"Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы"

Қонақүй қолға алынбақ

Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өзінің «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында: «Біз жат идеологиялардың әсері туралы айтқанда, олардың артында басқа халықтардың белгілі бір құндылықтары мен мәдени символдары тұрғанын есте ұстауымыз керек. Тиісінше, оларға өзіміздің ұлттық құндылықтарымыз арқылы ғана төтеп бере аламыз. Қазақстанның қасиетті жерлерінің мәдени-географиялық белдеуі — неше ғасыр өтсе де бізді кез келген рухани жұтаңдықтан сақтап, аман алып шығатын символдық қалқанымыз әрі ұлттық мақтанышымыздың қайнар бұлағы. Ол — ұлттық бірегейлік негіздерінің басты элементтерінің бірі. Сондықтан, мыңжылдық тарихымызда біз алғаш рет осындай ауқымды жобаны жасап, жүзеге асыруға тиіспіз» деп, «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасын ұсынған болатын.

Осы орайда, ел аумағындағы киелі жерлер картасының тізіміне облыстан 8 мәдени-тарихи нысан, ал микросакралды картаға 27 ескерткіш енгізілгенін айта кеткен жөн. Соның бірі – өңірдің маржандай мәдениетінің бірегей бренді, ортағасырлық рабад аумағындағы діни-мемориалдық кешенге жататын Қарахан кесенесі.

Нысанның Қараханидтер әулетінің көрнекті тұлғасы Шах Махмуд Қараханның құрметіне арналып салынғаны тарихтан белгілі. Өкінішке қарай, махаббат пен батырлықтың басты символына айналған бұл кесенені салушы шебердің аты-жөні бізге беймәлім. Ол туралы тарихта деректер сақталмаған. Және кесененің алғашқы түпнұсқасы да біздің заманымызға толығымен жетпеген. Күмбезі құлаған нысанның төрт қабырғасы, көне кірпіштермен бедерленген қос мұнарасы XIX ғасырдың 90 жылдарына дейін сақталып, кесененің құлаған бөлігі 1906 жылы ғана жергілікті тұрғындардың күшімен қайта салынған екен. Кесененің ең алғашқы келбеті мен сәулеттік құндылығы тек 1902 жылы түсірілген фотомұрағатта ғана сақтаулы көрінеді.

Ол суретте кесене шаршы формасында орналасқан. Бас қасбетінде кірпіштен өрілген өрнектері болған. 1961 жылғы қазба жұмыстары кезінде кесенені сәндеу мақсатында отызға жуық сан түрлі терракоттар пайдаланылғаны анықталған. Сондай-ақ, кіреберіс иіні сүйірлене қаланып, колоннаға тіреліпті. 1836-1936 жылдар аралығында, яғни бір ғасырдай уақыт Тараз шаһары Қарахан бабамыздың құрметіне Әулиеата деп аталғаны да белгілі.

Х-ХІІ ғасырларда Қараханидтер мемлекетін­де билік орнатқан құдіретті патша Шах-Махмуд Қарахан хас батырлығымен ғана емес, аса данышпандығымен де тарихқа таңбаланған тұлға. Көнеден жеткен сырсандықтай «Алтын силсилла» кітабында оның атағы дүниені дүр сілкіндіріп, атынан ат үркетін сестілігі, шексіз байлығы және соған қарамастан қарапайым ғұмыр кешкендігі жайында, тіпті аң патшасы арыстанды атша ерттеп, жота-жолда жортып жүргені, жау түгілі арыстанға айтқанын орындатқан ерліктері жазылған.

Шах Махмуд патшаның тұсында Қарахан мемлекеті Мауераннаһрдан бастап, Жетісу мен Қашқарға дейінгі аумақта билік құрған әлеуетті ел болған. Арыстандай айбатты баба кесенесінің ішіне қазір бесік тәрізді сағана орнатылған. Үш худжра бөлмелерінің қабырғалары да патшалық кезеңінің кірпіштерімен қаланған. Төбесі қазақы киіз үйдің үлгісімен әспеттелген. Кіреберіс маңдайшасында: «Алладан басқа құдай жоқ, Мұхаммед оның елшісі» деген Құран сөздері бедерленген. Сәулеттік шежіресі Айша бибі, Бабаджа хатун кесенелерімен тығыз һәм тікелей байланысты. Кейбір мамандар кірпіштерінің өрнектеліп қалану үлгісін ортағасырдағы бұқаралық Исмаил Самани кесенесімен байланыстырады. Қасбеті оңтүстікке, қабірі оңтүстіктен солтүстікке қаратыла орналасқан кесенеге 1979 жылы күрделі реконструкция жұмыстары жүргізілген. Ал, соңғы қайта жаңғырту жұмыстарын Тараз қаласының 2000 жылдық мерейтойына орай 2002 жылы республикалық «Қазқайтажаңғырту» мекемесі жүзеге асырған.
– Жыл өткен сайын Қазақ хандығының іргесі қаланып, туы тігілген өңір тарихына қызығушылардың қатары артып келеді. Олардың қатарында туристер, зерттеушілер, жастар да бар. Ал, біздің басты мақсатымыз – қонақтарға жауһар жәдігерлеріміз жайлы толыққанды ақпарат беріп, оларға барынша жағдай жасау. Осы бағытта Қарахан кесенесі аумағының шығыс жақ бөлігінен, бұрынғы ескі музейдің орнына келушілерге арнап қонақүй салуды жоспарлап отырмыз. Қазіргі таңда жобалық-сметалық құжаттары әзірленуде. Жаңа нысанның құрылыс жұмыстары жыл соңына дейін басталады. Сондай-ақ, бірінші жартыжылдықта бірнеше тарихи-мәдени нысандардың күмбезі жаңартылады. Сол тізімде Қарахан кесенесі де бар. Аталған шаруаларды «Қазқайтажаңғырту» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының Тараздағы филиалы жүзеге асыратын болады. Ал, күн көзі жылынысымен кесене маңайына абаттандыру, жарықтандыру жұмыстары жүргізіледі, — дейді мемлекеттік «Ежелгі Тараз ескерткіштері» тарихи-мәдени қорық-музейінің бөлім меңгерушісі Алмас Мұхтар.

Бүгінде кесене аумағына ауызсу жүйесі тартылған. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында алдағы уақыттарда киелі жерлер картасына енген өңірдегі басқа да тарихи орындарды жаңғырту жұмыстары қолға алынбақ.

Нұржан Қадірәлі

ПІКІР