Көне шаһар шамшырағы – «Jambyl-Taraz» газетіне 25 жыл!

0 61

2013 жыл. Жоғары оқу орнын бітіруге санаулы айлар қалған. Жазып-сызып, тындырып жүрген түгіміз болмаса да журналист болсақ деген алға қойған арманымыз асқақ. Журналист болғымыз келетіні енді ғана есімізге түскендей, соңғы курста облыстық, қалалық газеттерге жиі-жиі бас сұғатынды шығардық. Әсіресе Тараз қалалық «Jambyl-Taraz» газетіне күн аралатып соғып тұрамыз. Бізден басқа да студент жастар топ-тобымен жүреді. Бірі келіп, бірі кетіп жатады. Әйтеуір, қашан барсаң да редакция араның ұясындай гуілдеп жататын. Мүмкін, сол кезде бәрімізді редакцияға қарай магниттей тартып тұратын белгісіз бір тылсым күш – ұжымның ауызбіршілігі, ешкімді бөтенсімейтін көпшілдігі шығар. Сол күндерден бүгінде тәтті сағынышпен еске алатын естеліктер қалды.

…Одан бері де қанша жыл өтті. Алғашында ет пен сүйектің арасындағы желік көрінген біздегі журналист болу арманы да орындалған. Бұрынғыдай екі күннің бірінде болмаса да ара-тұра қалалық «Jambyl-Taraz» газетіне ат басын бұрып, әріптестермен қауқылдасып қаламыз. Біз редакцияның табалдырығын алғаш аттаған сегіз жылдан бергі аралықта ұжым құрамы көп өзгерген. Редакцияға қай кезде барсаң да әріптестерін, жастарды айналасына жиып алып, арқа-жарқа болып отыратын Болат Бекжановтың мәңгілік мекеніне аттанғанына біршама уақыт өтті. Талай жастың томағасын сыпырып, бала бүркіттей баулыған Болат Үмбетәліұлы бірнеше жыл редакторлық еткен жылдары қалалық газеттің кескін-келбеті қырдың қызыл түлкісіндей құлпырып сала бергенін ешкім жоққа шығармас. Сол жылдары басылым оқырмандарға көне шаһардың тыныс-тіршілігінен хабар берумен қатар, қоғамдағы өзекті мәселелерді де көтеріп отырды. Жастарға ақыл-кеңесін айтып, тәжірибелерімен бөлісіп, болам деген баланың бетінен қақпай, белді буған Ерман Әбдиев, Талғат Талапұлы да бүгінде басқа салаға ауысқан. Журналистикада лайықты орны бар алдыңғы толқын аты аталған ағалардың тәлімін алып, тәрбиесін көрген жас журналистер қазір ұжым қатарын толықтырған.
Рас, көп нәрсе өзгерген. Өзгермеген бір ғана нәрсе бар. Ол – ширек ғасырдан бері екі мың жыл жасаған шаһардың шамшырағына айналған Тараз қалалық «Jambyl-Taraz» газеті ұжымының ұйысқан ұйымшылдығы, балталасаң бұзылмас ауызбіршілігі. Келбетін келешекке қарап түлеткен, іргетасы ізгілікпен, босағасы берекемен қаланған, бағыты айқын, арнасы кең «Jambyl-Taraz» газетінің жарық көргеніне биыл 25 жыл толды.
Тәуелсіздіктің алғашқы елең-алаңында қаржы-экономикалық қиындықтар қос бүйірден қысып тұрған 1996 жылы газет шығарудың оңайға соқпағаны біз айтпасақ та белгілі. Дегенмен басылымның аяққа тұруына, ақпарат айдынында желкен керуіне 1995-1998 жылдары Тараз қаласының әкімі болған Болат Жылқышиевтің қосқан үлесі зор. Ал басылым неге «Jambyl-Taraz» атанды? Алғашында қалалық газетті «Тараз таңы», «Тараз» деп атау туралы ұсыныстар болыпты. Дегенмен сол жылдары Тараз қаласы әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің басшысы болған Қалбүбі Мақажанова ұсынған «Жамбыл-Тараз» деген атау көптің көңілінен шығып, ресми түрде бекітіліпті. Газеттің алғашқы редакторы белгілі журналист Дархан Байтуов болды.
Осылайша қала тіршілігіне тың леп алып келген газет 2002 жылға дейін қазақ және орыс тілдерінде басылып келеді. Тек тәжірибелі журналист Көкен Оршабеков редакторлық еткен жылдары газет екі тілде бөлек жарық көре бастады. Ширек ғасырлық тарихында газет 22 мың дана таралыммен басылған көрінеді. Көптің көкейіндегі өзекті мәселелерді көтеріп, қаламның қуатымен оқырманның жүрек түбінен орын ала білген басылымды сол кезеңдерде тіпті еліміздің өзге қалаларынан да жаздырып оқитындар болған екен. Бүгінде газет Тараз қаласы аумағында 5 480 данамен тарайды. Өзіне тән бет-бейнесі, соны соқпағы қалыптасып үлгерген «Jambyl-Taraz» әлі де қолдан-қолға ауысып, оқырманның іздеп жүріп оқитын сүйікті газеті.
Өзіндік үні, айшықты ізі қалған бедерлі басылымға әр жылдары Дархан Байтуов, Ирина Маликова, Көкен Оршабеков, Болат Бекжанов, Еділ Әлиев, Ерман Әбдиев сынды журналистер редакторлық етті. Қай редактордың тұсында болмасын басылым халық көкейіндегі сөзді безбендеп, даналық пен даралықтың ұшар басы мен тұңғиығынан тағылымды сыр суыртпақтап, қоғам мінберінен үн қатып, халық мүддесін бәрінен биік қойды. Билік пен бұқара арасына алтын көпір орнатты. Талай тағдырға араша түсті, талай мәселеге араласып, әділ шешілуіне ықпал етті. Сондай-ақ кәсіби журналистердің ұстаханасына айналды. Аймақтың ең өзекті ақпараттарын ұсынатын газет танымдық, сараптамалық зерттеу мақалаларымен де оқырман тарапынан жоғары бағаға ие.
Жиырма бес жылдыққа «Jambyl-Taraz» жаңарып, жасарып қадам басып отыр. Қазіргі уақыт талабына сай оң өзгерістер жасалып, жаңашылдықтар басылымның бойына қан жүгіртуде. Білікті басшы, халық қалаулысы Эльмира Мырза-Ғали шаһардың бас басылымын біліктілікпен басқарып келеді. Ширек ғасыр ішінде журналистердің шығармашылық шеберханасына айнала алған газеттің ұжымында бүгінде 21 қызметкер еңбек етеді. Бас редактордың орынбасарлары Бекнұр Сатыбалдиев қазақ бөліміне, ал Бақытжан Ойшиев орыс бөліміне жауапты. Ұжымда көп жылдан бері еңбек етіп келе жатқан Құралай Сейсенбекқызы, Айдын Байділдаева, Юрий Ефимов, Жарқын Балқыбекова да өз ісінің білікті мамандары. Жас журналистер Арайлым Шабденова, Дионисий Пляшешник, Арайлы Жақсылық, Сәндібек Піренов, Кирилл Бердецкий де аз уақыт ішінде газет шығару ісіне креативті идеяларымен қолтаңбасын қалдырып үлгерді.
Әр жылдардағы жүйелі жұмыс жетістікке жетелеп, басылым сан мәрте абырой биігінен көрінді. 2012 жылы «Алтын көшбасшылар» жобасында ең таңдаулы бұқаралық ақпарат құралы номинациясын жеңіп алған. Сондай-ақ редакция ұжымының мүшелері қала және облыс басшылығының, түрлі органдар мен кәсіпорындардың диплом және грамоталарымен марапатталған.
Ақпараттық технология дәуірінде басылымды медиа нарықтағы бәсекеге қабілетті ету оңай шаруа емес. Осы талаптың үдесінен шығып жүрген «Jambyl-Taraz» газеті қай тұрғыдан болмасын оқырман талғамындағы газет болып қала береді. Газет ұжымындағы барша әріптестерді 25 жылдық мерейтойларымен құттықтай отырып, шығармашылық табыс тілейміз! Қаламдарыңыз мұқалмасын, құрметті «жамбылтараздық» әріптестер!

Талғат Нұрханов

Leave A Reply

Your email address will not be published.