Жамбыл жаңалықтары

Көне шаһардың абаттандыру жұмыстарына айрықша көңіл бөлінбек

Written by Aray2005

Тараз қаласының сәулеттік келбеті қалай жаңғыруда, оны жандандыра түсу үшін қандай шаралар қабылдау керек? Бұл туралы облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың облыс орталығын кезекті рет аралап, жүзеге асырылып жатқан жобалардың жай-күйімен танысуы барысында сараланды.

Облыс орталығындағы Б.Адамбаев көшесінің бойымен жалғасып, «Ежелгі Тараз» тарихи-мәдени орталығының маңында орналасқан сквер алдағы уақытта әдемі әрі жайлы орынға айналады деп күтілуде. Мұнда су бұрқақтары, орындықтар, қала тарихы жазылған қабырғалар, үлкен құмыралар, шығыс стиліндегі кофеханалар мен сауда павильондары, автотұрақ пен балалар алаңдарын салу жоспарланған. Іргеде орналасқан күрделі жөндеуден өткен көне «Әулие-Ата» мешіті өз орнында қалады. Нысан құрылысына жергілікті материалдар қолданылуда. Құрылыс жұмыстарына тартылған 30 жұмысшы да өңір тұрғыны. Нысанды белгіленген мерзімнен әлдеқайда ертерек аяқтау жоспарлануда.
Былғары зауыты маңында «Дос-Нар» сауда орталығына қарама-қарсы орында «Қазақ халқына мың алғыс» монументі бой көтеруде. Өңір басшысы құрылыстың барысымен танысып, кейбір сәулеттік шешімдер туралы ойын ортаға салды. Сонымен қатар Б.Машбекұлы каналдарды тазарту, қураған ағаштарды бұтау және жалпы абаттандыру жұмыстарының орындалу жағдайын барлады. Тараз қаласының әкімі Айтқазы Қарабалаевқа аталған ескерткіш маңында орналасқан сауда орындарының сыртқы келбетін бірыңғай үлгіде болуын қамтамасыз ету жүктелді.
Сондай-ақ «Айя-Сервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі Сүлейменов көшесінің бойындағы 3,4 шақырымдық жаяу жүргіншілер жолын жөндеуде. Алдағы уақытта көшенің өзі де жөндеуден өтпек. Жақын маңдағы су жүрмейтін арықтар да өзге жоба аясында ретке келтірілетін болады.
– Тұрғындарға қолайсыздық туғызбау үшін жұмыстарды кешенді түрде жүргізу керек. Ол үшін бір мезгілде көше бойындағы арықтарды реттеу, жарықтандыру, қоғамдық көлік аялдамаларын жөнге келтіру секілді шаруалармен де қатар айналысудың маңызы зор, – деді облыс әкімі.
«Үш бұлақ» жағалауындағы амфитеатр және сахна салу жобалары өңір басшысы тарапынан қолдау таппады. Онда жасыл желек пен бос алаңның көп болуының пайдасы, тараздықтардың балаларымен бірге демалатын көгалдарды көбейтудін маңыздылығына көңіл бөлінді.
Тараз қаласын аралап болған соң облыс әкімі Памирская көшесіндегі орташа жөндеу жұмыстарының барысынан хабардар болды. Ол шаһардың осы аймағында ретке келтірілетін 18 жобаның бірі саналады.
– Орындалған жұмыстардың сапасын бақылайтын жұмыс топтары белсенді әрекет етуі керек. Аптасына штаб отырысын жинап, әр нысандағы жағдайларды талқыға салыңыз. Қажет болса, заңды шаралар қолданыңыз. Бір айдан кейін біз алдын-ала нәтижелерді шығаратын боламыз, – деген Бердібек Сапарбаев қала әкімі мен басқа да жауапты тұлғаларға тапсырма жүктеді.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

ПІКІР