Жамбыл жаңалықтары

Қоныс құтты болсын!

Written by Aray2005

ҚР Конституция күні мерекесінде әлеуметтік жағынан аз қамтамасыз етілген және көп жылдан бері пәтер кезегінде тұрған тараздықтарға «Арай -2» ықшамауданындағы №11 үйден жаңа пәтер кілттері табыс етілді. Мерекелік шараға облыс әкімінің орынбасары Еркебұлан Дауылбаев қатысып, қоныстой иелерін қуаныштарымен құттықтады.

– Елбасының тапсырмасына орай, жыл өткен сайын өңір тұрғындары қолжетімді баспанаға ие болуда. Бүгінгі қоныстой иелері де осындай қуанышқа кенеліп отыр. Бұдан бөлек, биыл №15 ықшамауданда да көпқабатты үйлер ел игілігіне беріледі деп жоспарлануда. Сондай-ақ, мұндай жұмыстар келер жылы да жемісті жалғасын табатын болады.
Бүгін пәтер кілтін алып отырған барлық азаматтарды қоныстойларымен шын жүректен құттықтаймын!, – деді облыс әкімінің орынбасары.
Жалпы, аталған көпқабатты тұрғын үй «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында тоғыз айда бой көтеріп отыр. Жобалық құны 634 миллион теңгені құраған 80 пәтерден тұратын бес қабатты үйдің құрылысын «Бином» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізген.
Пәтерлер бірінші кезекте аз қамтылған, толық емес отбасыларға, жетім балаларға, соғыс ардагерлеріне және талай жылдан бері кезекте тұрып келген бюджеттік мекеме қызметкерлеріне берілді. Мереке күні осындай қуанышқа кенелген жанның бірі Ихтияр Халматов.
– 12 жылдан бері үй кезегінде тұрып келгенмін. Бүгін міне, үлкен қуанышқа кенеліп отырмыз. Бағымызға қарай, көп бөлмелі пәтер бұйырды. Қамқорлық танытқан Елбасына, жергілікті билікке айтарым тек алғыс, – дейді И.Халматов.
Аумағы 5 мың шаршы метрді құрайтын көпқабатты үй 15 бір бөлмелі, 30 екі бөлмелі және 35 үш бөлмелі пәтерлерге бөлінген. Баспаналы болған тұрғындардың қуаныштарында шек жоқ. Тіпті, кейбірі қоныстойын тойлауды сол күні-ақ бастап кетті.
Айта кету керек, жалпы жыл басынан бері облыс орталығында көлемі 120 мың шаршы метрден астам үй пайдалануға берілген. Жыл соңына дейін тағы 13 көпқабатты үйдің құрылысын аяқтау жоспарланып отыр.

Саятхан САТЫЛҒАНОВ

ПІКІР