және сервистік 100 мамандық бойынша 180 колледжбен 20 жоғары оқу орнын жаңғырту және білікті мамандарды даярлауда халықаралық тәжірибені енгізу.
Аталған жоба аясында облыста металлургия, өнеркәсіп, IT-технологиялар, қызмет көрсету саласында кадрларды даярлаудың негізгі бағыттары бойынша 11 үздік колледж анықталған болатын. Өткен жылы 5 колледжге жоба аясында 1,7 миллиард теңге бөлініп, арнаулы орта оқу орындарында 5 құзыреттілік орталығы құрылды.
Осындай мүмкіндікке қол жеткізіп отырған өңірдегі оқу орындарының бірі – Тараз сервис және технология колледжі. Арнаулы орта оқу орны техникалық және кәсіптік білім беру заңына жаңа түзетулер енгізілуіне байланысты «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамымен бірлесіп, нарыққа өз өнімдерін шығара бастады. Аталған колледж өздерінің оқу-өндірістік шеберханаларында дайындалған аспаздық жартылай фабрикаттар мен кондитерлік өнімдерін Тараз қаласындағы 15 әлеуметтік дүңгіршекте сатуды қолға алды. Осылайша колледж өз бетінше табыс табу ісіне бел шеше кірісіп кетті. Жалпы бұл бастаманың тиімді тұстары өте көп. Студенттің колледж қабырғасында теориялық білім мен практиканы бірге алып жүруіне мол мүмкіндік қарастырылуымен қатар, оның қосымша ақша табуына да болады. Сондай-ақ оның оқытушысы да жалақысынан бөлек ақша таба алады.
– Колледжге республикалық бюджеттен бөлінген 332 миллион
теңгеге халықаралық стандарттарға сәйкес «Тамақтандыруды ұйымдастыру» және «Тігін өндірісі және киімдерді үлгілеу» мамандықтарына заманауи жабдықтар сатып алынды. Оқу-материалдық базаны жаңғырту Worldskills форматында кадрларды даярлау және қайта даярлау үшін қазіргі заманғы құзыреттер орталықтарын құруға мүмкіндік береді. Колледжде «Аспаз ісі» және «Сән технологиялары» құзыреттіліктері бойынша құзыреттіліктер орталығы құрылды. Айта кетерлігі, әзірге өнім өндіруге арналған шикізатты кәсіпкерлік корпорациясы алып беруде. Алдағы уақытта түскен қаржы есебінен шикізатты өзіміз аламыз. Егер сұраныс артатын болса, онда өзге де дүкендерді өнімдерімізбен қамтамасыз етуге мүмкіндігіміз мол. Бұдан өзге біз өнімдерімізді Тараз қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен өткізілетін ауыл шаруашылық тауарларының жәрмеңкесінде сатылымға шығара бастадық. Сұраныс өте жоғары. Алдағы уақытта қала әкімдігі өз дүкенімізді соғу үшін арнайы жер телімін де қарастырмақ, – дейді колледж директоры Бекбол Маймышев.
Бүгінде колледждің дайын кондитерлік өнімдерінің 10 түрі және жартылай дайындалған фабрикаттардың 6 түрі әлеуметтік дүңгіршектердің сөрелерінен орын тепкен. Біз оны Абай даңғылы бойындағы дәл осындай дүңгіршектен де көзіміз шалды. Сөрелердегі өнімдер көз тартатындай-ақ. Мәселен мұнда тұшпараның бір қаптамасы 560 теңге, бәліштің 4 данасы 200 теңгеден өткерілуде. Тағы бір тілге тиек ете кететіні, өнімдердің сыртқы қаптамасы да колледжде дайындалған.
Негізінен оқу орнындағы өнімдердің бұлайша нарыққа шыға бастағанына «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамы қол ұшын созған.
– Қазіргі таңда бізде 15 дүңгіршек бар. Бірлескен жұмыстың алғашқы күні болған соң 15 түрлі өнім алдық. Ол өнімдердің сапасы өте жоғары. Мұндай жұмысты алғаш рет жүргізіп жатқандықтан басында қорқыныш та болды. Дегенмен сатылу мәселесі көңілімізден шығып отыр. Сол секілді аймақта 5-6 колледж бар. Өз кезегінде оларға да қол ұшын созып, дайын өнімдерін өткеруге көмектесетін боламыз, – дейді «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» акционерлік қоғамының бас маманы Динара Бейсекова.
Қалай дегенде де бұл бастама техникалық және кәсіптік білім беру бағытында жұмыс істеп келе жатқан колледждер үшін тиімді болып отыр. Себебі өз шеберханалары мен шағын цехтарында дайындаған өнімдер олар үшін әжептәуір қаржы көзі. Қазір Тараз сервис және технология колледжі аспаздық жартылай фабрикаттар мен кондитерлік өнімдерінен бөлек, тігін шеберханаларында дайындалатын төсек жабындыларын өткізу бойынша облыс орталығындағы балабақшалар және ауруханалармен келіссөздер жүргізіп жатыр екен. Бұл бастама да іске асатын болса, оқу орнына түсетін қаржы да молая түсетіні сөзсіз.

Ш.Биділдәұлы

Leave A Reply

Your email address will not be published.