"Көңілашар" Сұхбат

«Компьютер заманында кез келген адам әнші болады»

Written by Aray2005

Бүгінде қазақ эстрадасында ерекше даусымен тыңдармандардың жүрегінен орын алып, әуезді әндердің авторы ретінде танылып жүрген әншілер баршылық. Солардың бірі Сая Махамбетова десек, еш қателеспейміз. Белгілі өнер иесімен жақында әңгімелесудің сәті түскен еді.

– Сая, алдымен өзіңізді жамбылдық оқырмандарға таныстыра кетсеңіз…
– Мен Түркістан облысы, Ордабасы ауданының Шұбар елді мекенінде дүниеге келгенмін. Түркістан қаласындағы Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің «Өнер» факультетін музыка мамандығы бойынша тәмамдадым. Негізгі мамандығым– педагог. Сол оқу орнында оқып жүріп, Шәмші Қалдаяқов атындағы филармонияда екі жыл еңбек еттім. Кейін Алматыға көшіп келіп, онда біраз продюсерлік орталықта жұмыс істедім. Қазір «Қазақконцерт» мемлекеттік концерттік ұйымы оркестрінің әншісімін. Сонымен қатар Алматы қаласындағы Оқушылар сарайында вокалдан сабақ беремін.
– Қалың тыңдарман сізді «Қазағымсың» атты әніңіз арқылы таниды. Осы әннің авторысыз әрі орындаушысысыз. Жалпы, бұл ән қалай дүниеге келді? Осындай кең диапазонды туындыны шығаруға не түрткі болды?
– Бұл әнді шығаруыма себеп болған Қазақстан эстрадасының жарық жұлдызы Жанар Дұғалова еді. Әсіресе оның «Turkvision» байқауында орындаған «Ізін көрем» деген әнін тыңдап шабыттанып, шығармашылық рух алдым десем де болады. Сол уақытта менің де көкейімде «неге мен де жастардың жүрегіне патриоттық сезімді оятатын осындай керемет ән жазбасқа» деген ой туды. Көп ізденістің арқасында 2015 жылы «Қазағымсың» әні дүниеге келді. Ал сөзін өнерде де, өмірде де дос ретінде араласып жүрген шымкенттік ақын Қажымұқан Абзалов жазып берді. Ән шыққанда оған жақсы сөз жаздырғым келді. Және бұл әннің тыңдармандары көп болатынына, жақсы баға алатынына іштей сенімді жүрдім. Сондықтан көп ойланбастан ақын досыма ұсыныс тастап едім, көп уақыт өтпей-ақ сөзін «WhatsАpp» желісі арқылы жіберді. Өлең жолдары әнмен үйлесіп, жымдасып тұр екен. Бірден аранжировкаға кірісіп кеттік. Қазір аталмыш ән өз тыңдармандарын тапқан секілді.
– Алдағы уақытта тағы да осындай патриоттық әндер шығару ойда бар ма?
– Әрине, мен қазіргі уақытта шығармашылық ізденісте жүрмін. «Қазағымсың» әні рухты, патриоттық тұрғыда жазылса, келесі әнім жастардың талғамына сай болады, бұйыртса. Әнін жазып та қойдым. Бірақ мәтіні дайын емес. Өйткені сөзі жас өрендерге мотивация беретін «жігерлі, намысты бол, мықты бол, ізден, еңбектен» деген сынды жалынды жыр жолдарынан тұрғанын қалаймын. Биылдан қалдырмай тыңдармандарға ұсынамыз деп ойлаймын. Жалпы, қандай ән айтсам да жастарға жігер сыйлағым келеді.
– Өзіңіз вокалдан сабақ беріп жүрсіз. Елімізге танылып келе жатқан біраз эстрада әншілері сізден тәлім алған екен. Ұстаздық қырыңыз жайлы айтып өтсеңіз…
– Ол рас. Мен 8 жылдан бері Алматы қалалық Оқушылар сарайында жас өнерпаздарға вокалдан дәріс беремін. Біраз оқушыларым республикалық, халықаралық байқауларға қатысып, лауреат атанып жүр. Жанесіл деген 11 жасар шәкіртім «Евровидение», «Turkvision» сияқты байқауларға қатысып, үлкен жетістікке жетті. Сонымен қоса, Мағжан Боранбаев деген шәкіртім бар. Ол да болашағынан үлкен үміт күттіретін бала. Өзіңіз айтқандай мен тек жеткіншектерге ғана емес, еліміздің эстрадасында өнер көрсетіп жүрген әншілерге, кей продюссерлік орталықтарда жұмыс істейтін топтардың мүшелеріне, тіпті атақты әншілерге де дәріс беріп отырамын. Шеберлік сабақтарын өткіземін. Олардың атын атап, түсін түстеу қажет емес шығар.
– Вокалист ретінде айтыңызшы, кез келген адамды дайындап, дауысты қоятын түрлі жаттығулар жасату арқылы әнші етіп шығаруға болады ма?
– Тума талантымен және еңбекпен жеткен әншінің деңгейі білініп тұрады. Әнші болуы үшін адамда аз да болса музыканы түйсікпен ұғыну қабілеті мен ынта болуы керек. Кез келген адамды үйретсе әнші болып кетуге мүмкіндік мол, әсіресе компьютер дамыған заманда. Бірақ оған уақыт керек. Мәселен, маған «Х фактор» сынды байқауға қатысушылар келіп, сабақ беруімді өтініп жатады. Арасында қабілеті жоқтар да кездесіп жатқанымен, мен олардың ешқайсысын көкірегінен итеріп, «Сен әнші болмайсың немесе сенен түк шықпайды» деп төмендеткен емеспін. Сабағымды беремін, білгенімді үйретемін, басқасын уақыттың еншісіне қалдырамын. Өнер саласы, оның ішінде эстрада еңбексүйгіштікті талап етеді. Кейде ел қатарлы ән айтып бастаған әншілерді біраз уақыт өткен соң танымай қалып жатамыз. Еңбекқорлығының арқасында көп тәжірибе жинап, білімін арттырып, халыққа жаңа қырларымен таныла түседі. Ондай әншілер сыйлауға да, тыңдауға да тұрарлық.
– Теледидардан әнші Төреғали­мен дуэт айтқаныңыз есімізде. Әнді бірге айтуға ұсыныс кімнен болды?
– Ұсыныс Төреғали тарапынан түсті. Қателеспесем, осыдан екі жыл бұрын Төреғалидың продюсері Жан Мұқанов деген кісі маған хабарласып, дуэт мәселесімен жолығуымызды сұрады. Ол кезде менің екінші балама аяғым ауыр еді. Бүгін-ертең босанамын деп жүрген кезім. Кездесіп, келісуге мүмкіндік болмады. Біраз уақыт өткен соң ол кісілерден тағы ұсыныс түсті, бірақ бұл жолы да екінші балама аяғым ауыр еді. Бірақ ұсыныстан бас тартуға ұялып, кездесуге келісім бердім. Жан Мұқанов кездесуге Төреғалимен бірге келді. Төреғали менің шығармашылығыммен жақсы таныс екенін және «Қазағымсың» әнін менімен бірге орындауды біраз уақыттан бері жоспарлап жүргенін айтты. Әрине, мен бұған қатты қуандым және бірден дуэт айтуға келістім. Себебі Төреғали сынды әншімен бірге сахнаға шығу кез келген әншіге бұйыра бермейді деп ойлаймын. Сол үшін әншінің мені таңдағанына алғысым шексіз. Сөйтіп, әнді Төреғалидың жеке шығармашылық концертінде орындап шықтық. Тыңдармандар өте жақсы қабылдады.
– Алдағы жоспарларыңыз қандай?
– Негізі, менің жолдасым да өнер адамы. Ол кісі Алматыдағы әскери ән-би ансамблінің әншісі. Жоспарымыз сол – отбасылық дуэт болып шықсақ деген ниетіміз бар. Әндер де жазылуда. Өзім де отбасылық дуэтке арналған ән жазып жатырмын. Дуэтіміз сәтті шығып жатса, біраз қалаға гастроль ұйымдастырып, өнерімізді көрсетпекпіз.
– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Айжан ӨЗБЕКОВА

ПІКІР