Көне шаһардың келбеті күн өткен сайын құлпырады

0 0

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Тараз қаласындағы, кәсіпкерлік субъектілердің қызметімен, абаттандыру жұмыстары және жекелеген білім беру нысандарының жай-күйімен танысты.

Кеңестік кезеңде химия өнеркәсібімен қатар жеңіл өнеркәсіп те облыс экономикасын өрге сүйреген салалардың бірі болатын. Таразда аяқ киім, резеңке бұйымдарын шығару, жүн өңдеу зауыттары жұмыс істеген. Бүгінде бұл сала Әлима Садықованың «Асыл-Ай» тігін шеберханасы секілді шағын кәсіпорындардың арқасында біртіндеп жанданып келеді.
Өңір басшысы Бердібек Сапарбаев аталмыш шеберханада дайындалатын мектеп формасының сапасының жоғарылығы мен құнының тиімділігін оң бағалады. Шағын және орта бизнестің кез келген субъектісі сияқты кәсіпорын айналым қаражатын толықтыру және өндірістік ғимараттардың тапшылығын бастан кешуде. Сонымен қатар жеке кәсіпкер А.Садықова коронавирустық инфекцияға қарсы күреске өз үлесін қосуда. Ол екі мыңнан астам маска тігіп, аз қамтылған отбасыларға таратқан. Медициналық халаттар тігу ісі де ұлғайтылған.
Облыс әкімі Тараз қаласының әкімі Айтқазы Қарабалаевқа аталған кәсіпорынның дамуына барынша қолдау көрсету бойынша бірқатар тапсырмалар жүктеді.
Облыс орталығындағы Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті саябағы, дәлірек айтқанда, ондағы жергілікті тоған және ойын алаңы абаттандыруды қажет етеді. Облыс әкімі қала әкімдігіне саябақта көгалдар, өрнектастар төсеу және жақын маңда орналасқан ғимаратта балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру үшін аула клубын ашу аясында жұмыстар жүргізуді тапсырды.
Сондай-ақ өңір басшысы Қонаев, Жансүгіров және Сейфуллин көшелерінің қиылысындағы саябақты аралау барысында да осындай талаптарға назар аударды. Жаяу жүргіншілер жолдары мен жайлы орындықтар орнату, жарықтандыру және көгалдандыру мәселелерін уақыт созбай шешу керектігін баса айтты.
Өңір басшысы ат басын бұрған келесі нысан – «Зербұлақ» көлінің маңында орналасқан №20 мектеп болды. Мектепке дейінгі шағын орталықтың жабылуына байланысты «Дара» қоғамдық қоры осы оқу орнында дамуында ерекшеліктері бар балаларға арналған психологиялық-педагогикалық оңалту кабинеттерін ашу туралы ұсынысын жеткізді. Оған 150-ге жуық бала барады деп көзделуде.
Бердібек Машбекұлы оқу ғимаратын жөндеу және іргедегі аумақты абаттандыру бойынша бірқатар ескертулер жасап, мектеп басшылығын мұндай жұмыстарға көмек көрсету үшін түлектерді тартуға, ата-аналар комитетінің жұмысын күшейтуге шақырды. Бұл жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін бюджеттен қолдау болатынын жоққа шығармады. Алайда, ол үшін тек қажетті құжаттарды әзірлеу қажет.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

Leave A Reply

Your email address will not be published.