Қолөнерді қадір тұтқан Ерсұлтан

0 11

Ұлттық құндылықтарды ұлықтап, келер ұрпаққа аманаттау – әрбір азаматтың міндеті. Ұлтына қызмет еткен ұлдың ұлағаты ұрпағына да үлгі.

Бүгінгідей техника дамып, жастардың көбі батыстың тәрбиесіне еліктеп бара жатқан кезеңде қазақы нақышпен ат әбзелдерін жасап, бабадан қалған өнерді дәріптеп жүрген Ерсұлтан Айғараның тағылымды ісі үлгі-өнеге боларлықтай. Т.Рысқұлов ауданындағы Көкдөнен ауылының тұрғыны Ерсұлтан Айғара ою-өрнектермен әспеттелген ат әбзелдерімен қоса көкпаршыларға қажетті құралдарды, киімдерді де жасайды. Темірден түйін түйіп, жаңқаға жан бітірген шебер екінің бірінің қолынан келе бермейтін, шоқтығы биік қолөнері нағашысынан дарығанын айтады.
– Қазіргі уақытта ер-тоқымның түрлерін жасап жатырмыз. Сондай-ақ көкпар тартқанда адамның қауіпсіздігі үшін, яғни басты соққыдан қорғайтын қалың баскиім, аяғын жарақаттап алмау үшін тізеге киетін арнайы қорғаныш тігеміз. Оны қалың етіп киізден тігіп, сыртын мақпал матамен қаптаймыз. Сол матаны түрлі оюлармен өрнектейміз.
Көкпар – күрескер ойын. Сондықтан көкпарда тек адамның ғана емес, шабатын тұлпардың да қауіпсіздігі қамтылуы керек. Мысалы кез келген аттың жабуы болады. Ал көкпарға шабатын тұлпарлардың жабуын қалың етіп тігеміз. Жабу бір жағынан қауіпсіздігі үшін, екіншіден, күннің суық кездерінде де қолайлы, – дейді Ерсұлтан Қазығалиұлы.
Ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан ұлы өнерді дәріптеп, ұлттық құндылықтарымыздың құлдырап кетпеуі үшін жан аямай еңбек етіп жүрген жас шебердің шеберханасын аралап, көздің жауын алатын сан түрлі қолөнер туындыларын көрдік. Айтуынша, ер азаматтарға арналған ұзын қонышты етіктерге сұраныс жоғары екен.
– Қой терісінен шаруашылыққа киюге арналған етік те тігеміз. Бұл таза қойдың терісінен, былғарыдан жасалғандықтан әрі жылы, әрі төзімді. Әлгінде айтқанымыздай, көкпаршыға арналған етік те дайындаймыз. Шүкір, сұраныс өте жақсы. Білесіздер, біздің өңір негізінен ауыл шаруашылығымен айналысады. Сондықтан көптеген шаруа кісілер қысқы етікке тапсырыс берсе, көкпар шабатындар сәйгүлігімен қоса өзіне де қажетті бұйымдарды алады. Сұраныс жақсы болғаннан кейін қолданатын шикізаттардың шығынын және еңбекақымызды да толық ақтайды. Шеберханамыз да өз үйіміздің ауласында, шағын ғана бөлмеде орналасқан, – деп бізге жұмыс барысын таныстырған Ерсұлтанның тек ер-тоқым жасап, етік тігумен шектелмейтінін байқадық. Әкесі қамшы өреді екен.
– Қамшы ерте кезден-ақ қазақ халқының тұрмыстық бұйымы болып келеді. Ел арасындағы қатынасты жылқы, түйе, өгіз малын мініске қолданған қазақ қамшыны көлікті жүргізуші құрал орнына қолданды. Қамшыны жауына қарсы қару ретінде де пайдаланды. Сондықтан атқаратын қызметіне және жасалу үлгісіне қарай қамшы бірнеше түрге бөлінеді. Бұл туралы бізге атам көзі тірісінде айтып кетіп еді. Атам Ұлы Отан соғысына қатысқан ардагер, көргені көп кісі еді. Білгенінің бәрін бізге үйретіп, айтып отыратын. Ал нағашы атам қолөнер шебері болған. Осындай ер-тоқым, ою-өрнекті ұлттық киімдер, көкпаршының қорғаныш киімдерін жасауды сол кісіден үйрендік. Қазір анам, ағам үшеуміз осы іспен айналысамыз, – дейді Ерсұлтан Қазығалиұлы.
Бар арман-мақсаты ұлттың, ұрпақтың игілігіне бағытталып, болашағымен сабақтасып жатқан шебердің ісіне біз де тәнті болдық. Талабы таудай, мақсаты биік жас өнерпаздың ісіне сәттілік тіледік.

Қамар Қарасаева

Т.Рысқұлов ауданы

Leave A Reply

Your email address will not be published.