"Кәсіпкерлік"

Қолынан келген құм үстінен кеме жүргізеді

Written by Aray2005

Сән салоны да табыс көзі

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында: «Бұдан былай Қазақстан азаматтары өз бизнесін жүргізу үшін ауылда да, қалада да 16 миллион теңгеге дейін шағын несие ала алады. Шағын несие беру аясын кеңейтіп, кәсіпкерлерге кепілдік жасау және қызмет көрсету тетіктерін белсенді пайдалану керек», – деп атап көрсеткені белгілі. Мемлекет басшысының тапсырмасымен жүзеге асырылып жатқан осындай іргелі істердің арқасында бизнеске бет бұрғандар бүгінде өзін де, өзгені де жұмыспен қамтып отыр.

Жасыратыны жоқ, бұрын шағын және орта бизнес десе мал өсірумен айналысу немесе оны бордақылау, егін егіп, жылыжай салу, дүкен ашу секілді жұртқа белгілі кәсіп түрлері ойға оралатын. Бірақ бүгінде жұртшылық асхана, дәмхана, мейрамхана секілді тамақтандыру орындары мен шаштараз, сұлулық салонын, техникалық жөндеу орталығын ашу арқылы да бизнестің сервистік қызмет көрсету саласында толайым табысқа кенелуге болатынын түсіне бастады. Бұл тұрғыда қаржылай қолдау да қарастырылған. Мысалы, «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасының» екінші бағыты «Жаппай кәсіпкерлікті қолдау» бойынша кәсіпкерлік бастамаларды қолдау, қалалар мен моноқалалардағы микрокредиттерді кепілдендіру көзделген. «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» акционерлік қоғамы облыс бойынша филиалы кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығының менеджері Эльдар Катаевтың айтуынша, бұл бағдарлама бағыты облыс бойынша Тараз, Қаратау, Жаңатас қалаларында ғана жүзеге асырылады екен. Осы күнге дейін аталған қалаларда 140 кәсіпкер қолдауға ие болған. Соның бірі – Тараз қаласындағы биыл жазда ашылған «Достық» орталық алаңы маңындағы «Вrіllіant sulýlyq salony». Оның директоры Тұрсынай Байғабылова өз кәсібін ашу үшін мемлекеттен
6 пайыздық мөлшерлемемен 5 жылға 14 миллион теңге несие алғанын айтады.
– Астана қаласындағы «Астана медициналық университетінде» қоғамдық денсаулық сақтау мамандығын меңгеріп, 2015-2017 жылдары өз мамандығым бойынша Тараз қаласында жұмыс істедім. Дегенмен, бір айлыққа қарап күн кешу бүгінгі заманда қисынға келмейді. Сондықтан қолдан келсе неге кәсіппен айналыспасқа? Осы ойдың жетегінде жүріп, өмірлік серігім Абай Махатовқа сұлулық салонын ашқым келетіні жөнінде идеямды айтқанымда, ол бірден қолдады. Өйткені, бізді жұртшылықтың салауатты өмір салтын ұстануынан бөлек, жас көрінуге ұмтылуы қатты ойландыратын. Бұл нарықта сұлулыққа қатысты көрсетілетін қызмет түрлері жоғары сұранысқа ие деген сөз.
Жалпы, біздің өңірде сұлулық салоны аз емес. Десе де, қазіргі заман талабына сай және жаңа технологияларды қолдану арқылы сән үлгілері мен клиенттердің өзін жайлы сезінуіне барынша жағдай жасалатын салондар некен-саяқ. Осыны ескере отырып ашылған сұлулық салоны бұдан бұрын қаланың қақ ортасындағы үш бөлмелі пәтер болған. Оны жұбайым өз қаржысына алып бермес бұрын былтыр Астана қаласына арнайы барып, шебер-визажист мамандығы бойынша оқыту курсынан өттім. Осылайша қаламыздағы екінші деңгейлі банктерді жағалап, 22 пайыздық мөлшерлемемен несие алмақшы болғанымда, өз кәсібін ашқысы келетіндерге мемлекет тарапынан қолдау бар екенін құлағым шалып қалды. Сөйтіп «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры облыс бойынша филиалының, Тараз қалалық жұмыспен қамту орталығының есігін қағып, ондағы мамандардың кеңесі мен көмегіне жүгіндім. Бүгінде бизнесті бастағанымызға
4 айдан енді ғана асса да, аяқ алысымыз жаман емес. Біз клиенттер үшін күндіз-түні жұмыс жасаймыз. Арнайы шақыртумен үйлеріне де барып қызмет ұсынамыз. Мен басшы ғана емес, мұнда шебер-визажист болып та жұмыс жасаймын.
Біз жас отбасы болсақ та, ойға алған ісіміз, жүзеге асырғымыз келетін бизнес идеяларымыз көп. Мемлекет тарапынан тағы да қолдау болып жатса, кәсіп аясын кеңейту жоспарымда бар. Жалпы, мемлекет кәсіппен айналысқысы келгендерге, әсіресе, жастарға айрықша қолдау көрсетуде. Сондықтан жастарға айтарым, кәсіп бастаудан қорқуға еш негіз жоқ, – дейді ол.
Несиеге алынған 14 миллион теңгенің 10 миллионы пәтерді сұлулық салонына айналдыру мен жөндеуден өткізуге жұмсалса, қалғанына бет әрлеуге арналған құрылғылар мен жиһаздар сатып алыныпты. Заманауи үлгіде ашылған «Вrіllіant sulýlyq salony» бүгінде 16 адамды жұмыспен қамтып отыр. Мұнда клиенттер үшін қалауына қарай конфет, шоколадтармен қатар, шай, кофе тегін беріледі екен. Бет әрлеуші, шаш әрлеуші, стилист секілді мамандардың кейбірі клиенттерден түскен пайданың 60-70 пайызын иемденеді. Мұндағы шеберлердің дені Астана, Алматы секілді ірі қалалардағы белгілі сұлулық салондарында жұмыс істеп, тәжірибе жинағандар. Соның бірі – Нұржанат Жоламанова.
– Негізінен, әйелдер қауымы сыртқы келбеттің әдемі көрінуі үшін шаш үлгісі мен бет әрлеуге ерекше көңіл бөледі. Біз сәнді шаш үлгісін, салтанатты шараға арналған бейнені жасауға басты назар аударудамыз. Ер адамдардың да шашын қиып, стиль таңдауына көмектесеміз, – дейді Нұржанат Тұрдығалиқызы.
Өңірде кәсіпкер көбейсе, ел экономикасының дамуына қосылатын үлес те айрықша болмақ. Сыртта жүріп үйренген өнерін туып-өскен қаласында мемлекеттік қолдауларды сәтті әрі тиімді пайдалану арқылы кәсіпке айналдырып отырған Тұрсынайдың табандылығы кімге де болса үлгі болары хақ. Сұлулыққа қатысты визажист, стилист секілді мамандықтарды меңгергісі келгендерді сұлулық салонындағы үш бірдей бизнес-тренердің оқытуы да сүйсіндірді. Шәкірттердің ішіндегі алғырларының осында жұмысқа шақыртылуы да құптарлық қадам.

Нұрым СЫРҒАБАЕВ
Тараз қаласы

ПІКІР