Жаңарған Жамбылым!

Көне шаһарға сән берген субұрқақ

Written by Aray2005

Бұрнағыдай емес, кейінгі бірнеше жылда облыс орталығы – Тараз шаһарына шалғайдан ат арылтып келетін шетелдік туристердің қатары артқан. Себебі, «Жұлдыз аттас жалғыз шаһар Жердегі» Тараздың көздің жауын алатын тұмса табиғаты, қойнауына бүккен санғасырлық адамзат шежіресінің қатпарлы тарихы, тотыдайын таранған, сұңқардайын сыланған келбеті кез келгенді өзіне магнитше тартып тұрады. Облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің тапсырмасы аясында қала бүгінде жоғы бүтінделген, кем-кетігі түзелген әсем де көркем шаһарға айналды.

Әсіресе өткен жыл Жамбыл жұртшылығы үшін ерекше естеліктерімен есте қалды. «Қала күні» мерекесіне орай жиырма бір нысан ашылып, ел игілігіне пайдалануға берілді. Сондағы көптің көзайымына айналған нысандардың бірі – Желтоқсан көшесінің бойында ашылған республика бойынша ең ұзын 3 каскадтан тұратын 220 метрлік «Желтоқсан толқыны» атты түрлі-түсті субұрқағы. Гейзерден басталған алғашқы толқын 86 деген монументалды мафтан басталады. Бұрқақтың бойына тәуелсіздігіміздің символы болып саналатын барлығы 14 дана барыс, қыран құс, пырақ мүсіндері орнатылған.
Сонымен қатар 120 павловния ағашы отырғызылып, 22 жарықшам, күн сәулесінен қуат алатын 4 батарея, 10 смарт орындыққа интернет желісіне қосылатын құрыл­ғылар
(wi-fi), 48 орындық пен қоқыс тас­тайтын жәшіктер орнатылған. Жобаның эскизі «Spektr Energi Group» ЖШС тарапынан әзірленген. Ені 20, ұзындығы 240 метр болатын аллеяның аумағы – 0,5 гектар. Ал құны 284 миллион теңгені құрайды.
– «Желтоқсан толқыны» субұрқағындағы өзімізге жүктелген жұмысты 2,5-3 айдың көлемінде аяқтадық. Жетекшісі өзім болып, 20-ға жуық азамат жұмыла жұмыс жасадық. Облыс әкімі Асқар Исабекұлының берген тапсырмасына сай тәуелсіздігіміздің айшықтары – барыс, қыран құс, пырақ мүсіндерін және толқындарды жасап шықтық. Жұмысымыздың көптің көңілінен шыққанына бек қуанышытымыз, – дейді суретші-мүсінші Қазым Аманқосов.
Егер бұрынырақта облыстық полиция департаментінің ғимараты мен Қ.Рысқұлбеков саябағының ортасындағы бос алаңқайда алыстан көз тартатын субұрқақ болады десе, ешкім сенбес еді. Тіпті алғашында павловния ағаштарының көшеттері отырғызыла бастағанда да бос әурешілік екенін, жерсінбейтінін айтып жорамал жасағандар көп болған. Бірақ «Талаптанған тасқа да шеге қағады» демекші, қазір павловния ағаштарының жапырақтары жайқалып, аумаққа ерекше көрік беріп тұр. Кешкілік мезгілде тропикалық ағаштың саясында немесе сәнді субұрқақтың қасында суретке түсіп, сейіл құратын қала тұрғындарының қатары қалың.
– Осыдан үш жыл бұрын, яғни мен оқуға түскен жылдары қалада жастар серуендейтін орындар саусақпен санарлықтай болатын. Амал жоқтықтан «Жеңіс» саябағына немесе «Достық» алаңына барып, бос сенделіп қайтатынбыз. Ал қазір Таразда тұрғындардың игілігі үшін көптеген тірлік атқарылуда. Көргенде көз сүйсініп, кеудеңді мақтаныш сезімі кернейді. Ауылдан, өзге қалалардан қонақтарымыз, достарымыз келгенде қысылмай аралайтын жерлердің көбейгені қуантады. Біз қазір достарымызбен бірге сабақтан шыққаннан кейін көбіне Қ.Рысбұлбеков атындағы саябақта тынығып қайтамыз. Кешкілік «Желтоқсан толқыны» түрлі-түсті субұрқағын тамашалау жаныңды ерекше сезімге бөлейді, – деп Тараз мемлекеттік педагоикалық университетінің студенті Бекзат Шәкір облыс жастары атынан облыс басшылығына риясыз алғысын білдірді.
Ал облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев дәл қазір Тараз қаласының гүлдену кезеңі екенін айтады.
– Көзіміз көріп жүргендей, облыс орталығында айтып тауыса алмайтын қыруар тірлік атқарылуда. Тараз дәл осылай өзгереді деп ешкім ойламаған да шығар. Осы орайда айтқым келетін ең маңызды жайт, қаламыздың ажарын ашып, шырайын келтіріп тұрған әрбір нысанды көзіміздің қарашығындай қорғасақ екен. Кейде саябақтарда жүріп бүлінген тұстарын көргенде ішім қан жылайды. Қалада атқарылып жатқан кез келген жұмыс сіз бен біздің игілігіміз үшін. Сондықтан әрбіріміз өзіміздің үйіміздегі мүлкіміздей көріп, үлкен жауапкершілікпен қарасақ екен,– дейді Еркінбек Бейсенбекұлы.
Иә, облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының айтқан уәжі орынды-ақ. Себебі таза қаланы билік қана емес, қала тұрғындары да жасай алады.

Талғат НҰРХАНОВ

ПІКІР