Жамбыл жаңалықтары

Көне шаһар тотыдай таранады

Written by Aray2005

Жаңадан салынатын нысандар мен архитектуралық ғимараттар көне әрі жаңа тараздың болмысын айшықтап тұруы тиіс

Облыс әкімдігінде өткен жиында Тараз қаласының сәулеттік келбетін жақсарту және оны абаттандыру мәселелері талқыланды.
Облыс әкімдігі сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Арман Абдешов алдағы уақытта бой көтеретін сәулеттік нысандар туралы баяндады. Ол жаңа 15-шағын ауданынан үлкен саябақ салуды ұсынды. Сондай-ақ жайлы жағалау салуға да мүмкіндік бар екен. Егжей-тегжейлі жоспарлау тұрғысынан әлеуметтік және кәсіпкерлік нысандар үшін де орындар қарастырылады.

– Ғимарат құрылысын жоспарлау кезінде инфрақұрылымды енгізуді алдын ала қарастырған жөн. Үйлердің қасбеттеріне ерекше назар аударыңыздар. Барлығы әдемі, бірыңғай сәулеттік үлгіде жасалуы керек. Сондай-ақ, бизнес нысандарына орын таңдауда кәсіпкерлердің пікірлерін ескеріңіздер, – деді облыс әкімі Бердібек Сапарбаев.
Бұдан бөлек жиында «Тараз-Арена» спорт сарайының жанында спорт қалашығын салу жоспарланып отырғандығы айтылды. Құрылыстың жалпы ауданы 107 гектарды құрайды. Алдағы уақытта халықаралық стандарттарға сәйкес келетін мұз айдыны және жеңіл атлетика манежі бой көтермек. Онда велосипед жолағы, теннис корты, жабық футбол алаңдары, альпинистік қабырға, пейнтбол клубы, гольф клубы, скейт-парктер болады. Айта кету керек, бұл жобаға қаржы салғысы келетін инвесторлар тарапынан көптеген ұсыныстар түсуде.
Сонымен қатар Тараз қаласындағы Тәуке хан көшесінен бастап әуежайға дейін абаттандыру жұмыстары жүргізілетін болады.
– Таразға келген қонақтарға алғашқы әсерді әуежай мен оған жақын аумақтардың келбеті сыйлайды. Қала әкімдігі барлық жұмыстың барысын қадағалап отыруы тиіс, – деп тапсырды аймақ басшысы.
Сондай-ақ мұндағы Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған ескерткіш маңында этно-ауыл салынады.
Жақын арада «Арбат-3» жаяу жүргіншілер аллеясының құрылыс жұмыстары да аяқталады деп күтілуде.
Басқарма басшысы «Тектұрмас» этно-тарихи кешенін қайта жаңғыртудың екінші кезеңі басталғанын тілге тиек етті. Ескі бекініс жөнделіп, кешен шекарасы кірпіштермен қаланған қабырғамен қоршалады. Ондағы бақылау алаңдары мен қамал аллеямен жалғасып, облыстың тарихи нысандары мен жәдігерлердің макеттері орналасады. Бекініс пен бақылау алаңдарының арасында ұзындығы 15-20 метр болатын панорамалық панелі жобаланған. Бұл панель біздің облыс аумағында болған, әрі Қазақстан тәуелсіздігі тарихындағы маңызды оқиға саналатын Атлах пен Аңырақай шайқастарына арналған. Бұдан бөлек жағалау, тоған және жасанды сарқырама салынбақ.
Басқосуда «Денсаулық» саябағының эскиздік жобасы ұсынылды. Ол «Қарасу» алқабында орналасады. Саябақта бірнеше спорт алаңы, велосипед жолағы, street workout алаңшалары ашылады деп күтілуде.
Таразда бой көтеретін «Анаға тағзым» ғимараты да, қаланың көрікті жерлерінің біріне айналады. Қазіргі таңда аналардың құрметіне арналған ескерткіштің макеті әзірленуде.
– Соңғы кездері мен ұлттық құндылықтарымыздан алшақтап бара жатқанымызды жиі айтып жүрмін. Осы орайда облыс орталығында ұлттық құндылықтарды жандандыруға, сананы жаңғыртуға және жастардың тұлға болып қалыптасуына, аға және жас буын арасындағы диалогты нығайтуға бағытталған жұмыстар жүргізілетін болады. Жас аналарға арналған түрлі үйірмелер, қайта даярлау курстары, түрлі мәселелер бойынша кеңес беру орталықтарын құру қажет. Сонда аналар түрлі мекемелерге шабылмай, бір ғимаратқа жиналады, – деді облыс әкімі.
«Локомотив» стадионы да толықтай жаңғыртудан өтеді. Стадионды қайта құру кезінде көрермен орындары мен алаң жаңартылатын болады. Облыс әкімінің ұсынысы бойынша жаңа жекпе-жек залының құрылысын салу көзделуде.
– Стадионның қазіргі жағдайы сын көтермейді. Балалар спортпен қолайлы жағдайда айналысу үшін, қайта құру жұмыстарын сапалы жүргізу қажет, – деді Бердібек Сапарбаев.
Ал балалар үшін «Оқушылар сарайы» ең сүйікті орынға айналмақ. Алғашында бұл нысан Тараз қаласындағы 15-шағын ауданда салынады деп жоспарланған болатын. Алайда мұғалімдер мен балаларға қала шетіндегі жаңа шағын ауданға қатынау оңайға тимейтіндігі ескерілді. Осыдан соң қазіргі мектептен тыс шаралар мен балалар шығармашылығы орталығының орнында «Оқушылар сарайын» ашу туралы шешім қабылданды. Ескі ғимарат ретке келтіріліп, қосымша құрылыс жүргізілмек.
– Оқушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелерін басты назарда ұстаңыздар. «Оқушылар сарайында» бүлдіршіндер мен жасөспірімдердің жеке және шығармашылық дамуы үшін барлық жағдайлар жасалуы керек. Кеме жасау, авиамодельдеу, робототехника, IT-орталық, планетарий, обсерватория бойынша үйірмелер ашу қажет, – деп тапсырды аймақ басшысы.
«Дос-Нар» сауда орталығына қарама-қарсы «Қазақ халқына мың алғыс» монументі тұрғызылады.
Жиында коронавирус пандемиясымен қарсы күреске атсалысқан барлық қызметшілерге арналған «Biz Birgemiz» ескерткішінің құрылымдық дизайны жан-жақты сараланды. Ескерткіштің орналасқан жері келесі кездесулерде талқыланбақ.
Басқосу барысында сәулет және қала құрылысы басқармасының Тараз қаласының бас жоспарына өзгерістер енгізу туралы ұсыныстары да қаралды.
Облыс әкімі аймақтың геопорталын құру жобасын қолдады.
– Жаңа нысандар мен архитектуралық ғимараттар көне әрі жаңа Тараздың болмысын айшықтап тұруы тиіс, – деп түйіндеді Бердібек Сапарбаев.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

ПІКІР