Қолы ашық кәсіпкер Гродеково ауылына спорт алаңшасын салып берді

0 13

Облыста «Жомарт түлек-2021» жобасы аясында түлектердің туған ауылына көмек көрсету жұмыстары жүйелі түрде жалғасуда. Ағымдағы жылдың сәуір айында бастау алған жоба аясында бүгінгі күнге дейін түлектер тарапынан 156 миллион 080 мың теңгеге демеушілік көмек көрсетілген. Оның ішінде Жамбыл ауданының түлектері 14 миллион 998 мың теңгеге демеушілік жасап, көптеген нысандардың бой көтеруіне себепші болды.

Жамбыл ауданындағы жомарт түлектердің қатарын толықтырған кәсіпкер Андрей Тимофеев ауданға қарасты Гродеково ауылында заман талабына сай «Street Workout» алаңшасын ашты.
Жамбылдық балаларға қуаныш сыйлаған Андрей Тимофеев «Туған жерге тағзым» және «Жомарт түлек» жобасы аясында жас өрендерге саламатты өмір салтын ұстансын деген ниетпен осы нысанды салып, пайдалануға берген.
Бұл ойын алаңы 20-дан астам түрлі снарядтан құралған. Түрлі жаттығуларды жасауға арналған жаттығу құралдарын ауыл тұрғындары тегін пайдалана алады.
– Ауылымызға «Street Workout» алаңшасы салынғанына ризамыз. Балаларға уақыттарын тиімді өткізу үшін жасалған жақсы мүмкіндік. Бәрімізге қуаныш сыйлаған демеушіге рақметімізді айтамыз, – дейді ауыл тұрғындары.
Ел тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейтойына тарту ретінде салынған спорттық нысанның ашылу салтанатына аудан әкімінің орынбасары Олжас Баққараев арнайы қатысып, округ халқын саламатты өмір салтын ұстануға шақырды.
Айта кетейік, осыдан 10 жыл бұрын АҚШ-та пайда болған «Street Workout» спорттық бағыты еліміздің барлық өңірінде қарқынды түрде дамып келеді. Бұл спорт түрімен бүгінде Гродеково ауылдық округінде 100-ге жуық жас шұғылдануда.

Ақжігіт ЖЕТПІСБАЙ,
Жамбыл ауданы

Leave A Reply

Your email address will not be published.