Көне шаһарда «Бақытты отбасы» орталығы ашылды

0 0

«Nur Otan» партиясының «Baqytty otbasy» жобасының 2020-2021 жылдарға арналған жол картасын облыста жүзеге асыру аясында Тараз қаласында «Бақытты отбасы» отбасы институтын қолдау орталығы ашылды. Бұл игі шараға тараздық көпбалалы аналар және әлеуметтік осал топтағы отбасы мүшелерімен бірге облыс әкімі Бердібек Сапарбаев та қатысты.

Орталықтың ашылу салтанатына жиналған көпшілік алдында сөз алған өңір басшысы бұл ұйым арқылы әрбір отбасындағы ірілі-ұсақты мәселелер жергілікті билік назарына ұсынылатынын жеткізді.
– Өздеріңізге мәлім Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен өткен жылдан бастап көпбалалы аналарға Үкімет тарапынан көмек көрсету үшін көптеген бағдарламалар қолға алынды. Қазіргі таңда Жамбыл өңірінде 32,6 мың көпбалалы ана, 15 мыңға жуық атаулы әлеуметтік көмекке зәру отбасы, 45 мың 900 мүмкіндігі шектеулі жан бар.
Міне, бүгін ашылып отырған орталықтың негізгі қызметі – осы жандарға кеңес беру, бағыт-бағдар ұсыну. Мұндай орталықтар Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларында және Ақтөбе облысында ашылған болатын. Орталықтағы жауапты мекеме өкілдері мұнда келушілерге жұмысқа орналасу мен жеке кәсібін ашу, баспанаға қол жеткізу жолдарын түсіндіреді, – деді Бердібек Машбекұлы.
Мұнан соң өңір басшысы орталықта ұсынылатын қызмет түрлерімен танысып, оларды мейлінше сапалы көрсетуге шақырды. Көпбалалы аналарға арналған ағылшын тілі және IT-сауаттылық курстарын ақысыз жүргізуді тапсырды.
Алдағы уақытта орталықта арнайы кестеге сай облыс әкімінің орынбасарлары, облыс әкімдігі салалық басқармалардың басшылары, мемлекеттік мекеме жетекшілері түрлі сауалдар бойынша азаматтарға қабылдау жүргізеді. Ал әзірге Тараз қаласындағы Төле би даңғылы, 42 «А» мекенжайына қоныстанған орталықты таяу арада жаңа ғимаратпен қамтамасыз етуге кәсіпкерлер демеушілік жасамақ.
– Бұған дейін көпбалалы аналарға «Бір терезе» қағидасымен қызмет көрсететін орын тапшылығы қатты сезілді. Осы тапшылықты жою мақсатында еліміздің бірқатар аймақтарында «Бақытты отбасы» орталықтары ашыла бастады. Олардың алғашқысы Алматы қаласында іске қосылды. Осы жұмыстың басы-қасында жүрген жан ретінде мен Тараздағы орталықты ұйымдастыруға өз үлесімді қостым.
Жалпы орталық әлеуметтік тұрғыдан осал отбасы мүшелеріне заңгерлік, психологиялық көмектер көрсетеді. Қажет болса олардың қаржылық сауаттылығын арттырып, тұрғын үймен қамту, кәсіпкерлікті бастау, жұмысқа орналастыру шараларын қамтитын мемлекеттік бағдарламарға қатысуын ұйымдастырады. Тіпті Алматыда осы орталыққа келіп өздерінің инновациялық бизнес-идеяларын ұсынған көпбалалы аналардың кейбірі 5 миллион теңгеге дейінгі грант ұтып алып, өз кәсібін бастап кетті, – дейді «Бақытты отбасы» әйелдер әлеуметтік орталығының Алматы қаласы Алатау ауданы бойынша үйлестірушісі Ақмарал Басирова.
Ал Тараздағы «Бақытты отбасы» отбасы институтын қолдау орталығының жетекшісі Бақытжан Наметулла мұнда көпбалалы аналармен бірге өмірлік қиын жағдайға ұшыраған ер азаматтар да өзіне қажетті қызмет алуға болатындығын айтады. Сонымен қатар ол таяу арада мұнда «Атамекен» кәсіпкерлік палатасы мен Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің өкілдері қызмет көрсете бастайтындығын жеткізді.

Шынболат КҮЗЕКБАЕВ

Leave A Reply

Your email address will not be published.