Жамбыл жаңалықтары

Көне шаһардың келбеті – Бас жоспарға байланысты

Written by Aray2005

Кеше облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің төрағалығымен Тараз қаласының бас жоспарын талқылау жөніндегі кезекті жиын өтті. Онда күн тәртібіндегі негізгі мәселе бойынша тарихи шаһардың өзіндік архитектурасы мен сәулеттік келбетін қалыптастыру шаралары қаралды.

Қазіргі таңда Тараз қаласының жалпы аумағы 18 787 гектарды құрайды. Онда 356 мыңнан астам адам тұрады. Облыс орталығында барлығы 1 263 көпқабатты үй бар десек, оның 151-і бір қабаттан тұратын ескі үйлер. Сондай-ақ, шаһарда
43 261 жеке тұрғын үй тіркелген. Жиын барысында осындай мәлімет­терді алға тартқан Тараз қаласы әкімінің орынбасары Сайлауғалы Байназаров қазіргі таңда шаһар бойынша жеке тұрғын үй құрылысын салу үшін жер кезегінде 69 700 адам тұрғанын жеткізді. Десек те, бұл азаматтардың толықтай сұранысын қамтамасыз ету мүмкін емес көрінеді.
Басқосу барысында бұл мәселені шешудің бірден бір жолы ретінде облыс орталығына таяу Байзақ және Жамбыл аудандарының бірқатар аумақтарын қалаға қосу керектігі айтылды. Осы ретте айта кету керек, қала маңына таяу Байзақ ауданының 4 елді мекені болса, оның жер көлемі –
5 474 гектарды, ал Жамбыл ауда­нындағы 10 елді мекенінің жер көлемі – 14 313 гектарды құрайды.
Сонымен қатар, жауапты маман­дар Тараз қаласы бас жоспарының алдағы уақыттағы қолданылуын үш кезеңге бөліп көрсетті. Ол – жаңа бас жоспарды, қала маңы аумағының жобасын құру және бас жоспарды кешенді түрде жүзеге асыру. Асқар Мырзахметов жаңа бас жоспар құрудың әзірге қажет еместігін жеткізіп, заң талаптарына сәйкес жер кезегінде тұрған адамдарға 10 сотық жерді облыстың кез келген аумағынан беруге болатынын баса айтты.
Басқосуда қала сыртындағы демалыс орындарын дамыту жағдайы да сөз болды. Бұл орайда өңір басшысы тарапынан қаланың айналасындағы құрылысқа жарамсыз жерлерді жасыл желекті аумаққа айналдырып, қолдан ағаш отырғызып, орман жасау керектігі ұсынылды. Бұл көпшілік сұранысына орай Талас өзені жағалауын тиімді пайдаланып, осында арнайы демалыс аймағын құру секілді маңызды мәселелер болып отыр. Асқар Исабекұлы осы бойынша жүйелі жұмыс жүргізу үшін жауапты тұлғаларға нақты тапсырмалар жүктеді.

Облыс әкімінің
баспасөз қызметі

ПІКІР