Қонысбаев «Таразға» қайта орала ма?

0 0

Биыл жоғары лигаға қайта оралған «Тараз» команда сапын күшейтуде. Бұған дейін клуб бас бапкерлікке Вахид Масудовты тағайындаса, енді жаңа ойыншылармен де толықпақ. Оның ең басты жаңалығы – жергілікті клубқа Тараз футбол мектебінің түлегі Ұлан Қонысбаев қайта оралуы мүмкін.

Бұл хабар өткен аптада әлеуметтік желілер арқылы таралып, жанкүйерлер тарапынан қызу талқыға түсті. Әрине, көпшіліктің тілегі ұлттық құраманың бұрынғы жартылай қорғаушысы Ұланның туған топыраққа қайта оралуы. Десе де, 2016 жылы Қытай ұлттық құрамасымен болған жолдастық кездесуде ауыр жарақат алған жерлесіміздің қазіргі физикалық жағдайына алаңдайтындар да көп. Бірақ Ұ.Қонысбаев биыл Қазақстан Премьер-лигасына қайта оралып, «Ақтөбе-Жас» командасының сапында 12 кездесуде жасыл алаңнан табылды. Биылғы маусымнан кейін Ұлан «Ақтөбе-Жас»-пен келісімшартын толықтай тоқтатты. Ұзынқұлаққа сенсек, қазір оған бірнеше клубтар ұсыныс білдіріп жатқан көрінеді. Десе де, мамандар Қонысбаевтың қайта «Тараз» сапына қосылатындығына қатысты жоғары бәс тігіп жатыр. Бұл туралы әзірге «Тараз» футбол клубының басшылығы ресми мәлімдеме жасаған жоқ. Клубтың баспасөз қызметі берген мәліметке сүйенсек, Қонысбаевқа қатысты нақты келісімшарт жоқ екен. Бірақ алға қойылған жоспар бар көрінеді. Осы орайда, жерлесіміз Ұланның өзіне хабарласып, егер ұсыныс түсіп жатса, клубқа келуге ниетті ме, жоқ па соны білген едік.
– Иә, әлеуметтік желілерде жазылып жатқан жазбаларды оқып, қарап отырмын. Бірақ маған «Тараз» клубынан ешкім хабарласқан жоқ. Нақты ұсыныс та түспеді. Сондықтан дәл қазір ештеңені ашып айта алмаймын. Егер шақырту болып жатса, туған топырағым Таразға оралып доп тебуге дайынмын, – дейді Ұ.Қонысбаев.
Демек, жерлесіміз түлеп ұшқан «Таразы» үшін доп тебуге ниетті. Тек, клуб келісімшарт ұсынса болғаны. Бірақ бұл жан-жақты зерделеу мен саралауды қажет ететін шешім екені анық. Алайда «Астана», «Қайрат», «Шахтер», «Атырау» сынды командалар мен ұлттық құрама сапында 32 ойын өткізген Ұланды осал футболшы дей алмаймыз. Сондықтан «Тараз» саңлағымызға қатысты ұтымды шешім шығарады деп ойлаймыз.
Келер маусымдағы тағы бір жаңалық – ауыр жарақатынан кейін «Тараз» сапына Бауыржан Байтана да қайта оралмақ. Биыл аяғына ота жасатқан жартылай қорғаушы қазір өзін жақсы сезінетіндігін айтады. Және жаттығу жұмыстарына кірісіп кеткен. Естеріңізге сала кетсек, Бауыржан ел Премьер-лигасында 151 кездесу өткізіп, 8 рет гол соққан. Ұлттық құрама сапында да өнер көрсеткен тәжірибесі бар. Сондықтан Бауыржан Байтанамен «Тараздың» сапы тағы күшейе түсетіндігіне бек сенімдіміз.

Саятхан САТЫЛҒАНОВ

Leave A Reply

Your email address will not be published.