"Тарих. Таным. Тағылым."

Көненің көзі «Көсемтас»

Written by Aray2005

немесе Құланбай және Батан батырлар туралы не білеміз?

Өрнек ауылдық округінің орталығы – Өрнек ауылы. Археологиялық қазба жұмыстары көне Өрнек қалашығының VІІ-ХІІ ғасырлар аралығында гүлденген қала болғанын айғақтайтын дәлелдер тапты. Сонымен қатар көне қала орнынан берік бекіністің, мешіттің, әсем сарайдың табылуы аталмыш қаланың кезінде Ұлы Жібек жолы бойындағы дамыған қалалардың қатарында болғанын көрсетсе керек. Өрнек ауылдық аймағы аумағында бұдан өзге де тарихи орындар бар.

Мәселен, Шал тауының баурайындағы Төртсарай мен Талды қалалары, Құлышыб пен Жұлышыб шаһары керуен жолында жатыр. Жарлысу ауылын кесіп өтетін Ұлы Жібек жолының жасырын бір тармағы кірешілерді қарақшылардан сақтандыруға өте қолайлы жол болған. Талды маңындағы тайпа көсемдерін сайлайтын «Көсемтас» пен сондағы петроглифтік таңбалар «Қарабұлақ» басындағы «Сиректас» көп нәрседен сыр шертсе керек.
Бұл таулардың табиғаты да өзгеше. «Жүнжүрек» шыңы мен «Шымбұлақ» жотасы, оның етегінде жатқан Елубайдың диірмені өткен шақтың белгісіндей болып әлі тұр. Жарлысуда аты Алашқа мәлім Есім би мен оның Сасай деген немере інісінен туған атақты Тәттімбет күйші де өмір сүрген. Ал Мойынқұмға қараған жиекқұмдағы «Сұмқайты» – қазақтың үш жүзінің қолы Әбілхайыр ханның қолбасшылығымен 300 жыл бойы қазақтың берекесін қашырған қалың қалмақтың бетін біржола қайтарған тарихи жер. Бұл өңірден атақты Секер, Барақ, Құланбай, Батан батырлар шыққан. Кеңес үкіметі тұсында Мұхаметжан Малдыбаев, Арыстан Өтеулин, Саттар Жанәбілов, Жеңісбек Жұманбеков, Шәуе Сәлімбаев сынды атақты адамдар, академик Сейтхан Жошыбаев, актер Жалғас Толғамбаев, әнші Гүлмира Ақүрпекова сияқты таланттардың кіндік қаны тамған.
Ендігі әңгіме Елібайдан шыққан екі батыр туралы болмақ. Қарақойлының Тоғатай тармағынан тарайтын Көшкінші бабамыз Елібайлардан «батыр шығады» деп бекер айтпаған екен. Бірақ сол кездегі тағдыр талайы Қоқан шүриттерінің озбырлығы Батан мен оның бауыры әрі қандыкөйлек досы Құланбайды батыр етті, екеуінің жігіттік намысын қоздырды. Әйтпеген күнде олар Жарлысу мен Құмарықты, Шымбұлақ пен Мыңбұлақты тастап, сонау Жетісуға көшпес еді деп ойлаймын.
Ұлы Жібек жолы Жарлысу мен Құмарықты кесіп өтеді. Осы екі аралықтағы жатаған жоталардың ішімен шұбатылған шылбыр иіріндей ұрын жол бар. Бір кездері оны жергілікті жұрт «Қарақшы сай» деп атайтұғын. Осы сай Құмарықтың аузындағы «Төрт сарайдан» бір-ақ шығады. Дәлірек айтқанда, Талдыөзен мен екеуінің арасын байланыстырып тұр. Қалың кілем мен жібек артқан, өрігі мен мейізі, қанты мен науаты мол керуен осы саймен өтеді. Бұрын керуенге қарақшылар шабуыл жасайтын болса, кейін Қоқан ханының керуеншілерінің өзі сол төңіректегі елге күн көрсетпейтін болыпты. Әлім ханның керуенбасылары тым шектен шығып кетсе керек, енді олар елді тонап, малын тартып алып, қыздарын зорлайтынды шығарды.
Төртсарайда отырған Елібай ауылы үкідей ұйысып беймарал жатқан. Қозы көгенге келіп, інген боталап, бие құлындап, Есіркеп байдың үйі қымызмұрындық таратып, бір топ ағайын осы үйге жиналған. Есігі шығысқа қараған сегіз қанат үйден көктемгі көк шуаққа шығып, жұп-жуас саумал қымызды сырлы кесемен асықпай сораптап ішіп отырған Батан батыр бір кезде отырған орнынан оқыс тұрып кетті де «Қарақшы сай» жақтан көрінген шуда-шуда шаңға қарап тұрып қалды. Көп ұзамай атын қамшылаған жаушы да көрінді. Осы көріністі Құланбай батыр да анық ажыратып:
– Мынау тегін хабаршы болмады ғой, тағы да сол шүриттердің ылаңы болмаса жарар еді, – деді әлденеден күдік алып.
Бұл кезде жаушының «Аттандаған» даусы батырларға анық естілді. Батан батыр әдеттегі салқынқандылығымен орнынан қозғала қоймады. Құланбай жігіттерін жинауға бұйрық беріп те үлгерді. Өзі бес қаруын асынып алып, сақадай сай дайын тұрды. Қырық қаралы сайдың тасындай жігіттер тастүйін болып топтаса тұра қалып, Батан батырдан бұйрық күтті. Қоқандық кірешілер мен түйеге мінген шүриттер де көрінді. Олардың да қарасы мол, елу-алпыс сойыл болып қалады-ау, шамасы. Батан аламандарына «қоршаңдар» деген белгі бергені сол еді, бағанадан бері қоқандықтарға кегі кетіп, көптен бері ыза мен ашуын кімнен аларын білмей жүрген жігіттер оң жақ және сол жақ бүйірден түре шауып ала жөнелді. Қос батыр оншақты жігітімен қоқандықтарға тура шапты.
Тыныш жатқан ауыл бір пәсте шала бүлінді де қалды. Кемпір, қатын-қалаш біткен шуылдап, үрпиісіп, үркіп, жан сауғалап тығылатын пана іздеп жүр. Қария кісілер ғана сабырлы. Әліптің артын күтіп, жайбарақат отыр. Бірақ олардың түрлері де өрт сөндіргендей, кейбір қызбалары тістерін қышырлатып, асатаяғымен жерді тоқпақтап айбат шегіп те қояды. Әлекедей жаланған жаудың жасағының бетін Батан батыр сүтпісірім уақытта қайтарып, қоқандықтарды қойдай иіріп алды. Қоршауда қалған сарттар сең соққан қайықтай беті қайтып, біразы ашулы дүлей күш иелерінің қаһарынан қаймығып, ындыны құрып, кейбіреуі қаққан қазықтай тұрып қалды. Құланбай батыр осы сәтті пайдаланып бүлікшілерді байлап тастады. Көшкінші жігіттері: «Кекесінмен кек алма, келелі сөзбен есе ал» деген Батан басшысының сөзін елемей, кейбір кірешілерге сойыл жұмсап та үлгеріпті. Бағанағы қоқиланып, ғайбат көрсеткен сарттардың біразының жыны басылып, иманы үйіріліп қалған. Құланбай жігіттерінің ашуын ақылға жеңдірді.
– Қане айт, керуенбасы кім? – деп Батан батыр шіңкілдек дауыс шүритті алқымынан алды. Бұл жолғы керуен оңай болмады, бұлардың басшысы Қоқанның ханы Әлімнің өз баласы болып шықты. Қара халықты қан қақсатқан Әлімнің айуандық әрекеттерін талай естіген Батан мисрия шапан киген бекзаданың күймесінен шығып келе жатқанын көріп, жан-жағына қарады. Мұнысы «төңіректе жау жоқ па?» деген қаупі болатын. Бірақ ешкім көрінбеген соң әлгіні мұрнын тескен тайлақтай етіп қазыққа байлап тастамақшы да болды. Бірақ ол райынан тез қайтты:
– Сендер иесіз жатқан ауылды шауып, қорғансыз елге күш көрсеткендеріңді қашан қоясыңдар? Қаптаған қалың әскеріңді қалқаныңнан мықты көрме, оған да оқ өтеді. Өздерің құдайшыл екенсіңдер, онда неге айуанның әрекетін істейсіңдер. Егер діншіл болсаң онда: «Ендігәрі жаулық жасамаймыз, тыныш жатқан елге тиіспейміз деп, Құран ұстап ант бер, – деді жүзінен әлі кекесін кегі кетпеген Қоқан бекзадасына тура қарап. Оның жүзінде имену табы мүлдем жоқ, қайта Батан батырдың өзіне айбат көрсетіп:
– Сендер жабайы халықсыңдар, діннен безгенсіңдер сондықтан біз сендерді Ислам дініне кіргізуге қожа-молдаларды жібердік. Мен ұлы әміршім тұрғанда ешкімге ант бермеймін. Осыған дейін Үрім мен Бежінге қалай керуен тартып жүрсем, солай жүре беремін. Сендер менің жолымда тұра алмайсыңдар, ақымақтар, – деді екілене сөйлеп қолындағы зүбаржат сақинасын ысқылап, орнында байыз таппай.
– Қане, байлаңдар мына маубасты, – деді батыр бекзаданың көкірегіне әлі нан пісіп тұрғанын көріп. Ауыл қарияларымен мен ақылдаса келе, екі батыр Қоқан шүриттерін бекзадаларымен қоса үш күн бойы зынданда ұстады. «Бәлкім, райынан қайтар, мәмілеге келер, содан соң босатып жіберерміз» деп ойлады. Бірақ өзбектер аузына келгенін айтып, боқтап, бұлардың намыстарына тиді. Тіпті ақылман билердің өзін балағаттап, келісімге келудің орнына оларды жәбірледі, сыйлы деген кісілерімізге тіл тигізді.
Батан батыр мен Құланбай ертеңіне барлық бүлікшіні елдің алдына шығарып алып, кешегі айтқандарын тағы қайталады. Бірақ Қоқан бекзадасы ант беруден бас тартып, удай ащы тілімен батырды балағаттады. Батан батыр бұған дейін де талай қалмақтың басын алған қылышын қынынан суырып алып, бекзаданың басын шауып түсірді де қоржынға салғызып, қалған қырық шүритке елу дүреден соққызып, елдеріне қайтарады.
Бірақ «Қасқырдың тілегені тұман, қарақшының тілегені ылаң» деген сөз бар ғой. Қоқанның ханы рулы ел, ұялы терекке ғана емес баласында кеткен кегін бүкіл қазақтан алмақшы болып: «Баламның бір басы үшін үш қазақтың басын аламын» деп мың сан әскерін жинайды. Бұл Қоқан хандығының өзінде тақ талас пен бақталастық өршіп тұрған кез-тұғын. Қазақтың аузы дуалы билері мен тайпа, ру көсемдері шекісуге жақын қалған екі елді мәмілеге шақырады. Құн төлеуге келіседі. Дау басылғанымен Қоқан ханы бәрібір тісін қайрап: «Бәрібір Батанның басын аламын» деп кек тұтып қалады. Сонда қазақтың игі жақсылары жиналып келіп: «Батан батыр, Құланбай сендер бой тасалай тұрыңдар» дейді. Сөйтіп, екі батыр өздерінің ағайындарын жинап, Алматының төр жағындағы шапырашты нағашыларына көшіп келеді.
Түргендегі нағашы жұрты батырларға Төр жайлаудан жер береді. Тегістен қоныс тауып алғаннан кейін бұлар диқаншылықты кәсіп етеді. Батан еңбекқор кісі екен, ен далаға бұлақтың суын бұрып, жер айдап егін салады. Бірер жыл бітік өнім жинаған соң, осында біржола қалуға бекінеді. Осылай диқаншылықпен айналысып, дән өсіріп жүре береді.
Алматының Ескі Қарасуына Елібайдың екі батыры осылайша келіп қонады. Ондағы Жаныс, Қапалдардың жылы құшағын көріп, жазда «Үш қоңыр» жайлауын жайлап, күзде «Кебежеге» қоныс аударып, Қожай-Сіләнділермен де етене араласып жата береді. Батан өзінің ежелгі кәсібі егін салуды мұнда келген соң да қолға алады. Сөйтіп, «Батан тоғанын» байлайды. (Бұл тоған қазір де бар). Сонау Қаскелең шатқалынан бастап, ескі диірменнің жанынан Қошмамбет ауылымен Қарасуға келетін ұзындығы жеті шақырым болатын терең арықты осы Батан қаздырған. Осы өңірдегі Жаныс, Орымбет, Шыбыл, Жалайыр руларына да беделді кісі болған. Осы жұрттың дау-дамайын шешіп беріп отырған. Сексен үйлі қарақойлының ұранына айналған батыр бабаның есімі қазір бір ауылға берілген.
– Елібайлар Жарлысудан «қашып» келген жоқ. Оны тарихтан жақсы білесіңдер, Қоқан ханының баласын Батан батыр өлтірген соң қазақтың бетке ұстар билері қоныс аударуға кеңес берді. Алғаш Түргендегі Шапырашты нағашыларымызды, кейін Жаныстың игі жақсыларын паналап, «Үш қоңыр» мен «Кебеже» жайлаулары мен «Қарасуды» мекен етіп, осында қалып қойдық. Егер тарихқа тереңірек үңілсеңіздер, бұл жерлер төрт Дулаттың балалары қоныстанған атажұрт екенін білесіздер. Батан ата өзінің ұрпақтарын диқаншылыққа үйретті.
Батан асқан ержүрек батырлығымен қатар, данышпан кісі де болған. Ол өзіне қараған ағайындары арасындағы дау-дамайды шешіп қана қоймай, сол аймақтағы Жаныс, Орынбет, Шыбыл, Жалайыр руларының да кикілжіңіне араласып, оны ымырагершілікпен шешіп отырған. Сексен үйлі Қарақойлылар бәйгеге, жауға шапса: «Батан! Батан! Батан!» деп ұрандайтын болған. Оның досы Құланбай атамыздың алып денелі кісі болғанын, қамшыгерлігі мен ептілігі бар екенін бұрынғы көзкөрген қариялар аузынан тастамай айтып отырушы еді. Барымта, ұрыс-керіс, атыс-шабыс кезінде Құланбай батыр ақ-қарасына қарамай қамшының астына алғанда жігіттер тым-тырақай қашады екен. Оның осы жаужүректігі немересі Райымбекке дарыса керек. Батыр қырғыздардың тұтқынынан төрт барымташымен жалғыз өзі жағаласып, тісімен құрым киізді ойып алып, жауларын жайратып салып, жылқысын айдап қайтқаны кейінгілерге аңыз болып қалды. Ол: «Тістеріңді қаратікен тұзбен шайып, таза ұстаңдар. Сүйек кемірмеңдер» дейді екен.
Құланбай бабамызды менің әкем көрді ме, жоқ па? Оны мен білмеймін. Ал Тастанбек атам бай болмаса да ел қатарлы, ауқатты кісі болған. Тастанбектің: Бұлтбай, Бақтияр, Райымбек, Ағыбай есімді ұлдары болған. Әкем Бақтияр екі некелі болыпты. Бәйбішесі он үш құрсақ көтеріпті, сол балалардан Алтынбала ғана аман қалыпты.Тоқалының аты – Зылиқа. Шешеміз 16 жасында Тастанбектің табалдырығын аттапты. Ол кісі де он екі құрсақ көтерген. Бірақ бала құтаймапты, өле беріпті. Тоғызыншы болып туған мен аман қалыппын. Менен кейін дүниеге келген Көлбай 1933 жылы ашаршылықта көз жұмып, Ысқақбай соғыста хабарсыз кетті, – дейді Қаскелеңде тұратын Үсенбай Тастанбеков. Жасы 97-ге келсе де қолынан қаламы түспеген қарт журналистің екі кітабы: «Ұзақ жолдың қызығы мен қиыны» және «Қалам ұшындағы өмір» деп аталады.
Өзі жатқан шежіреші, тарихшы екен. Қарақойлының Елібайынан тарайтын оны ауданнан бізбен бірге барған Шардарбек (марқұм) Қосалов пен Айтқұл Шынәсілов мектебінің мұғалімі Нәкен Шәуеұлы абыз тұтып, әңгімесін тыңдап қана қоймай, сөреде тұрған он кітабының екеуін естелік-сыйға алып, қуанысып қайтты.
Кейінгі бір жолы Мұхаметжан Тынышбаев жазған «Қазақ шежіресінен» ойып тұрып орын алған Қарақойлының төрт атасын сонау Қызылорда облысының Тереңөзек ауданындағы «Ақ түйе» деп аталатын ауылдан таптық. Қазір бұл ауыл атақты сатира сардары атанған ақын Асқар Тоқмағамбетовтің атымен аталады. Осындағы орта мектеп те, үлкен ұжым да Асқар ағаның атын алған. Кезінде Ақмешіт бас қала болып тұрғанда Сиқымның Қарақойлы руының екі белді азаматы Асқар Тоқмағамбетов пен Құрманбек Жандарбеков осы Ақмешітте ашылған тұңғыш Қазақ драма театрының іргесін қалаған болатын. Біз Қызылордаға бекерден барған жоқпыз, ондағы ағайындарға «Сыр бойындағы Сиқым қарақойлылар» деген кітап шығарып бердік. Қазір Асқар Тоқмағамбетов ауылы мен Жарлысу бір-бірімен араласып, барысып-келісіп тұрады.

Сейсен ҚОЖЕКЕ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі

ПІКІР