"Сырғалым"

Көп бала көгергенімізге жақсы

Өткен күндердің өнегесіне зер салсақ, бір шаңырақтың ғана емес, тұтас елдің берекесін келтіріп, несібесін тасытқан асыл аналарымыз аз болмаған. Бүгінгі қоғамда да оннан аса ұрпақ сүйіп отырған алтын құрсақты батыр аналарымыз баршылық. Соның бірі – Жамбыл ауданындағы Ерназар ауылының тұрғыны Жадыракүл Жұмабаева.

14 құрсақ көтерген батыр ана Жадыракүл Жұмабайқызы 1928 жылы Жамбыл ауданының Өрнек ауылында дүниеге келген. 1947 жылы өмірлік серігі Қалдыбай Дінбаевпен жұбын жарастырып, Ерназар ауылына келін болып түседі.

– Әкем мен анам бұл жалғаннан ерте қайтты. Мен бауырларыммен апамыздың қолында тұрдым. Ал, бойжеткен кезім сұрапыл соғыс жылдарымен тұспа-тұс келді. Содан апам үйдегі қыздарды сыртқа шығармай: «Асыққан шайтанның ісі», «Асықпаған арбамен қоянға жетеді» деген. Тұрмысқа шығуға асықпаңдар, қарақтарым. «Бұйырған кетпейді, жүгірген жетпейді» демекші, бұйырғаны болар. Соғыс біткен соң, тіпті шалға болса да тиерсіңдер» деп немерелерін қатаң тыйып отыратын. Расымен де, ол кезде ауылдағы еркек атаулыны майданға әкетіп жатқан шақ қой. Елді мекенде тек әйелдер, жас балалар мен кемпір-шалдар ғана қалған. Соғыс аяқталғаннан кейін болашақ жарым Қалдыбай жанына сол кездегі колхоз бастығы Сайгелдіні ертіп, маған құда түсіп келді. Содан несін айтасың, Қалдыбайдың етегінен ұстап, ұзатылып кете бардық. Шаңырақ көтергенде жолдасымның бір ғана өтініші болды. Ол — қолымыздағы анасына, балаларымызға жақсы қарау еді. Құдайға шүкір қандай қиын кезең болса да, 14 перзент сүйіп, барлығын жетілдірдік, – дейді кейуана.

Қалдыбай ақсақал өнегелі өмірінің 41 жылын ұстаздық салаға арнаған. Мектеп табалдырығын аттаған оқушыларды білім нәрімен сусындатып, қазақ тілінен сабақ беріп, тынбай еңбек еткен. Зейнетке шыққан соң да оқу маусымын озат аяқтаған балаларға зейнетақысынан бөліп беріп, жастарды білім алуға құлшындырып отырған.

Осылайша, бүкіл ғұмырын ұстаздықпен өткізген Қалдыбай Дінбаев осыдан 5 жыл бұрын 90 жасында өмірден өтті. Белгілі қоғам қайраткері Өмірбек Байгелдіге ұстаз болған Қалдыбай атаның ұлағатын шәкірттері мұндаға дейін аңыз етіп айтады.

Ал, басынан ақ орамалын тастамайтын Жадыракүл анамен жүздескенімізде жүзінен мейірімі, сөзінен шуақ төгіліп тұрды. Көргені көп қазыналы қарт: «Шүкір, қазір тоқсан жасқа келіп отырмын. Бүгінге дейін ауырып, дәрігерге қаралып көрмеппін. Бұл да Алланың нығметі. Соңғы кезде тізелерімнің сыздап жүргені болмаса, жалпы жағдайым жақсы», – деп бізді өмірге деген құштарлығымен таңғалдырды.
Бауырына біткен 14 перзенттің қазіргі күні 12-сі жанында аман-есен жүр. Олар бір-бір үйдің отағасы, отанасы. Ұлын ұяға, қызын қияға қондырған Жадыракүл әже балаларының тілеуін тілеп, 44 немере мен 51 шөберенің қызығын қызықтап отыр. Бүгінде балалары Қарағанды, Алматы, Астана қалаларында, өзге де өңірлерде әралуан қызмет атқаруда.
Кейіпкеріміз кейінгі жастардың дер кезінде үйленіп, бала сүюге асықпайтындығына іші қынжылатынын жасырмады.

– Мен 14 баланың тек 4-еуін ғана перзентханада босанған шығармын. Қалғандарын үйде дүниеге әкелдім. Одан кейін де ауруханаға жатпаппын. Балаларды да жатқызбадық. Сәл ауырып қалса қойдың майымен сылап-сипап, білген ем-домымызды жасайтынбыз. Ал, қазіргі жастардың туатыны тек 1-2 бала ғана. Соның өзінде денсаулығына жөндеп қарай алмай ма, әлде басқа кесір-кесапаттың әсері ме, әйтеуір жыл он екі айдың жартысын ауруханада өткізеді. Егер әр әйел сау баланы дүниеге әкелгісі келсе, бойында қуаты бар кезде тұрмысқа шығуы қажет. Сонда ғана көп бала сүйіп, берекеге кенеле алады. Көп бала көгергенімізге жақсы емес пе?! – дейді Жадыракүл әжей.

Кейуана қолындағы келініне де көрген-білгенін үйретуден жалыққан емес. Ал, келіні Мереке әжейдің тұнып тұрған мектеп екенін айтады.
– Атамыз бен апамыз көпті көрген асыл жандар. Бұл кісілердің шаңырағына келін болып түскеніме 26 жыл болды. Ақылын айтып, кеңесін беріп отырады. Біз жұмысқа кетсек, немерелеріне қарап, қазақы әдет-ғұрып, тәрбиемен сусындатумен болады. Өзім 50-ге келсем де, әлі күнге дейін енемнен ақыл-кеңес сұрап, балаша еркелеймін, – дейді Мереке Арынбаева.

Нұрлы жүзіне ақ жаулығы жарасқан Жадыракүл апаның көңілі кең, жүрегі жұмсақ, сөзі қасиетті адам екенін байқадық. Ғасырға жуық ғұмыр кешсе де қимылы ширақ, қалжыңмен қағытып отырғанды жаны қалайды.

Қалдыбай Дінбаев пен Жадыракүл Жұмабаеваның шаңырағын бүгінде мәуелі бәйтерек десек болатындай. Әр мейрам сайын гүл шоқтарымен құттықтап келетін ұрпағын Жадыракүл әже Аллаға тәубесін айтып, мейірім шуағымен қарсы алады.
Лайым, ғұмыры ғибратқа толы аналарымыз жасай берсін!

Айжан Өзбекова

ПІКІР