Қоғам

Көне шаһар көшелеріне барынша көңіл бөлінуде

Written by Aray2005

Тараз қаласы көшелерінің жол жабындыларын қалпына келтіру – өзекті мәселелердің бірі. Бүгінде облыс әкімінің тапсырмасына орай бұл бағытта барлық көшелерді түгендеу жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде бұған дейін коммуналдық меншікте ұзындығы 996 шақырым құрайтын барлығы 576 көше тіркелсе, түгендеу жұмыстары барысында 1 531 шақырымды құрайтын 1 330 көше анықталды.

Сондай-ақ қаладағы көше жабындыларын реттеу үшін арнайы үшжылдық Жол картасы бекітілген болатын. Картаға сәйкес, бірінші кезекте әлеуметтік маңызы бар (мектептер, балабақшалар, денсаулық сақтау) нысандар орналасқан және қоғамдық көліктер қатынайтын, инженерлік жүйелермен толығымен қамтылған көшелер жөнделу көзделуде. Бұл бағытта биыл ағымдағы жөндеу жұмыстарына бюджеттен 100 миллион теңге бөлініп, 22 000 шаршы метрді құрайтын 86 көшені (қоғамдық көлікпен қамтылған) қамту жоспарланған. Бүгінгі таңда оның 8 900 шаршы метрінде, яғни 36 көшеде нақты жұмыстар атқарылды. Қалған жұмыстар ағымдағы жылдың шілде айында аяқталады деп күтілуде.
Сонымен қатар қаладағы 29 жоба бойынша ұзындығы 75 шақырымды құрайтын 148 көшеге құны 1,5 миллиард теңге болатын орташа жөндеу жұмыстары жүргізілетін болады. Бұл орайда «Тайвань», «Арай» тұрғын алқаптарының көшелері қамтылмақ. Бұдан бөлек жергілікті бюджет есебінен 600 миллион теңге қаралып, қаланың көпқабатты тұрғын үйлері орналасқан ықшамаудандардағы жол жабындыларына ағымдағы жөндеу жұмыстары атқарылатын болады.
Ол ғана емес, қазіргі таңда шаһардағы «Бурыл А,Б,В» тұрғын үй массивінің 26 шақырымды құрайтын 50 көшесіне шағал тас төсеу жұмыстары басталды. Оның жалпы құны 260 миллион теңгені құрап отыр. Бұл жұмыстарды «Ая сервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізуде. Аталған мәселелер тұрақты бақылауда.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

ПІКІР