Көненің куәсі, ежелгінің елесі – Садырқамал

0 23

Әлемдік ой қазынасынан алынған: «Өмір ағысына ілескің келсе, өткеніңді зерделе» деген сөз өзінің туған еліңнің, өлкеңнің тарихын құрайтын құндылықтарды білу – әр қазақстандықтың борышы екенін айшықтап тұр. Бұл мәселені Елбасы ел көлемінде үлкен сілкініс пен серпіліс туғызған «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында «Көненің көзіндей, тарихтың өзіндей болған жәдігерлерді жинақтап, жүйелеу, оларды келешекке жеткізу, насихаттау – абыройлы міндеттердің бірі» – деп атап көрсетті.

Жуалы өлкесінде осындай тарихы терең, табиғатымен талайды тамсантқан жердің бірі – Қошқарата өңіріндегі Қостұра мен Садырқамал. Қазақ даласындағы геологиялық-тектоникалық құбылыстарды зерттеуші ғалымдар біздің өлкемізге қатысты болған тектоникалық өзгерістерді: «Жуалының оңтүстік батыс бағытында ағатын Қошқарата, Боралдай өзендерінің жарып өткен жоталарының көтерілуі үдей түскен. Өзен аңғарларын тереңдетіп аға берген де, нәтижесінде антецедентті аңғарлар пайда болған. Жуалы ауданының Оңтүстік Қазақстанмен шектесер жеріндегі Үлкен тұра мен Алакүшік биіктері тұсындағы жар қабағы 600-700 метрлік деңгейге дейін жеткен» – деп көрсетеді.
Жуалының Күреңбел жотасының солтүстік бөлігінен басталатын бірнеше кішігірім бастау бұлақтар солай қарай бет бұрып, Боралдай өзенін құрайды. Олар Шақан қиясын батыс жағынан орай Боралдай тауынан аса алмай, солтүстік батысқа бағыт алады. Оған Шаянмен шектесер тұста Қошқарата өзені қосылып, арынды өзен болып, Үлкен тұра мен Кіші тұраның ортасын жарып өтеді. Қатпар-қатпар болып асу бермей жатқан Қаратаудың осы Қостұра тұсын қақ жарып өткен өзен Оңтүстік Қазақстан аймағына өтеді. Табиғат жасаған осы тар қақпадан өткен соң өзен Балабөген аталып, ол Арыс өзеніне қосылады.
Қаратау қойнауындағы осы Қостұра аймағы талай жосынды жорықтарды, «Қаратаудың басынан көш келеді» – деп ел күңіренген ақтабан шұбырындының қасіретті жылдарын бастан кешірген. Тарихшылар: «Ел мен жер үшін жанталас шайқастар 1710, 1712, 1718 жылдары әйгілі Ақтабанның қарсаңында осы Қаратау өлкесінің Бөген, Шаян, Қостұра, Қошқарата, Боралдай өзендерінің торабында өткен» – деген мәліметтерді де келтіреді.
Осынау Қостұра аймағына Жомарт батыр (кейбір кітаптарда «Жұмарт» деп көрсетілген) найманнан тарайтын Садыр руын бастап, 1723 жылдың алдында келіп қоныс тебеді. Оның Жуалы жеріне келіп қоныс тебуіне Ұлытау аймағының Арғынаты аталатын таудың етегіндегі жайлауға талас үстінде Жомарт жазатайым өзінің қандасы, Ақберді батырды мерт қылады. Дауға араласқан билердің шешімімен Жомарт батыр елден аластатылады. Жетісу жеріне, одан Талас, Асаны жағалап, шөбі шұрайлы, малға жайлы осы Жуалыдағы Қостұраның етегіне келіп тұрақтайды.
1723 жылдың ерте көктемінде Жетісуға тұтқиылдан шабуыл жасаған жоңғарлар қазақ жасақтарының басын біріктірмей өз қыстауларында отырған жерінде басып қалуды көздейді. Қостұра етегіндегі Теректіде отырған Жомарт батыр өз күшіне, арыстай өжет тоғыз ұлына сенімді болады. Алайда сәуір айының басында оқыстан басталған күші тең емес жоңғафрлардың шабуылына Жомарт ауылы тойтарыс бере алмайды. Жаудан шегіне келе, Жомарт батыр өзінің тоғыз ұлымен бірге ерлікпен қаза табады.
Бүкіл Жомарт ауылы опат болған бұл қырғыннан тек қана батырдың үлкен ұлының келіншегі және әлі қырқынан шықпаған Тасболат есімді сәби ғана аман қалады. Шапқыншылық басталған кезде келіншек сәбиін төңкерілген қазанның астына жасырып, өзі өзендегі қамыстың арасын паналайды. Осы Тасболат есімді сәбиден кейін бір қауым Садыр руы тарайды. Осы Қостұра түбіндегі оқиғаны жазушы Софы Сматаев «Елім-ай» романында егжей-тегжейлі баяндайды. Ал заңғар жазушы Әбіш Кекілбаев Қостұра маңында болған Садыр қырғынын суреткерлік толғаныспен төмендегіше баяндайды: «Сәуірдің жарқырап атқан жақсы таңында Боралдай өзенінің бойында Үлкен тұра тауының қасында бір алқапты бір өзі толтырып тәтті ұйқыда жатқан Садыр Жомарттың ауылына жау шапты. Ыңыранған бай ауылы ұйқы-тұйқы болды. Сегіз қанат ақ орданың қақ төрінде манаурап жатқан Жомарт орнынан атып тұрып, кереге басындағы көк найзасы мен қылышын қолына ұстап, көйлек-дамбалшаң сыртқа жүгіре шықты. Есі кеткен халық анадайда аңырайып тұрған Үлкен тұра мен Кіші тұра – егіз таудың арасындағы қара аңғарға қарай босып барады. Алдарынан анталаған жау тағы шыға келді. Сөйтсе, қаскөй дұшпан көп әскерін сонда қалдырып, ұйқыдағы ауылды үркітуге азғантай тобын жіберген екен. Сай бойындағы сатыр-сұтыр сайыс көпке созылмады. Бейхабар отырған ауылдың еркек кіндігі сәскеге дейін түгел жер құшты…» (Ә Кекілбайұлы Үркер, Сөздік – Словарь, Алматы – 1999, 264 бет).
Ордабасы кеңесінен кейін жоңғарларға қарсы азаттық соғысында осы Қаратау атырабындағы Қостұра, Боралдай, Жолбарысқамал өңірлерінде болған шайқастар туралы жазушы Еркінбек Тұрысов: «…Соның ішінде Қостұра арасында тау асуға қамалған құба қалмақтың тағы бір қосын шерігі Жаныс Сеңкібай мен Ботбай Сәменнің жасағынан қырғын тапты. Қалмақтар шегіне ұрыс салып Бұланты мен Қанжауған, Қарасуда кеткен есесін осы Қаратаудың қалың қуыс-қойнауында қайтармақ еді. Бекінген жері – Қостұра, Боралдайдың аңғары еді. Сол жерге табан тіреген төрт мыңдай ойрат шерігін тұс-тұсынан қамаған Қойгелді, Саңырақ, Қарабатыр, Өтеген, Сеңкібайдың бір түмен қолы төрт күндік қиян-кескі ұрыста тас-талқан еткен» – деп жазады. (Е.Тұрысов Бәйдібек. Алматы: Нұрлы әлем, 1998, 50 бет).
Бұрын Теректі, кейін «Тұра» болып кеткен бұл жердің аталуы, осы аймақты жүз жылдай бауырына басып, билік жүргізген ойраттардың сөзі, мағынасы «қақпа» немесе «қамал» деген мағынаны білдіреді.
Сол Қошқарата өңірінде өткен жосынды жорықтардың куәсі ретінде ескі тарихтың елесіндей, жер сақтаған, ел сақтаған белгісіндей «Садыр қамалған», «Садыр мүрде» аталған жер атаулары қалған. Өлке тарихы– өшпес өнеге. Сондықтан да өскелең ұрпақ үшін тағдырлы тарихтан салмақты сыр шерткен Садырқамал ұлтқа мұра, ұрпаққа аманат.

Дәулетжан БАЙДАЛИЕВ,
Қазақстан Республикасының үздік өлкетанушысы, Әлем халықтары жазушылар одағының мүшесі,
Жуалы ауданының Құрметті азаматы

Leave A Reply

Your email address will not be published.