Қоғам

Көмір құны қалта көтере ме?

Written by Aray2005

«Қыс шанаңды жаз сайла» дегендей, жаздың әр күні қыстың жүз күніне татитын маусымда қарбаласқа толы ел іші отын-суын, жемшөбін қамдап қалмаса, әне-міне дегенше қылышын сүйретіп жетіп келетін қыстың қысылтаяң күнінде қысылып, қымтырылып қалатыны анық. «Ыршып жүріп ән салған шырылдауық шегірткенің» хәліне тап болмас үшін әсіресе жылыту маусымының жырына әзір болған жөн. Жылыту маусымына дейін әлі бірнеше ай уақыт болса да, еліміздің кейбір аймақтарында көмір бағамына байланысты жыр басталып кетті.

Әрине, егер де жылыту маусымына дейінгі дайындық жұмыстары сапалы әрі уақытылы атқарылса, ешқандай келеңсіздік орын алмайды. Облысымызда бүгінде көмір тасымалы қалай жүзеге асырылуда және ең маңыздысы –
бағасы қандай болмақ? Осы сауал қазіргі уақытта көпшілікті толғандырып отыр.
Алдағы 2019-2020 жылдардағы жылыту маусымына өңір тұрғындары үшін 254,6 мың тонна көмір қажет. Бүгінге дейін тиісті көмірдің 168,3 мың тоннасы немесе 66,2 пайызы тасымалданыпты. Тасымалдау жұмыстары әлі де жалғасуда. Бұл көрсеткіш өткен жылдың көрсеткішімен салыстырғанда жоғары болғанымен, әлі де болса атқарылуға тиіс жұмыстар жетерлік. Сонымен қатар бюджеттік мекемелер жылыту маусымына қажетті 66,4 мың тонна көмірмен толықтай қамтамасыз етілген.
Облыс әкімдігі энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының жылу энергетикасы бөлімінің бас маманы Рауан Байдалиевтің айтуынша, облыста көмір қоры жеткілікті, алайда тұрғындар қатты отынды сатып алуға әлі де асығар емес.
– Тараз қаласы және облыс аумағында көмірді жеткізу және таратумен 30 жеке компания айналысып жатыр. Қазіргі таңда көмірге тұрғындар тарапынан үлкен сұраныс болмауына байланысты тапшылық байқалмайды. Және қыста да өңір тұрғындары қысылып қалмас үшін және бағаны тұрақты ұстап тұру мақсатында аймақ басшысы Асқар Исабекұлының тапсырмасына сай жоспарлы жұмыстар атқарылуда.
Сонымен қатар Тараз қаласының тұрғындарын көмірмен қамтамасыз ететін 10 кәсіпкер қызмет етеді («Құрбанов», «Иманалиев», «Сайдулаев», «Самандар», «ЖаңаТараз», «Отын-М», «Казугольснаб», «Садықов», «Әлімбеков», «Шахбоз» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері). Қоймаларда көмірдің фракциясына қарай бағасы 11-14 мың теңге аралығында. «Шұбаркөл» – 10 500 -14 000 теңге, ал «Қаражыра» көмірі 9 000-13 500 теңгеге сатылуда, – деген басқарма маманы облыс тұрғындарына сұраныс төмен болып тұрған уақытта көмір сатып алудың өте тиімді екенін айтады.
Жауапты сала мамандары айтқандай, облыс тұрғындарының қажеттілігін өтеуге көмір қоры жеткілікті. Бірақ қоймаларда қатты отын тау-тау болып үйіліп жатқанымен, тұрғындар арқаны кеңге салып, жылыту маусымының дайындығына бас қатырар емес. Қыстың көзі қырауда қысылмас үшін қазірден қам-қарекет жасау қалтаға да ауыр соқпайтынын қалың көпшілік қаперден шығарып алғандай. Мәселен, «Иманалиев» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Медеу Иманалиев те қоймада көмір жеткілікті екенін айтады.
– Қазіргі уақытта 500 тоннаға жуық «Қаражыра» көмірі қоймада жатыр. Сатып алушылар бірен-саран ғана. Көмір бағасы сапасына байланысты 13-15 мың теңге аралығында сатылуда. Ал бағаға қатысты нақты әлдене деу қиын. Себебі бір шешім айтуға әлі ерте. Тасымалдау құны, жарық мәселесі кедергі келтірмесе, көмір бағасы өспейді. Сондай-ақ жыл сайын көмір ұрлаушылар да бағаның өсуіне кері әсерін тигізеді, – дейді М.Иманалиев.
Мұнан өзге де Тараз қаласындағы бірқатар көмір қоймаларының басшыларымен тілдесіп, қатты отыннан тапшылық жоқ екеніне көз жеткіздік.
Жалпы, жазда күн ыстық болса, соған сәйкес қыста қатты аяз болады деген түсінік бар халық арасында. Ал биылғы жаздағы аптапты жамбылдықтар көпке дейін ұмыта алмайтын шығар, сірә. Олай болатын болса, әдетте, қысы қоянның құйрығындай шолақ болатын облысымызда биылғы маусымда қыс біршама қыспаққа алғалы тұрғандай. Ал қыстың ақ бораны мен сарышұнақ аязы бейқамдықты көтермейтіні түсінікті. Сол себепті жаһандық жылыну жүріп жатыр дегенмен де қыс қаһарын ұмытпайтынын ескеріп, ерте бастан қамданып, қапы қалмаудың қам-қарекетін қазірден жасаған жөн.

Талғат НҰРХАНОВ

ПІКІР