Sport

Командалық есепте көш бастадық

Written by Aray2005

Айтулы аламанда жамбылдық каратэшілер де жасындай жарқылдады 

«Тараз-Арена» спорт кешенінде киокушинкай-кан каратэден түндігін түрген Азия чемпионаты өз мәресіне жетті. Ресей, Иран, Жапония, Өзбекстан, Тәжікстан, Қырғызстан және Қазақстан мемлекеттерінің 300-ден аса спортшысы бақ сынаған сары құрлық бәсекесінде отандастарымыз жасындай жарқылдап, жалпыкомандалық есепте көш бастады.

Байрақты бәсекеде 41 салмақ бойынша 99 медаль жиынтығы сарапқа салынғандықтан, 10 жастан бастап Азияның кіл мықты каратэшілері Тараз төрінде жиналды. Сондықтан болар, дүбірлі доданы көруге ынтық жанкүйерлердің де қарасы қалың болды.
Азия біріншілігінің ашылу салтанатына облыс әкімі Асқар Мырзахметов арнайы қатысып, қонақтарға деген ыстық ықыласын жеткізді.
– Құрметті спортсүйер қауым! Құрметті қонақ­тар!
Киелі Әулиеата жеріне қош келдіңіздер! Осы доданың Тараз топырағында өтуіне ұйытқы болған ұйымдастырушылар, мықты спортшыларын алып келіп отырған әр мемлекеттің бапкерлеріне және төрешілерге алғысымды білдіремін. Айтулы аламанда шын дүлдүлдердің дара шабуына тілектеспін.
Кейінгі жылдары мемлекет тарапынан бұл спорт түріне кеңінен көңіл бөлініп келеді. Жамбыл жерінде де талантты каратэшілер өсіп келеді. Бұл жақсылыққа бастайтын жол.
Ендеше, барлық қатысушыларға сәттілік тілей оты­рып, Азия чемпионатын ашық деп жариялай­мын, –
деді аймақ басшысы.
Бұдан кейін ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, Киокушинкай-кан каратэ спорты республикалық федерациясының президенті Омархан Өксікбаев, ҚР Мәдениет және спорт министрлігі дене шынықтыру және спорт комитеті төрағасының орынбасары Серік Жақыпбаев сөз алып, барлық спортшылардың бағы жануына тілектестік білдірді.
Мұнан соң жарыс көркі қыза түсті. Татамиге көтерілген спортшылар нағыз «жан алысып, жан беріскен» айқас көрсетіп, жүлде жолында аянып қалған жоқ. Десе де жарыс болғаннан кейін жүзден жүйріктердің дара шабатыны белгілі. Бұл жолғы сары құрлық бәсекесінде ұлттық құрама спортшылары қарсылас шақ келтірмей, барлығы 33 алтын медальдің 27-сін жеңіп алды. Бұдан бөлек 30 күміс пен 29 қолаға иелік етті. Ал 4 алтын, 2 күміс, 2 қола медальмен Қырғызстан құрамасы жүлделі ІІ орынға табан тіреді. Үздік үштікті 2 алтын, 1 күміс медальмен Өзбекстан каратэшілері түйіндеді. Ресейліктерге болса, бұл Азия чемпионатында бар-жоғы 2 қола медаль ғана бұйырды.
Ұлттық құрама сапында жамбылдық өрендер де табысты өнер көрсеткенін айта кеткен жөн. Ерлер арасында Сералы Әбілқасым алтыннан алқа тағынса, қыздар сынында 45 пен 50 келіде күш сынасқан Тоғжан Аманбай мен Камила Кемелбекова күміс жүлдені кеуделерінде жарқыратты. Бейбарыс Асылбек пен Дінмұхамед Тасыбек болса, қола жүлдені қанағат тұтты.
Айта кетейік, биылғы сары құрлық бәсекесіне Жапониядан атақты каратэші Шихан Кондо арнайы келіп, екі күндік шеберлік сабағын өткізді. Бұл Жамбыл каратэсіне жаңа серпін беретіні анық.
Жеңімпаз жерлестерімізді жүлделерімен құттықтаймыз!
Жарайсыңдар, жампоздар!

Саятхан Сатылғанов

ПІКІР