Облыстық әкімдікте

Кооператив – ауыл тұрмысын түзеудің таптырмас тәсілі

Written by Aray2005

Ауыл тұрғындары ауладан шықпай ақша таба алады. Бұл мақсатта Жамбыл облысында елді мекендерден мал өнімдерін, бақша дақылдарын жинап, кәсіпорындарға өткізуді ұйымдастыратын ауыл шаруашылығы кооперативтерінің тиімділігі мол болып тұр. Облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің төрағалығымен өткен жиында осы мәселе жан-жақты қаралып, сала мамандары мен аудан әкімдері бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыстардың есебін берді.
Бүгінгі таңда Жамбыл облысында 153 елдімекен бар. Ондағы қоныстанған азаматтар облыс халқының 63 пайызын құрайды. Ауылдықтардың әл-ауқатын арттыру мен ауыл тұрмысын түзеудің таптырмас тәсілі– агроқұрылым дейді мамандар. Дегенмен, кооператив құру оның негізін қалайтын бірнеше шаруа қожалықты жарылқау деген сөз емес. Кез-келген ауыл азаматы сүт, ет немесе бақша дақылдарын белгіленген бағада өткізе алады.
2017 жылы облыс бойынша 22 ауыл шаруашылығы кооперативі жұмыс істесе, былтыр бұл көрсеткіш 55-ке өскен. Соған сай, өндірілген өнім көлемі де еселеп артқаны байқалады. Ал, биыл 98 ауылдық округте 101 кооператив құрылады деп жоспарланып отыр. Жоспар жүзеге асса, ірі тауарөндірушілерге де тиімді болады. Ет, сүт өнімдерін шығарып отырған кәсіпорындар шикізатты әр қожалықтан жинап жүрмейді, кооперативпен келісімге отырып, бір жерден, әрі молынан алады.
Жиын барысында ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы бастамаға байлау болған мәселелерді жіпке тізді. Сондай-ақ, ауыл азаматтарымен тікелей жұмыс жүргізбейтін агроқұрылымдарды атады. Бұл бағыттағы жұмыстарды жүзеге асыру үшін ауыл, аудан басшыларына қатаң талап қойылады, – деді облыс әкімі. Олар әр елдімекенге барып, ауыл азаматтарынан сауалнама жүргізулері керек. Нәтижесінде, кәсіпорынға өткізетін шикізат көлемі де белгілі болмақ.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі

ПІКІР