"Көңілашар"

Көне шаһар жастары кинокомедия түсірмек

Бүгінде сатираның садағын асынып, қорамсағына жебедей өткір қалжыңдарын жинаған шешен де шебер жайдарманшы жастардың қарасы көбейді. Текті сөздің тізгінін ағытып, төтеннен төге сөйлейтін, орынды ойды әсерлі әзілмен жеткізе білетін жастардың жетістігі көңіл қуантады. Естеріңізде болса, жыл басында «Қазмедиа» орталығында өткен «Молодежное юмористическое шоу» сайысының финалдық кезеңінде ұтымды әзілдері, ұтқыр ойларымен көрермендерін селт еткізіп, таяуда ғана Ресейдің Сочи қаласында түндігін түрген халықаралық КВН фестивалінде жоғары дәрежелі өнер көрсетіп, көпшіліктің құрметіне бөленіп қайтқан «Хочу в Джамбул» көңілді тапқырлар командасының капитаны Бекзат Дүйсеновпен сұхбаттастық.

– Бекзат Қайратұлы, жалпы өзіңіз көңілді тапқырлар алаңына, бүкіл жастардың сүйікті жобасына айналған жайдарманшылар ортасына қалай келдіңіз?

– Мен Қордай ауданында дүниеге кегеніммен, отбасымыздың қоныс аударуына байланысты мектеп табалдырығын Таразда аттап, оқуды Алматыда аяқтадым. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне оқуға түстім. Мектепте жүргенде-ақ жайдарманға қызығушылығым оянып, алғашында оған тек хобби ретінде ғана көңіл бөлетінмін. Кейін университет қабырғасында шындап кірістім. Оған сол кездегі дүркіреп тұрған университет құрама командасындағы ағаларымыздың ойыны себеп болды. Соларға еліктеп, кейін факультетаралық жайдарман ойындарына қатыса жүріп, тәжірибе жинақтап, факультетімдегі 3 жігітпен бірге алғаш рет сахнаға «Достар» командасын шығардық. Көп ұзамай «Хабар» арнасындағы «Қызық Times» жобасының авторы, жүргізушісі, продюсері Марат Оралғазиннің көзіне түстік. Талпынысымызды байқаған ол бізді кейінірек өзіне шақырды, тәрбиесіне алды. Сөйтіп, сегіз-тоғыз бала қосылып, Марат ағамыздың қолдауыменен республикалық жайдарманда ойнайтын болдық. Бұрын университетке алғаш түскенімде алдыңғы буын ағалармен үлкен КВН байқауларына қатысып, көбіне соларға көмектесіп, қолғабыс етіп жүретінмін. Осылайша біраз ысылып, 2011 жылы Есен Елеукен Алматыдағы Премьер лигаға шақырып, университет жастарының құрамасы Премьер лигада жүлделі үшінші орынды иелендік. 2012 жылы жоғарғы лигада бірден финалға жетіп, 2-орыннан көріндік. Келесі жылы тағы да бағымызды сынап, тағы финалға жетіп, 2-орын иелендік. Ал, 2014 жылы чемпион атанып, мен сол жылдың соңында «Jaidarman OFFICIAL» қоғамдық бірлестігінің қатарына жұмысқа орналастым. Әрі, жайдарман ойнап, әрі бірлестікте редактор бола жүре, арасында телевизиялық жобаларға сценарий жазып, білімім мен тәжірибемді толықтыра түстім. 2014 жылы чемпиондыққа қол жеткізгеннен кейін біраз жігіттер өз мамандығы бойынша еңбекке араласып, жан-жаққа кетті. Шығармашылықта тек үш-төрт жігіт қалдық.

– Сіздің және қасыңыздағы әріптестеріңіздің танымалдылығы­мен қатар, тәжірибелілігінің арқасы шығар, биыл Сочиде өткен халықаралық лигада «Хочу в Джамбул» командасы биіктен көрініп, өңірдің брендіне айналды. Сол додада жүздеген командалардың қолы жетпеген мүмкіндікке ие болдыңыздар. Ол мүмкіндік сіздерге не берді?

– Біз 2017 жылы Жуалы аудандық әкімдігінің қолдауымен «Жас Отан» жастар қанаты ұйымдастырған «Хабар» арнасындағы «Молодежное юмористическое шоу» атты жобаға Жамбыл облысының атынан «Хочу в Джамбул» көңілді тапқырлар командасы болып қатыстық. Ойынның әр кезеңінде қазақша жайдарманнан шыққан мықты деген ойыншылар өнер көрсетіп тұрды. Бастысы, ол жерде жақсы бәсекелестік болды. Финалға дейін жеттік. Чемпион атандық, қомақты қаржыға ие болдық. Әрине, Жуалы ауданы әкімдігі қолдамаса біз ол ойынға қатыспас едік қой. Осылайша қолымыздағы қаржының көмегімен ағымдағы жылдың қаңтар айында Сочи қаласында өткен Александр Масляковтың КВН лигасының халықаралық фестиваліне барып, өте сәтті ойын көрсеттік. Қазақстаннан он команда қатысты. Соның ішінде жас команда бола тұра, жоғары рейтинг алған 3 команданың ішінде біз болдық. Қалған екі команда өте тәжірибелі, бұрыннан келе жатқан командалар еді. Сөйтіп, Казань және Тольятти қалаларында ғана өтетін «Поволжье» орталық лигасына жолдама алдық. Наурыздың 12-сі күні ол жақта аталмыш фестиваль өтті. Ресейге бару көп қаражатты талап ететіндіктен, аз ғана уақытта демеуші таппадық. Біз есігін қаққан жамбылдық лауазымды ағаларымыз қолдау білдіруге тырысқанымен, нақты нәтиже шықпады. Сөйтіп, біз өз мүмкіндігімізді жіберіп алдық. Сәуірде А.Масляков лигасының соңғы ойындары өтеді. Оған бару да қаражатқа тіреліп тұр. Мәселен, Ресейде «КВН» ойнау үшін 1 жылға алты адамға шамамен 7 миллион теңгеге жуық қаражат кетеді екен. Бұл тек орталық лига үшін ғана. Ал, орталық лигадан өтіп, Премьер лигаға жетсек, қаржы мәселесі қалай боларын көзге елестету қиын. Мысалы, мұндай жолдама үшін 500 команда қатысып, олардың 400-і жолдамаға қол жеткізе алмай, кері қайтып жатады. Ал біз Жамбыл облысындағы кішкентай ғана Жуалы ауданының атынан келіп тұрып, бірден жолдамаға қол жеткіздік. Әрине, өкінішті. Десе де, «Хочу в Джамбул» атты өзіміздің брендімізді жоғалтпаймыз. Осы брендпен, тіпті отыз жасқа дейін болса да Ресейдің 1-арнасының жүлдесіне жету деген басты мақсатымыз бар.

– Алда қандай жоспарларыңыз бар?

– Қазір «Жайдарман» республика­лық лигасының редакторы, жүргізушісі­мін. Ол іштей мектепаралық, орта оқу орындарына арналған және тәжірибелі командалардың жоғарғы лигасы деп үш лигаға бөлінеді. Мұндағы маусымдық жүлде қорымызға 500 мың теңге тігіліп отыр. Ол бір ғана командаға беріледі. Оған ие болған чемпион команда Астанадағы маусымашарға қатысуға мүмкіндік алады. Соның өзі жастарға үлкен көмек деп ойлаймын. Облыстың атынан бір команда барып, бүкіл өңірдің намысын қорғайды. Осы жұмыстарға кірісіп жатырмыз.
Одан бөлек, 2017 жылдың шілде айынан бастап комедиялық жанрда фильм түсіріп жатырмыз. Туындының аты – «Угарная поездка». Бұл фильмді түсірудегі басты мақсат – Тараз тек атыс-шабыстың, бұзақылықтың қаласы деген сыңайдағы жұртшылықтың жадында жатталып қалған түсінікке тойтарыс беру. Амандық болса, фильм осы сәуір айының соңына таман жарық көреді.
Биыл жоғарғы лигаларда Жамбыл облысының, Тараз қаласының атынан қатысып жатқан командалар жоқ. Жалпы, жоғарғы лига ойындарына өңірдің атынан команда қатысса, облыс үшін үлкен мақтаныш емес пе? Билік басындағы ағалар, қалталы, қол ұшын созуға мүмкіндігі бар патриот азаматтарымыз осыны ескерсе екен деген тілегіміз бар. Бұрын жамбылдық «Тараз-2000», «Бауырсақтар» деген командалар қандай еді, бүкіл Қазақстан біледі. Әлі күнге дейін айтады. Содан кейінгі жағдай қолдау болмағаннан кейін амалсыз ақсап тұр. Әйтпесе, Таразда талантты жастар көп.

– Жамбылдық жайдарманшы жастардың басқа өңірлердегі ойыншылардан ерекшелігін не болмаса кемшілігін байқадыңыз ба?

– Қазір жамбылдық жастардың көңілді тапқырлар алаңына қызығушылығы да, қадамы да өте керемет. Маған ұнайды. Жалпы жайдармандағы оңтүстіктің атынан шығып жүрген жастардың ерекшелігі – оларда актерлік қабілет басым. Біздің балалар болмашы бір әзілді шебер орындап шыққанда, ол әзіл елге мықты болып естіледі. Бірақ кемшілік те жоқ емес. Мәселен, батыс, шығыс, солтүстік, орталық өңірлердегі жастардың актерлік қабілеті біздің балалардан кемшіндеу шығар, алайда олардың әзілдері өткір. Ал, біздің жастар әлі күнге тұрмыстық әзілдерден әрі аса алмай жүр. Жайдарман жан-жақтылықты, терең білімді талап етеді. Сондықтан, оған жеңіл қарауға болмайды.

– Жайдарманшы ретінде күлкі күніне орай өңір жұртшылығына не айтарыңыз бар?

– Бұл күні барлығы бірін-бірі алдауға асығады. Бірақ өмірде ешқашан бір-бірлеріңізді алдамаңыздар. Тек осы күні ғана емес, жалпы өмірлеріңіздің әр сәті шаттыққа, қуанышты күлкіге толы болсын.

– Әңгімеңізге рахмет!

Нұржан ҚАДІРӘЛІ

ПІКІР