Қазақстан халқы ассамблеясы

Қолы ашықтың – жолы ашық

Written by Aray2005

«Ахыска» түрік этномәдени бірлестігінің ұйымдастыруымен Тараз қаласындағы «Grand Royal» мейрамханасында жетім, мүмкіндігі шектеулі және тұрмысы төмен жанұядан шыққан балаларға арналған «Қайырымдылық жасау – ізгі қасиет» атты қайырымдылық шара өтті.

Шарада бүлдіршіндерге түскі ас беріліп, жаңажылдық сый-сыяпат жасалды. Сондай-ақ балғындар би билеп, әннен шашу шашты.
– Қайырымдылық жасаудағы басты мақсат – жандары жабырқап, еңселері түсіп, өмірден бір ерекше жақсылық пен қуаныш күтіп жүрген балалардың көңілін көтеру болды. Әрине, біздің бұл шарамыз балалардың жүректеріндегі бос орынды толтыра алмайды. Бірақ біздің мақсат сәл де болса көңілдеріне қуаныш ұялату, – дейді түрік этномәдени бірлестігінің төрағасы Махмуджон Мирадинұлы.
Мерекелік шараға қатысқан өзге қонақтар да балғындарға деген ізгі тілектерін білдіріп, олармен бірге ән салып, би билеп, көтеріңкі көңіл күймен тарқасты.
Мұндай игі шара алдағы уақытта да жалға­сын табатын болады.

ПІКІР