Облыстық әкімдікте

Қоныстой көбейеді

Written by Aray2005

Жыл соңына дейін аймақта 57 көппәтерлі тұрғын үй салынбақ

Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен кеңесте өңірдегі тұрғын үй бағдарламаларының орындалу барысы талқыланды.

Құрылыс басқармасының басшысы Жайықбай Шалдаровтың айтуынша, бүгінде облыста 32 мың адам тұрғын үй кезегінде тұр десек, олардың ішіндегі 15 210 адам халықтың әлеуметтік осал топтарынан, 4 242-сі көпбалалы отбасы.
Қазіргі таңда 3 706 пәтерлі 64 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде. Құрылыстың жалпы сомасы 24 миллиард теңгені құрайды. Осы жылдың соңына дейін 57 көппәтерлі тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланған. Олардың ішінде арендалық 1146 пәтерлі 31 үй, кредиттік 1540 пәтерлі 22 үй және 180 пәтерлі 4 жатақхана бар.
«Нұрлы жер» бағдарламасы аясында жеке тұрғын үй алқаптарын инфрақұрылыммен қамтамасыз ету үшін 4,4 миллиард теңгеге 13 жобаны жүзеге асыру жоспарланған.
Жалпы ақпарат бере отырып, баяндамашы өзекті мәселелерге де тоқталып өтті.
Атап айтсақ, 2017 жылы төрт мердігермен бірдей стильде 255 жеке үйдің құрылысын жүргізіп, 2018 жылы пайдалануға беру туралы келісім жасалған. Бірақ бүгінге дейін небары 20 үй ғана тапсырылған десек, тағы 35 үй салынуда екен. Салынған 20 үйдің 18-і бойынша сатып алушылармен келісімшарттар жасалғанымен, Тараз қаласының әкімдігі әлі күнге дейін жер учаскесіне мемлекеттік акт жасай алмай отыр. Соның салдарынан тұрғын үй сатып алуға банк тарапынан тиісті қаражат бөлінбеуде. «Нұрлы жер» бағдарламасы шеңберінде құрылыстың әр шаршы метрінің құны 120 мың теңгеден аспауы тиіс. Осыған байланысты мердігерлер қалған 200 үйді салуға ынталы емес.
– Егер бұл тек құжаттарға қатысты тоқтап тұрса, онда ол неге екі жылға созылады? Құрылыс басқармасы қойылған міндеттерді нашар орындаған. Нақты жұмысты көрсетудің орнына ақталу жолын іздейсіздер. Тұрғындардан жаңа үйлердің сапасына қатысты шағымдар көп. Бұл кемшіліктердің барлығы тиісті басқарманың құрылыс сапасына уақытылы бақылау жүргізбегендіктен орын алып отыр, – деді Б.Сапарбаев
Сондай-ақ, аймақ басшысы мердігерлік ұйымдарға жүгініп, келесі жолы көпқабатты ғимараттардың құрылысы кезінде бірден автотұрақтар, полиция және медициналық пункттер салуды ескеруге шақырды.
Сонымен қатар, Ж.Шалдаровқа дайын типтік жобаларды қолданып, жобалық-сметалық құжаттаманы әзірлеуге артық ақша жұмсамауды тапсырды.
– Әрбір жаңа ғимарат салынып жатқан кезде, жобалық-сметалық құжаттама үшін үлкен қаражат талап етіледі. Егер бір типтік ғимараттарды тұрғызуға болатын болса, неге сонша ақшаны жұмсау керекпіз? – деді Бердібек Сапарбаев.
Басқосу барысында Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің аймақтық филиалының директоры Евгений Шарыгин сөз алды. Оның айтуынша, ағымдағы жылдың 28 мамырындағы жағдай бойынша, «7-20-25» бағдарламасы іске қосылғаннан бастап қатысушы банктер барлығы 731 өтініш қабылдаған. Оның ішінде 423 өтініш мақұлданған десек, бұл ел бойынша қабылданған және мақұлданған өтінімдер көрсеткішінің 2 пайызын құрайды.
Бердібек Сапарбаев халық арасындағы жүргізіліп жатқан түсіндіру жұмыстарының әлсіздігін алға тартты. Ол тұрғындарға мемлекеттік тұрғын үй бағдарламаларының артықшылықтары туралы барынша ақпарат беруді тапсырды.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

ПІКІР