«Коллекторларды жөнге салатын заң бар ма?»

0 10

Оқырмандарымыз бен заңгер арасында тікелей байланыс орнату мақсатында ашылған айдарымыз бойынша редакциямызға коллекторлардан зәбір көрген тұрғыннан хат келді. Онда оқырманымыз бірде құрбысының, енді бірде ішкілікке салынып, өз жөнімен кеткен күйеуінің алған несиесі үшін коллекторлардан жапа шеккенін жазыпты.
«Коллекторлар өте мәдениетсіз сөйлегенімен қоймай, өз мақсаттарына жету үшін алаяқтық та жасап жүр. Бұрын құрбыма несие алып бергенмін. Ол соңғы айларын төлемей, мекенжайын да өзгертіп кетіп қалды. Менің атымнан алынған несие болғандықтан банк те, коллекторлық компания қызметкерлері де маған хабарласады. Карантин басталғанда өзім де жұмыссыз қалдым. Ұлым жұмысынан еңбек демалысын алып, ақшасын күтіп отырғанымызда ұялы телефоныма мемлекет тарапынан жәрдемақы берілетіні жайлы хабарлама келді. Жәрдемақыны алу үшін атымдағы несиенің қалған қарызын жабуым керек екен. Жәрдемақы сомасын қомақты етіп көрсетіпті. Сендік. Сөйтіп, өзім алмаған несиенің қалғанын ұлымның еңбек демалысы үшін алған ақшасымен төлеп, енді жәрдемақыны алу үшін хабарлассақ, телефоны өшірулі. Мемлекеттік мекемелерден сұрастырсақ, өтірік болып шықты. Ал енді қазір коллекторлар ішкілікке салынып кеткен күйеуімнің алған несиесін төлету үшін ұлым екеумізді күнде балағаттап, неше түрлі сөздермен қорқытып, қоңырау шалады. Тіпті солардың сөздерінен қан қысымым көтеріліп, басым жиі ауыратын болды. Коллекторларды жөнге салатын заң бар ма?»

«Қорғау» орталығының облыстағы бас маманы, заңгер Баян ҚҰРБАНОВА:
– Егер сізде коллекторлық компания қызметкерлерінің хабарласқанда айтқан сөздері жазылған үнтаспа немесе бейнетаспа болса, сол материалдарды қолдана отырып, ауыр сөз айтып, қорқытып-үркіткені үшін шағымдана аласыз. Алдымен сол коллекторлық компанияның басшылығына шағымданасыз. Егер олар ешқандай шара қолданбаса, өзіңіздің тұрғылықты жеріңіздегі прокуратураға арызданыңыз.
Мұндай жағдайда несиеңізге қатысты хабарласқан коллекторлық компания туралы мәліметтерді сұрап алыңыздар. Мәселен олардың тұрғылықты мекенжайы, басшылығы жөнінде біліп алғаныңыз жөн. Себебі артық сөйлеп, балағаттаған жағдайда шағымдану үшін осы мәліметтер қажет болады.

Дайындаған Қамар ҚАРАСАЕВА

Leave A Reply

Your email address will not be published.