Қоныстой құтты болсын!

Тараз қаласында 90 пәтерлі тұрғын үйлер пайдалануға берілді

0 10

Азаттығымыздың айбыны, егемендігіміздің асқақ абыройына айналған Елорда күні қарсаңында көптен бері баспана кезегінде тұрған көпбалалы отбасыларға жаңа пәтерлердің кілті салтанатты түрде табыс етілді. Игі шараға облыс әкімі Бердібек Сапарбаев арнайы қатысып, тұрғындардың қуанышымен бөлісті.

«Бәйтерек» ықшамауданында бой көтерген 6 үйдің әрқайсысы 15 пәтерге шақталған. Үйдің сапасы да, көркі де көз тартады. 90 пәтерлі тұрғын үйлер қаланың сәулетін арттырып, дәулетін молайтып қана қоймай, сонымен қатар ұзақ жылдар бойы баспанаға мұқтаж болып келген азаматтарды бақыт шамына бөледі. Мереке қарсаңында 15 көпбалалы, аз қамтылған және мүмкіндігі шектеулі отбасыға салтанатты түрде жаңа пәтерлердің кілті табысталды.
– Әрбір адам үшін, отбасы үшін ең негізгісі, ол – баспана. Біздің мемлекетіміздің, Мемлекет басшысының жүргізіп отырған саясаты алдымен қазақстандықтарды тезірек пәтермен қамтамасыз етуге бағытталған. Әрине барлығы бірдей шешіліп кетеді деп кесіп айтуға болмас. Облысымызда кезекте тұрған отыз мыңнан астам отбасы бар, оның ішінде жиырма мыңнан астамы осы қалада. Біз Мемлекет басшысының берген тапсырмаларына сәйкес, бірінші кезекте көпбалалы, аз қамтылған, мүмкіндігі шектеулі жандарды пәтерлермен қамтамасыз етуіміз керек. Біз барлық мүмкіндіктерді пайдаланып, жылда берілетін пәтерлердің санын көбейту мақсатында жұмыс істеп жатырмыз. Биыл қаладағы жоспар бойынша 27 үй бітуі керек. Бұл үйлерде 2300-ге жуық пәтер болады. Бүгінгі қоныстой – үлкен мерекенің алдындағы қуаныш, жергілікті биліктің тартуы. Берілетін 6 үйдің әрқайсысы 15 пәтерден. Негізінен 2-3 бөлмелі пәтерлер. Біз тек мемлекеттің ғана емес, кәсіпкерлердің, кәсіпорындардың да мүмкіншіліктерін пайдаланып, бой көтеретін үйлерді көбейтуді мақсат етіп отырмыз. Өңірімізде былтырдан басталған «Асарлатып үй салу» деген жобамыз бар. Сол бойынша өткен жылы 99 пәтер бердік, биыл ол көрсеткішті жүзден асыруды көздеп отырмыз. Одан кейін «Шаңырақ», «Бақытты отбасы» деген бағдарламаларды тиімді пайдалануымыз керек. Облыс басшылығы атынан осы үйлерді тез арада сапалы салып берген «Бином» компаниясына үлкен рақмет. Мереке аясындағы қуаныштарыңыз құтты болсын. Біздің елордамыз – ең бірінші ұлтымыздың, екінші мемлекетіміздің абыройы. Сондықтан әрбір шаңырақта балалардың күлкісі көп болсын, – деген облыс басшысы Бердібек Машбекұлы тұрғындарға қауіпті індет кезінде қауіпсіздікті сақтап, карантиндік талаптарды қаперден шығармауды ескертті.
Қаздай тізілген еңселі үйлердің мердігері «Бином» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің құрыш қолды құрылысшылары қысқа мерзімде аяқтап, ел игілігіне ұсынып, елорда күні қарсаңында көпшіліктің қуанышын еселеп тастады. Ал өз үйін өзеуреп күткен тұрғындар ағынан жарылып, алғыс жаудырды.
– Сіздерді елорда күнімен шын жүректен құттықтаймын! Көпбалалы ана ретінде үй кезегінде тұрып, бүгін баспаналы болып жатырмын. Өте қуаныштымын. Отбасымның атынан мемлекет басшыларына, облыс әкіміне алғыс айтамын. Денсаулықтарыңыз мықты, еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын. Бүгін мен үшін бақытты күн. Халықтың осындай жаңа үйлермен қамтылуы ең алдымен мемлекет саясатының кемеңгерлігін дәлелдейді. Өзім секілді баспаналы болып отырған барлық отбасылардың қуанышына ортақпын. Еліміздің, халқымыздың осындай қуаныштары көп болғай, – деді көпбалалы ана Жанар Абитова.

Салтанатты рәсімнен кейін облыс әкімі бастаған атқамінерлер жаңа пәтерлерді аралап шығып, әрбір жанұяға игі тілек, жылы лебіздерін жеткізді.

Нұржан Қадірәлі

Leave A Reply

Your email address will not be published.