Көне шаһардан «Сөз музейі» бой көтерсе

«Мемлекеттік тіл және БАҚ» облыстық байқауына

0 12

Ұлты неміс қазақ жазушысы Герольд Бельгер үш тілде жаза алатын білгір деген атқа ие болған тұлға еді. Ол Әбдіжәміл Нұрпейісовтың «Қан мен тер» романын орыс тіліне, кейін неміс тіліне де аударды. Бірде сұхбаттарын оқып отырып, қазақ тіліне қатысты мынадай салыстырмасына таңғалдым, «Қазақта баба, ата, әке, бала, немере, шөбере, шөпшек, туажат» деп сегіз буынға дейін санамалап тұрып айтады. Мұндай сөздер немісте де, орыста да жоқ. Мысалға айтсақ, немістің ірі ақыны Гетенің «Қараңғы түнде тау қалғып» деген өлеңін Лермонтов орысшаға, одан Абай қазақшаға аударды. Сол өлеңнің әдеби қуаты түпнұсқадан бір мысқал да кем емес. Абай атамыздың артықшылығы – ол өлеңге әдемі ән де шығарды. Қарап тұрсаң, Ұлы Абай сондай екі шумақ өлеңге ой таппай қалған жоқ. Ол өзінің ақындық қуатын сынап көргісі келді және Еуропаның алып ақынын қазақ балаларына таныстырғысы да келді. Бұдан шығатын тұжырым, қазақтың тілі қай елдің тілінен еш кем емес, керісінше бай деп айтуға болады.

 

Кезінде Қалтай Мұхамеджанов Түркиядағы Еуропаның жазушыларымен сұхбаттасып тұрғанда «Ер Тарғын» жырындағы Ақжүністің Қартқожаққа айтқан,

«Қара жерге қар жауар, қарды көр де, етім көр,

Қар бетіне қан тамар, қанды көр де, бетім көр» деген жолдарын айтып бергенде, олар: «Не деген теңеу, тілдерің аса қуатты екен», деп таңырқапты.

Бірақ сол даламыздай кең тілімізді өзгелер кемсітіп, өзіміз кең қолданбай да жүрміз. Қазақ тілінің және бір ерекшелігі – өте әуезді, құлаққа жағымды екендігінде. Себебі түбір сөз жіңішке әріпке құрылған буыннан болса, оған қосылатын жұрнақ-жалғаулар міндетті түрде жіңішке әріптерден тұрады. Жуан дыбыстан құрылған болса, жуан дыбысты жалғаулар ғана қосылып, әуезді сөз шығады. Қазір шет тілден кіріп жатқан кірме сөздер көп болғандықтан тіліміз де табиғатынан алшақтап бара жатыр.

«Бір қайғыны ойласаң, мың қайғыны қозғайды» демекші, бүгінде орысша оқып, орысша ойлайтындар да ана тілімізді одан сайын жұтаңдандырып, мүлде басқа аударма тілге ауыстырып бара жатқандай. Қазір сөйлеп тұрған қалалық қазақ балаларына қарасаңыз, сөздік қоры санаулы, қазақша білетін орыс секілді. Бұл енді тілімізге түскен дерт.

Аудармаға келер болсақ, біз масканы – бетперде деп жүрміз. Меніңше, мұны «тұмылдырық» деген дұрыс сияқты. Осы ретте керек десеңіз, терминдерді қазақшалаудың қажеті жоқ, түсініксіз болып кетті деп дабыл қағушыларды да көзіміз шалып қалып жүр. Көне заттар қолданыстан шыққан сайын бүгінде олардың атаулары да архаизмге айналып барады. Осылай кете берсе, енді біраз жылда терминдер қаптап, тіліміздің жалқұйрығы күзеліп, тұл боп қалуы да ықтимал. Одан Құдай сақтасын.

Ал «аялдама», «балмұздақ» деген аудармалар қандай сәтті шыққан. Жақында ғана «пингвиннің» қазақшасы «балпанақ» екенін біліп, қуанып қалдым. Тағы бір мысал, ауылда бір апамыз «бензовоз» көлігін «майқабақ» деп атайтын. Яғни осы атауды тілдік қорға енгізіп, көліктердің сыртына жазып қойса, ұтымдырақ болар еді.

Мәселен Әзірбайжан, Грузиннің киноларындағы эпизодтарда орыс тілінде сөйлейтін болса, олардың тілі келмей жатады. Біз соларға күлеміз. Байқасаңыздар, біздің бұрынғы ата-апаларымыздың да орыстың тіліне тілі  келмейтін. Неге келмейді, себебі бізде 42 әріп болса, оның 37-сі өзіміздің әріптер де, қалған бесеуі орыс тілінен енген әріптер. Бұл жуан, жіңішкелік белгілері, э, ю, я әріптері қазақ тілін бұзып тұр. Мысалға қазақ тілін осы уақытқа дейін төте жазуға, кириллицаға бірнеше рет ауыстырды. Соның бәрі саналы түрде қазақты ділінен аудару үшін жасалған саясат болатын. Орыстың тіліне үлкен кісілердің тілі келмей тұрғаны қазақтың ұлттық колоритінен айырылмағандығында деп білемін.

Түрлі электроника мен технологиясы аса дамып кеткен Жапон мемлекетінде қазіргі уақытта күріш шаруашылығы қарқынды жүріп тұр. Экономикалық тұрғыдан қарайтын болса, оларға бұл шаруашылық тиімсіз. Себебі көлік, компьютер секілді тұрмысқа қажетті барлық затты алдын ала шығарап үлгерген жапондар күрішті шетелден-ақ сатып алар еді. Бірақ ғасырлар бұрын күріш егуді кәсіп еткен халық болғандықтан соқаға, қайлаға, күріштің дәніне байланысты олардың түпкі сөздерінің көбісі күріш егіндігіне байланысты екен. Сондықтан сол сөздерді ұмытып кетпес үшін, сол көне сөздер айналымнан шығып кетпес үшін күріш шаруашылығын қалдырмай жүргізіп келе жатыр. Біздің де атакәсібіміз мал, егін шаруашылығы болғандықтан сөздеріміздің көбісі осы шаруашылықтарға қатысты болып келеді. Мысалға алсақ, «сілбі қар» дейміз. Оның түпкі атауын сұрасаң, кішкентай балалар түгілі, үлкендер де білмейді. Негізінде сілбі дегеніміз  –
өгіздің мұрындық сақинасы. Ол үнемі суланып тұрғандықтан солай атайды. Я болмаса қазақта «бойра-бойрасы шығыпты» деген сөз бар. Бойра деген не, ол бұрынғы заманда халық кедей кезде қамыстан алаша тоқып алатын болған. Оның сыртын бояп қоятын. Соның үстіне көп отыра берсе, қамыс жыртылып, сөгіліп кетеді, соны «бойра» деген. Сол секілді қазақта «саған қолқа салуға келдім» деген тіркес бар. Мұндағысы, адамның қолқасы емес, кәдімгі түйенің қомын байлауға қолданатын затты айтады. Я болмаса «шаужайыма жармаспа» деп жатамыз. Шаужай дегеніміз – асау аттар алып қашқанда мойнын бұратын кезде ауыздық аттың езуін жыртып кетпеуі үшін қойылатын доғал темір болған.

 

Осы ретте Тараз қаласынан «Сөз музейін» соқсақ деген ұсынысым бар. Ол жерде жаңа айтып өткен бойра, шаужай секілді дүниелерді шеберлерге жасатып, оның астына  сол сөздерге түсінік беріп қойсақ. Қазақта одан басқа қанша сөз бар, барлығын дерлік солай сипаттап, ашып жазсақ, оның барлығы сөздік қорды байытып, рухани жаңғыруға да септігі тиер еді.

Айжан Өзбекова

Leave A Reply

Your email address will not be published.