Көңіл көтерудің соңы қайғылы аяқталмасын десек…

0 5

Жуырда Талас ауданының орталығы Қаратау қаласындағы Жартас көліне шомылуға барып, қаза тапқан жасөспірімнің оқиғасын әлі ешкім ұмыта қойған жоқ. Рұқсат етілмеген жерде суға түсіп, батып кеткен 6-сынып оқушысының өлімі басқаларға сабақ болу керек еді. Алайда қауіпті саналған орындарда шомылып жүргендер әлі де азаяр емес. Бұған облыстық төтенше жағдайлар департаментінің «Шомылу маусымын өткізуге дайындық және судағы қауіпсіздік» туралы көшпелі брифингінде көз жеткіздік.

Өңірлік коммуникациялар қызметі ұйымдастырған шара барысында құтқарушылар өзен жағалауларын аралап, рұқсат етілмеген орындарда шомылып жүргендерге қауіпсіздік ережелерін түсіндіріп, бәрін үйіне қайтарды. Төтенше жағдайлар департаментінің азаматтық қорғаныс басқармасының бастығы Руслан Шариевтің айтуынша, судағы қауіпсіздік шаралары жөнінде мектептерде қашықтан ата-аналармен жоспардан тыс жиналыстар да өткізілген.

– Статистика бойынша 2020 жылы 16 оқиға тіркеліп, 18 адам қайтыс болса, 9-ы балалар. Оларды ажалға апарған жабдықталмаған және рұқсат етілмеген жерлерде және мас күйінде шомылу, балаларды ересектердің қараусыз қалдыруы. Және балық аулау кезінде де суға түсіп кетіп, көз жұмғандар бар. Облысымызда жазғы шомылу маусымындағы қауіпсіздік шараларын сақтау, бақылау мақсатында төтенше жағдайлардың алдын алу және жою жөніндегі облыстық комиссия жұмыс істеуде, –  дейді Р.Шариев.

Департамент мамандары ересектермен қатар, балалар арасында да қауіпсіздік шараларын түсіндіретін түрлі шараларды ұйымдастырып, акциялар өткізуде. Дегенмен әркім өз өмірін өзі сақтауға тиіс. Әйтпесе көңіл көтерудің соңы қайғылы аяқталып, орны толмас өкінішке душар етуі ғажап емес.

 

Қ.РАХМЕТУЛЛИНА

Leave A Reply

Your email address will not be published.