Мәселе

Көне шаһар іргесіндегі алқап қашықтықтан оқытуға дайын емес

Written by Aray2005

немесе барысхандықтардың айтар базынасы көп

Қала іргесіндегі барысхандықтар ғаламторға кіре алмай жүр. Ең өкініштісі бұл алқаптағы қордаланған мәселелердің біреуі ғана. Екінің бірінің үйі тоналған, өз беттерінше қазған құдықтың суын ішуге жарамды деп айтудың өзі қиын. Қоғамдық көлік тұрмақ, жол да жоқ. Алқапқа ең жақын аялдама «айдалада ақ отау, аузы мұрны жоқ отаудың» күйін кешіп тұр. Жауынды күндері ара-қашықтығы екі шақырымнан асатын, барысхандықтардың маңдайына біткен жалғыз аялдаманың шатыры да жабылмаған. Пошта, банкомат түгілі, қазіргідей карантин жағдайында алқапта бірде-бір дәріхана жоқ. Осындай наразылық назымен бізге қайырылған тұрғындардың жайын арнайы біліп, көзбен көріп қайттық.

Жасыратыны жоқ облыста ХХІ ғасырдың өзінде байланыс аясынан тыс жерде орналасқан ауылдар баршылық. Қалада білім алып жатқан балаларының хабарын біле алмауы былай тұрсын, ауырғанда шалғайға жедел жәрдем шақыра алмайтын ауылдарда да ғұмыр кешіп жүрген жерлестеріміз аз емес. Қош, ол шалғай ауылдардағы жағдай. Ғаламтор байланысы орнау үшін халқының саны жетпейді деп жылы жабылған жайт. Ал облыс орталығы Тараз қаласынан таяқ тастап жерде орналасқан «Барысхан» алқабын байланыс аясынан тыс деп айтуға ауыз бармайды. Бірақ жағдайдың шынайы көрінісі осындай. Бір сөзбен айтқанда «Барысханның» жайы Барсакелместің күйінен кем болмай тұр. Ең қиыны әлемді әбігерге салған пандемия кезінде қашықтан оқуға мәжбүр болып отырған балалардың жағдайы. Себебі мұнда өз алдына мектеп те, жайлы балабақша да, тіпті ғаламтор байланысы да жоқ.
– Интернеттен қатты қиналып жатырмыз. Өзімнің төрт немерем бар. Барлығы да мектеп оқушысы. Елдегі карантиндік жағдайға байланысты немерелерім онлайн түрде оқуға көшті. Бірақ өткен оқу жылында сабақтарын уақытылы орындай алмай әбден қиналды. Себебі ғаламтор жоқ. Облыс орталығы таяқ тастам жерде тұрса да біздегі жағдай осындай. Өзім зейнеттегі адаммын. Жеке өзім үшін интернеттің қажеті жоқ. Немерелерімнің қай-қайсысын да шамам келгенше мектептеріне жетектеп алып баруға қауқарым жетеді. Бірақ карантин болғаннан кейін үйде оқуға мәжбүр болып отыр. Бұл жерде де аз халық тұрып жатқан жоқ. Әрбір үйде бала-шаға бар. Барлығының базынасы осы. Карантинге дейін де немерелерім М.Мақатаев атындағы №14 мектепке жаяу қатынап оқыды. Қыстың көзі қырауда оның өзі бір бейнет. Бастарына дейін батпақ болып барады. Жасы кіші балаларға ата-анасы еріп жүрмесе біз жақта қаңғыбас иттер өте көп. Қаншама баланы жазым етті. Қаншама рет айтылып та жатыр. Нәтиже жоқ. Осы «Барысхан» алқабында тұрып жатқаныма жеті жыл болды. Мұнда автобус жүрмейді. Маршрут алқапқа екі шақырым жетпей әскери бөлімнің қасынан қайтып кетеді. Біз қайта алқаптың орта шенінде тұрамыз. Соның өзінде біз үшін автобусқа жету машақат. Ал алқаптың аяқ жағында тұратындарға мүлде қиын. Зейнетақымыз түскенде де банкоматтың жоқтығынан уақытылы алмаймыз. Ол үшін қалаға баруға тура келеді. Қаладағы ең жақын жерге жеткенше не кезек көп болады, не ақша бітіп кетеді. Оның барлығы кезең-кезеңімен шешілер деген үміттеміз. Ең алдымен балаларымыз, болашағымыз үшін басталуына санаулы уақыт қалған жаңа оқу жылында жағдай жасалса, ғаламтор желісі қосылса деген талап-тілегіміз бар, – дейді Сүйінбай көшесінің тұрғыны Күләйша Қасымова.
Расында қоңырау үні сыңғырлап, жаңа оқу жылы да жақындап қалды. Ал жанары жәутеңдеген мұндағы бүлдіршіндер өзіміздің алтын ұя мектебіміз қашан болар екен деген арманда жүр.
– Мен осы «Барысхан» алқабына алғаш 2009 жылы қоныстандым. Ол кезде интернет тұрмақ, электр жарығының өзі атымен жоқ еді. Жарықтың мәселесі де жылдар бойы жырға айналып, әрең шешілген. Балаларымызды карантинге дейін аяғына пакет кигізіп мектепке алып барып жүрдік. Себебі жол жоқ. Өз қалтамыздан ақша жинап, тас төсеп, өздігімізше жол салғандай болдық. Онымызды газ тартамыз деп келгендер тас-талқан етті. Қайтадан қалпына келтірген де жоқ. Бізде тіпті арық та жүргізілмеген. Салынады деген мектебіміздің аты бар да, заты жоқтың күйін кешіп кетті. Жыл сайын алқапқа мектеп салынады деген үмітпен жүрміз. Былтыр ауыз суды кіргізіп береміз деп алты ай әуреге түсті. Орнатып берген су тартқыштарының бірі ойда, бірі сайда жатыр. Айналасының барлығы қазылған. Қаншама ойын баласы түсіп кетіп, аяқ-қолдарын жарақаттап алды. Содан өзіміз шырылдап жүріп олардың жан-жағын көліктің дөңгелектерімен бастырып, жауып қойдық. Бірінші тендерден ұтып алғандар су мәселесін шешпек түгілі, бастаған ісін аяқсыз қалдырып, басымызға қосымша мәселе қосып кетті. Енді осы судың мәселесін шешу мақсатында екі ай бойы басқа азаматтар жұмыс жасап жатыр. Ендігі үмітіміз соларда. Бұл 2006 жылы берілген жер. Сол 14 жылда әлі ел қатарына қосыла алмай келе жатырмыз. Автобус сұрасақ олар бірінші жолдарыңыз асфальт болуы керек дейді. Жол болуы үшін судың аяқталуын күтуіміз керек. Ең алдымен бізге мектеп керек. Әкімдіктегілердің барлығына да айтылған. Соңында оларға «мәселені шешпесеңіздер «жолды жабамыз, алқапқа кіргізбейміз», деп талап қойдық. Алайда олар «олай істесеңіз сізді қамаймыз» деді. Міне ақ жаулықты аналарға деген құрметі осындай. Балабақша жекеменшік кішкентай. Оған немерелеріміз сыймайды. Зейнеткер болсам да немерелерімді сонау М.Мақатаев мектебіндегі балабақшаға алып баратынмын. Жалғыз жіберуге қорқамыз. Биыл бірінші сыныпқа баратын бүлдіршіндерді аяймын. Себебі олар мектепті сезінбейді. Интернетке қосылуды да білмейді. Бала ғой ұялы телефонды қолына берсең ойнап кетеді. Басында мектептің орыны бар деп көрсетті. Кейін оның орнына екі шаруа қожалық үй салып қойыпты дегенді де естідік, –
дейді ардагер ұстаз, алқап тұрғыны Құралай Тәжітқызы.
Бұған қоса, тұрғындардың айтуынша «Барысхан» алқабы соңғы жылдары барымташылардың оңай олжасына айналған. Жоғалғаным табылмады деген жұрттың да қарасы қалың.
– Біздің «Барысхан» алқабында күрмеуі шешілмей келе жатқан күрделі мәселенің бірі – ұрлық. Қылмыстар ашылмайды. Менің есігімнің алдындағы мүлкімді түнде ұрлап, таңғы бестен 102-ге хабар бердім. Мұнда екі күнде біреудің үйіне ұрлыққа түседі. Учаскелік полиция инспекторының да талай табалдырығын тоздырғанбыз. «Іздеп жатырмыз» дейді, сонымен тас болады. Соңғы екі-үш жылда ұрлық жиілеп кетті. Учаскелік полиция инспекторлары «Қант» зауыты аумағында отырады. Сол үшін бізге өз алдына учаскелік полиция пункті керек. Әйтпесе жағдай ушығып барады. Тал түсте мал ұрлайды, үйдегі құнды заттардың да жанын қоймайды. Тіпті есіктің алдына жаюға қойған еттің өзін қазанымен көтеріп алып кетіп жатыр. Жайып үлгермейсің. Осы мәселе де жанға батқан жанайқайымызға айналды, – дейді Құрманбетов көшесінің тұрғыны Мұқатай Мәлібекұлы.
Байланыс аясында жоқ алқаптың тұрғындары осылайша балаларын қашықтықтан оқыта алмай әрі қарақшылардан есесін қайтара алмай дал болуда. Ұрлық дерегі шынында әрбірінің басынан өткен. Балалардың қашықтықтан білім алуы да бас ауыртқан мәселеге айналған. Оған көпшіліктің өзі көзімізді жеткізді.
– Өзімнің бес балам бар. Оқу жылының аяқталуы мен карантиннің басталуы тұспа-тұс келді. Наурыз айынан бері ата-енемнің үйіне балаларымды тасып, қашықтықтан оқыта алмай қиналдым. Биыл сабаққа үшінші балам қосылғалы отыр. Оларды қалай оқытамын? Не интернет жоқ, не байланыс дұрыс ұстамайды. Тапсырмаларды орындап, оны көшенің арғы басына шығып мұғаліміне жібереміз. «WhatsApp» желісі арқылы мұғалімдер тапсырманы тексергенше қара кешке дейін далада тұрамыз. Оған апайларына жіберген бейнежазбаларымыздың өзі дәлел. Одан кейін бес баламен екі шақырым жердегі аялдамаға жету оңай емес. Біздің балалар баратын М.Мақатаев мектебі «Қант» зауыты аумағында, ал екінші 60-ы мектеп «Кірпіш» зауыты аумағында орналасқан. Екі балам екі жақта оқиды. Екеуін тасу үшін таңертең жаяу бес жарымда үйден шығуыма тура келеді. Екеуі де таңертең оқиды. Үшінші балам тағы оқиын деп отыр. Содан кейін осында алғаш көшіп келгенімізде ұрлық болып жатыр дегенді жиі еститінбіз. Бір апта бұрын өзімнің үйіме ұры түсті. Үйімдегі барлық алтындарымды, 435 мың теңге ақшамды ұрлап кетті. Үйіме кетпенмен түсіп, кетпенді жатын бөлмеге тастап кеткен. Сол уақытта үйде бала-шаға болса қайтер еді, ойлаудың өзі қорқынышты. Ауызсуға келсек, өзіміз қазған құдықтан су ішіп отырмыз. Ол су қара-қоңыр, ішінде құрты бар. Ақшасы барлар сүзгі орнатып жатыр. Биыл қазан айында таза суды кіргізіп береміз деп отыр. Су мәселесіне келгенде соңғы үмітіміз де сол болып отыр, – дейді Алматы көшесінің тұрғыны Динара Оразымбетова.
Дана халқымыз мұндайда «Жол азабын жүрген біледі» деп бекер айтпаса керек. Қоғамдық көлік болмаған соң қалаға жетудің өзі оңайға соқпай отыр. Ал екі шақырымнан қайырылатын №29 маршруттың соңғы аялдамасы тұрғындарға жауын-шашыннан да қорған бола алмайды. Осы ретте «барысхандықтар» өздерінің ұсыныстарын да жасырмады.
– «Ауыл береке» базарынан Байзаққа жүретін маршрут бар. Бірақ ол барысхандықтарды мінгізбейді. Басында алып кететін. Кейін түсіп қалар жолда жүргізушілерге айыппұл салынып, олар бізді алып кетпейтін болды. Магистральдің бойында шағын базар бар. Дәл сол жерден «Барысханнан» түсіп қалатындар үшін бір аялдама салып берсе деген өтініш айтамыз. Бәрібір алқап тұрғындары азық-түлік үшін сол «Ауыл берекеге» барамыз. Ал такси ең кемі мың теңге алады. Елдің бәрінің бірдей көлігі жоқ. Бізге жол төселіп, автобус кіргенше уақытша болса да магистральдің бойынан бір аялдама қажет болып тұр, – дейді алқап тұрғыны Ұлбала Оразбаева.
Барысхандықтардың базынасы әкімдіктегілерге де таныс екен. Тіпті таңсық емес деп айтсақ та болады. Дегенмен жүйелі жұмыс жақсы нәтижеге жетелейтіні анық. Осы ретте бұл тараптың да пікірін білдік.
– Бүгінгі таңда «Барысханда» 1100 жер телімі бар. Соғылған үйлердің саны 600-ге жуық. Жартысының құрылысы әлі толығымен бітпеген. 600 орындық мектептің жобалық-сметалық құжаты бар. Оған үш гектар жер бөлінген. Бүгінгі таңда құжаттары сараптамаға жіберілген. Сараптамадан шыққаннан кейін ғана біз облыс әкімдігінің экономика және бюджетті жоспарлау басқармасына тапсырыс береміз. Бірақ облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, соның құрылысын тездетіп бастау жөнінде тапсырма алғанбыз. Су мәселесіне қайырылсақ, су тарту жұмыстары екі кезең бойынша жүріп жатыр. Былтыр бірінші кезеңі аяқталған. Кейін қосылған, қалып кеткен 277 үйге биыл бюджеттен 87 миллион теңге бөлініп, су кіргізу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Олар толығымен қыркүйек айында аяқталады деп жоспарлап отырмыз. «Барысханның» бергі жағындағы «Қант» зауыты бар, арғы жағындағы ауыл бар, судың көлемі жетіспеуіне байланысты Қант зауытындағы №22 мектептің қасында екінші су сорғы стансасының құрылысы жүріп жатыр. Оның қажетті қаражаты толығымен қойылған. 697 миллион теңгені құрайды. Келесі жылға өтпелі, бірақ облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес жылдың аяғына дейін сол «Барысхан» алқабы мен «Қант» зауыты аумағын толығымен ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында мердігермен келісім жасалған. Жыл аяғына дейін бұл мәселе шешімін табады. Жолға келсек, су жүйесі секілді басқа да құрылыс жұмыстары толығымен бітпей, жол мәселесі шешілмейді. Үйлердің 90 пайызы толығымен салынып біткеннен кейін ғана асфальт салуды қарастырамыз. Сонымен қатар қазір алқапқа қажетті нысандарды салу жөнінде кәсіпкерлермен жұмыс жасап жатырмыз. Келешекте дәріхана, дүкен ашу мәселелері де шешімін табатын болады, – дейді Тараз қаласы әкімінің орынбасары Асхат Есенәлиев.
Әрине халықтың жайы назардан тыс деп айтудан аулақпыз. Қала іргесінде орын алып жатқан мұндай мәселе шалғай елді мекендерде жоқ деп тағы айта алмаймыз. Қалай десек те қордаланған барлық мәселенің шешімі алдағы уақыттың еншісінде. Бізді ең алдымен толғандырғаны жақындап қалған жаңа оқу жылындағы барысхандық бүлдіршіндердің жайы. Оның үстінде көктемгі мезгілде ұялы телефонмен дала кезіп білім алған оқушылар қыстың көзі қырауда қалай жан сауғаламақ? Мұндай жағдайда сапалы білім мен саналы тәрбие жөнінде қалай әңгіме қозғаймыз? Қайтпек керек?..

Нұржан ҚАДІРӘЛІ

Тараз қаласы

ПІКІР